Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Алғашында аздаған күмәнмен қарадық. Өйткені бұрын-соңды Құрманғазыда «Қарасай» деген күй бар дегенді естігеніміз жоқ. Естігеніміз – «Қарасай» халық күйі. Шыныбек, Меңдігерей дегендер кім? Ақын Қиса Көпжанұлын домбырашы болды деп айтады. Бірақ күйі бар демеуші еді. Төлекенің аты да сирек айтылады. Сонда ол қай жерде өмір сүрген? Ендеше, тал бойына осындай адам білмес адамдардың шығармаларын жиып-терген Нұрмұхамбетіңіздің өзі кім?
Міне, осындай сұрақтардың шешуін табу үшін аталған күйшіні іздей бастадық. Жүрген жерімізде құлақ түріп, сұрау салдық. Сөйтсек біз іздеген дарабоз ат арытар алыста емес, мына тұрған Таңдайда (бұрынғы «Бақсай» кеңшары) шопанның ақ таяғын ұстап, зейнеткер атанған қара шаруа екен, 2010 жылы бақилық ғұмыр кешіпті. Бірақ қарапайым еңбек адамы болса да жеке өзінің, тіпті, әкесі, ата-бабаларының қоғамдағы, сондай-ақ өнердегі орындары ерекше, өнегелі жандар екен.
Ең алдымен, Нұрмұхамбет (лақап аты Нұрмаш) арғы жағын қайдам, соңғы 4-5 аталарынан бері шанақ бетін шаңдатып, қос ішектен құйын өргізген атақты домбырашылар. Соның ең басында Шыныбек күйші тұрады. Оның туып-өскен жері – Ақтөбенің Қобдасы. Махаббат машақатымен із жасырып, Жайық бойына келіп, қырға шығып, құм жағалап, ақыры тұрақтап қалған-ды. Өзі жас кезінде ат баптап, жиын-тойда бәйге басынан көрінсе, балуандар белдесуінде арқасы жерге тимеген ол домбыра тартуда да мерейі үстем болыпты. Осылайша ортасында ылғи да жекпе-жекпен күй кешкен Шыныбектің артында қалған «Жекпе-жек» күйі біздің заманымызға жетті.
Өзінің еті тірі, алғырлығымен халі де, малы да айта қаларлықтай Бәпидің де (кейін ел Бәпіл атап кеткен) күйдегі үлесі мол. Одан туған Әшен де – өнердің өрен жүйрігі. Бірде Сағырбайдың Құрманғазысы Жылой беттен елге оралып келе жатып, Қаройдың Жарқыншағында отырған Әшен ауылына соғады. Дәл сол сәтте отағасы үйде болмай, зайыбы Ажар күн кешкіріп қалса да күйеуінің орнын жоқтатпай, сол бойда мал сойып, қазан көтереді. Қонақ жалғыз отырмасын деп ауылдың үш-төрт қариясын алдырып, орта толтырады, әңгіме-дүкен құрғызады.
Шай ішіліп, ет те желінеді. Одан әрі қонақтар аз-мұз әңгіме өрбітеді. Содан соң Құрекең қолына домбырасын алып, күй жебейді. Осы кезде бойындағы өнердің оты, жастықтың шоғымен қыр асып, қыдырып кеткен отағасы да отауына оралады.
Үй сыртындағы ағашта бейтаныс бөтен аттар байлаулы. Екі-үшеуін танып еді. Мына біреу қалбаң құлақ кер аттың тізгіні тартылып, тоқымы алыныпты. Соған қарағанда суып тұрған жайы бар. Тер-жүнінің қатпарланып, іші-бауырының жаранғанына қарағанда қашықтан қара көрсеткен жануарға ұқсайды. Осылай деп ой түйген отағасы отауына беттеді.
Шаңырағынан шалқып-төгілген күй еседі. Құлақ түріп еді, домбыра дыбысы бұнікі емес, қағысы да дағдылы үннен басқаша, арынды, асқақ. Сонда кім? Бөкейлікте Құрманғазы деген домбыраның дәулескері бар деуші еді. Мына қағыс маңайдағы жүйріктердің шабысына келмейді. Осындай ой кешкен Әшен өз табалдырығын имене аттады.
Сөйтсе, шаршы төрде елуді еңсеріп тастаған еңгезердей ақсары қария домбыра шертіп отыр. Анау-мынау емес, көсіктей қолымен күреп шалады, орап соғады.
Бұл дауысын шығарып сәлемдесті. Сол сәтте күй шалып отырған қонақ басын көтеріп, қолындағы домбырасын қабырғаға сүйеді. Содан соң дауысын шығара амандасты. Осы кезде күйші қасында отырған қырма сақалдың бірі қонаққа Әшенді таныстырып, «Бұл осы үйдің иесі Әшен деген болады» деп еді, Құрманғазы бірден әңгімеге көшіп «Мал-жаның аман ба, қарағым? Орын-жайың құтты, төрің қонақты, бірлік-берекең ұзағынан болсын, Әшен! Мен – алыс жолдан жалғыз-жалпы ат арытып, тұяқ тоздырған жолаушымын. Әңгімені әлі жалғастырамыз ғой. Мен сенің кереге басындағы домбыраңды көріп, қолыма алдым. Үнінен үйлесім көрдім. Соған қарағанда өзің де бұл өнерден құралақан емес сияқтысың. Кәне, өз қолыңнан тыңдап көрейін, толғашы» деді.
Әуелгіде Әшен тіксініп қалды. «Жаман үйді қонағы билейді» деп, әңгімені өзінен бастап, иесіз домбыраға қол артқанына кешірім сұрау да жоқ, күй тартшы дейді. Не істесем екен? Әйтсе де ауыл арасы емес, алыстан келемін деді ғой. Не де болса, ыңғайына көшіп, өтінішін орындайын» деп, төрт-бес күйді түйдектеп бір қайырды да, «енді қонақкәде сізден болсын», деді.
Үні қатқылдау шықты. Бірақ оған құлақ асқан Құрманғазы жоқ, қолына өз домбырасын алды. Содан соң Әшенге қарап «Жарайсың, қолың жүйрік екен. Аспабың да сөйлеп тұр» деп домбырасын қағып-қағып жібереді. Әрі-бері күй шақырды. Содан соң бұрын естімеген жаңа күйдің әуенін бастап кетті. Жай, баппен орындалатын шығарманың өн бойында баланың күлкісі, ананың бақыты, мөлдір аспан, шуақты күн сәулесі нұрын төгетін сияқты. Күй аяқталғанда Әшен қонақтың бетіне қарап, сұрақты күйде отырды да «Айыпқа бұйырмаңыз, біз сізді әлі дұрыс танымаймыз. Бірақ домбыра қағысыңызға қарағанда, бөкейлік күйші екеніңізді аңғардық. Ендеше, кім боласыз, қайдан келесіз, қайда барасыз?» деді.
– Ол рас, біз әлі танысып үлгерген жоқпыз. Мен былайша айтқанда сіздің ауылға құдайы қонақпын. Атым – Құрманғазы, топырағым, тумысым – өзің айтқан бөкейлік. Әйтсе де аяқ жүруге, көз көруге арналған ғой. Қазіргі қонысым орыс жері – Астрахан бетте. Ол жаққа қоныс аударғаныма да көп бола қойған жоқ. Бәрі де тағдырдың айдауы емес пе? Елді сағынып, бері қарай шығып кетіп едім. Әуелі атажұртымда болып, одан қайын жұрт, Жайық өтіп, Жемдегі кәрі нағашыларыма бардым. Түрмесінің дәмін көп татқан Текеге де соқтым. Енді елге беттеп келе жатқан жайым бар.
Дәм айдап, араларыңызға келіп қалдым. Ауыл шетіне келіп, ат суытып, жүрек жалғар үй сұрағанымда, біреулер арқама асқан домбырамды көрді ме, әлде бұйырмыс па, «Әне бір үй – Әшендікі, өзі – күйші, қонақжай» деп сіздерге жұмсады. Аллаға шүкір, Ажар да – Құдайға қараған келін екен, «отағасы жоқ еді» деп, теріс айналған ештеңесі жоқ, көрпесін салып төрге оздырды. Қымызын ұсынып, дәм татқызды. Мына ауылдастарың келіп, орта толтырғанша әңгіме өрбіттік, бала-шаға, отбасыңнан хабардар болдым.
Шырағым, төрің кең, жүректерің ашық жандар екенсіңдер. Мұндай құрметті кез келген жерден көре алмайсың ғой. Шын риза болдым. Жаңағы орындаған жаңа күйім де сол құрметтің хиуазы. Келіннен білгенімдей, бауырларыңа ерген Орақ, Мамай есімді екі ұлдарың бар екен. Қыз – көрік және өріс, ұл – ұлтан емес пе? Ұлтаның мықты болсын. Менің тілегім – сол қос ұлыңның артынан тағы бірі ілесіп, қара өсіп, үшеу болсын. Оның аты Қарасай аталса деймін. Сонда Орақ, Мамай, Қарасай батырлар сенің қорғаның ғой. Күйімнің де аты – Қарасай, – деді күйші Құрманғазы.
Мынандай жақсы тілек үй иелерімен қоса, қонақтарды да қуантты.
– Иә, естуіміз бар. Құрманғазы деген атыңыз да таныс. Қош келдіңіз, ертең арнайы қонақасыңыз болады. Бүгінгіңіз, алыстан шаршап, шалдығып келген солығыңызды басуыңыз, атыңыздың да аяғы суысын, – деп Әшен де, ауылдастары да Құрекеңе қолқа салады. Осылайша ол шектілер ауылында тағы да бір-екі күн жатып, күй тартты, арғы-бергіден көргенін айтып, көңіл көтерді. Соңында бейтаныс ортаны қимай қоштасты.
Айтқанындай артынан Әшен күйшінің бәйбішесі – Ажар жүкті болып, тағы да бір ұл тапты. Атын Құрманғазы есімді Құдайы қонақтың өтініші бойынша Қарасай атады.
Әшенде бұлардан басқа да ұлдар бар. Солардың бірі оның екінші әйелі – Шәйімнен туған Меңдігерей. Ол да әуелден күй үшін туған дүлей-ді. Қолына домбыраны екі жасында алып, немере туысы (екеуі құрдас) Батыс Алашорданың ірі өкілі Қаратілеуов Сәлімгереймен Жымпиты, Ойыл, Орынбордағы күндерін бірге өткізді. Сәлімгерей де домбырашы еді. Бірақ Меңдігерейдің күй өнеріндегі шеберлігін ылғи да мойындайтын. Тіпті Жанша, Халел, Аспандияр (Кенжин) және басқаларымен кездесіп қалғанда осы құрдасын ортаға алып, алқақотан күй тыңдайтын. Кейін олар басына іс түсіп, бүлікші алашордашылар атанғанда Орынборда кездесіп, Сәлімгерейдің үйіне жиналды. Кезіндегі қиын жағдайды талқылады. Өздерінің қолға алған істің ақтығы, туған халқының тәуелсіздігіне арналған ізгі ойдағы жұмыс екеніне сенді. Бұл ісімізді дәл қазір алға апара алмасақ та кейінгі ұрпақ жалғастырады, соған сенеміз деген сөз айтылды.
Осы кезде аталған оңды іске өзі бел шешіп араласпаса да, алашордашылардың ылғи ортасында жүріп, жүрегімен сезінген Меңдігерей қолына домбыра алып, тарқар күйін тартады. Жігерге толы, арындап, асқақ орындалатын жаңа шығармаға елең еткен Сәлімгерей әп дегеннен үн қосып, «Мынауың мен естімеген күй ғой, аты қандай?» дейді құрдасына.
– «Аманат», – дейді Меңдігерей.
– «Аманат»... Жоқ, бұл Алаштың аманаты ғой.
– Дәл солай.
– Ендеше, бұл күй өлмесін. Өйткені бұл осы арада отырған тек біздің ғана емес, күллі Алаштың аманаты ғой, – деді Сәлімгерей.
Бұл пікірді басқалары да қолдады. Кейін жаңа саясат Алаш басындағылар ғана емес, оған ниеттестердің артына шам алып түскенде, «Аманат» күйінің авторы Меңдігерей, оның ағайындары да қара тізімге ілікті. Сәлімгерей Қаратілеуов, Халел мен Жанша, Аспандияр Кенжин де атылып кетті. Ал Меңдігерей біраз уақыт Орынборда болса, артынан Орал, Гурьев, Елтай, Таңдайда бұқпантайлап күн кешті. 1944 жылдың сақылдаған сары аязды күндердің бірінде Таңдайға қарасты Бәшенқұл қауымы мекенінде отырған Қарасайдың үйіне келді. Әңгімені әріге созбай, жастайынан алдына жайғастырып, күй тыңдатқан Нұрмашты шақырып алды да «Балам, домбыра тартшы?» деді. Нұрмашта қарсылық жоқ, білгенін желдіртті. Біразы әкесінен, қалғаны сол Меңдігерейдің өзінен үйренген шығармалар. Сол баяғы «Жекпе-жек», «Сары алқа», «Қара жорға»...
– Жақсы, балам! Өте жақсы. Енді саған мен тағы бір күй үйретейін, тыңда, – деп домбырасын қолға алды. Содан соң өзінің «Аманатын» шерте бастады. Бір рет, одан соң екінші рет орындады. Үшіншіге көшкенде Нұрмаш: «Аға, мына күйіңізді енді мен орындайыншы», деді.
– Қалай?
– Бұл күйді сіз бұрын да орындап жүрсіз ғой. Бірақ ешуақытта атын айтқан емессіз. Мен сол кезде-ақ үйреніп алғанмын, – деп еді.
– Дұрыс айтасың. Мен оның атын ешкімге айтқан емеспін. Енді сен оны үйреніп ал. Күні туып, кезі келгенде орындарсың. Күйдің аты – «Аманат». Осы күй үшін мен біраз қуғын көрдім. Әлі де қуғындамын. Әйтсе де сен оны ұмытпа, – деп күй тарихын айтып берді.
Аттанарда Қарасай інісіне қарап «Сен мына баланы сақта. Қолы шебер, талабы бар ұл ғой. Қара жұмысқа салып, киелі өнерден алшақтатпа. Өнерлі баланы қор қылма» деп тапсырды. Содан соң көп кідірмей жүріп кетті. Артынша оның «Жалғансай деген жерде кенеттен қайтыс болды» деген хабары жетті.
Әйтсе де Алашорданың лаңы Шыныбектен тараған ұрпақты айналып өтпей, өткен ғасырдың 60-70-жылдарына дейін бой жазып, еркін көсілуіне мүмкіндік бермеді. Бар-жоғы төрт сыныптық білімі бар Нұрмаш (Нұрмұхамбет) әкесіне көмекші болып, шопан атанды. Елуінші жылдардың ортасындағы өнерге деген жаңаша бетбұрыс оны да өрістен оралтып, сахна төріне шығарды. Меңдігерей ағасынан үйренген талай шығарманы халыққа танытты. Тіпті 1957 жылы облыс орталығында өткен өнер фестивалінде Ахмет Жұбанов пен Нұрғиса Тілендиев алдында әңгіме басында сөз еткен күйлерді орындап береді. Тағы да алпыстан астам күйді білетінін айтады. Бұл академикті қатты ойландырады. «Ой, шырағым, сен бізге керексің. Алматыға жүр, арнаулы білім алып, шеберлігіңнің жетілуіне көмектесеміз. Бізге керегі – сенің жалпы білімің емес, шеберлігің, өнерің. Дина шешеңде бір кластық білім жоқ. Бірақ қазір ол – халқымыздың ұлы күйшісі» дейді академик.
Осы кезде Нұрмаштың есіне өзінің ұстазы Меңдігерей Әшенов жөніндегі әкесі айтатын мына бір әңгіме оралыпты. Ол жастау кезінде Жайық бойында, құмда өтетін түрлі тойда күй тартып, сайыстарға түсіпті. Сондай сәтте Дина шешеймен де талай рет кездессе керек. Меңдігерейдің шеберлігіне риза болған күйші ана «Маған Меңдігерейдің майсаң қағысы ұнайды. Шебер-ақ, шебер!» деп ризалық сезім білдірген екен. Кейін Қаршыға Ахмедияровта да кейде сол қағыс қылаң береді.
Нұрмаш Ахмет Жұбановтың жоғарыдағы ұсынысын қуанышпен қабылдап, ауылдағы әкесіне жеткізеді. Әйтсе де Сәлімгерейден аузы күйіп, Меңдігерейден қорқып қалған Қарасай қария «Балам, Алашорда арыстары әлі ақталған жоқ. Атыңды шығарамын деп жүргенде арандап, сөзге шатыларсың. Одан да тыныш жүріп, қой баққаныңнан артығы жоқ» деп рұқсатын бермепті.
Бірақ Меңдігерейдің «Аманаты» өлген жоқ. Оған тоқсаныншы жылдардың басында тәуелсіздік таңы атып, еліміз еңсе көтергені себеп болды. Шекті Шыныбек күйшінің ұрпағы (Қаратілеуден өрбіген), күні кеше арамыздан өткен халқымыздың ғажайып күйшісі Қаршыға Ахмедияров ұстазы Нұрғиса Тілендиевке барып отырса, ол шәкіртіне Гурьевте 500 адамдық халық аспаптары оркестрінің қалай сахнаға шыққаны, ауыл өнерпаздары жайлы әңгімелеп, «Сол кезде Ахас екеуміз Есбол ауданынан келген Нұрмұхамбет Қарасаев деген жас жігітпен кездесіп, көп ешкім біле бермейтін талай күйді естіп едік. Сол бойда оны Алматыға шақырғанбыз, оқуына келіскенбіз. Бірақ неге екенін білмеймін, оның бұл жаққа жолы түспеді» депті. Сол сәтте Қаршекең жерден жеті қоян тапқандай «Нұреке-ау, ол менің ең жақын туысым емес пе? Әлі бар, шаруашылықта ұзақ жыл шопан болды. Қазір зейнеткер» дейді.
– Ендеше, сол ағаңды тап, ол білетін күйлерді жазып ал, – деп тапсырады Нұрғиса.
Қаршыға Ахмедияров 1994 жылы туған ауылына оралып, атажұртын аралайды. Әке-шешесі, ата-бабаларының әруағына зиярат етеді. Туғандарына сәлем береді. Соның бірі – кеңес дәуірінде күркіреген шопан атанып, тәуелсіздік жылдарында қу таяғын ұстап қалған зейнеткер ағасы Нұрмұхамбет төрге төсегін салып, ерте туған бір марқасын шалып, құшақ жайып қарсы алды.
Әңгімені інісі бастады. «Аға, сіздің домбыра тартатыныңызды, қолыңыздың әжептәуір желі бар екенін білемін. Қой бағамын деп көп бәйгеден құр қалдыңыз. Сіздің өнерге деген жүрегіңіз ақ қой. Өнерді бәрінен де жоғары қоясыз. Шыныбек әулетіндегі көзі тірі күйшінің үлкені өзіңізді ұстаз санаймыз. Сіз өмірде өзіңізді Меңдігерейдің шәкіртімін дейсіз. Әкеңіз Қарасай да күйші еді ғой. Солардан сізде не қалды? Менің ұстазым Нұрғиса Тілендиев жақында маған: «Сол ағаңда көп нәрсе бар. Кейбір күйлеріндегі қағыстарды өз шығармаларымда пайдаланғанымды жасырмаймын» деп мені сізге әдейі жұмсады» дейді.
Нұрмұхамбет алғашында толқыды. Жанарына жас үйірілді. Содан соң сөз сабақтап, «Өзің білесің, менің айналамның бәрі – күйші. Бірақ солардың қайсысынан да жоғары тұратыны Меңдігерей ағам-ды. Әкем «ол домбыраны қолына екі, сен төрт жасыңда алдың. Сенің күйдегі ұстазың Меңкең» деп. Әйтсе де ол менің жанымда ертелі-кеш отырып, ақыл берген жоқ. Дегенмен алдында отырып, талай күйді толғадым. Қолына қарап, қағысын үйрендім. Сол мектеп мені өмір бойы күйге ғашық, жұрт алдында асық етті. Білгенімді орындадым. Онымды тыңдармандарым әрдайым жылы қабылдады.
Дегенмен менде жарты ғасырдан бері келе жатқан ұлы арман, өшпес өсиет бар. Бұл – Меңдігерей ағамның өлер алдында әдейілеп тапсырған «Аманат» күйі. Бұл – арасында Сәлімгерей ағам да бар алашордашылардың өсиеті, кейінгілерге аманаты. Оны ұстазым: «Нұрмаш, бұл күйді ұмытпа! Ұдайы орындап жүр», деуші еді. Солай істедім, бірақ топ алдында атын атап, шерте алмадым. Енді оның күні туды-ау, деп ойлаймын. Сен соны үйреніп ал да, үлкен топқа жеткізші» деді.
Қаршығаның күткені осы еді. Ағасының орындауындағы әлгі күйді үнтаспаға жазып, кейін нотаға түсірді. Оны Махамбет аудандық мәдениет бөлімі мен З.Есжанова атындағы балалар саз мектебіне беріп, оқу бағдарламасына енгізуге көмектесті. Д.Нұрпейісова атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрінің сол кездегі бас дирижері және көркемдік жетекшісі Орақ Жауыровтың оркестрге бейімдеуінде З.Есжанова атындағы саз мектебі оркестрінің орындауында өнер сүйер қауымға жетті. Қаршығаның өз қолтаңбасымен «Қазақтың 1000 күйі» антологиясына, профессор К.Сахарбаеваның «Күй-ғұмыр» кітабына енді. Осылайша, Алаш қайраткерлерінің бір аманаты саналған Меңдігерейдің «Аманат» күйі өз тыңдаушыларын тауып, тарихта қалды.
Өнер – өмірде көріп-білу, тәжірибемен қалыптасумен бірге әу баста қанмен берілетін қасиетті жетістік. Бірақ оны дер кезінде танып, дамыта білу керек. Шыныбек әулетінде күйшілік дәстүр өркен жайды. Олар өнердің өзге түрінен де құралақан емес. Мәселен, Атырау өңірінде айтыскерлік шеберлікті қайтадан өрістетіп жүрген Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жәниба Қарасаеваның орны ерекше. Ол өлеңмен бірге қара сөзден маржан теруде көп еңбек сіңірді. Бірнеше кітабы жарық көрді. Облыстық, республикалық басылымдарда қоғамдағы түйткіл мәселелерді батыл да еркін қозғап, руханияттың кейбір жайтты ашық айтып жүр. Осы мақаланы жазуда Жәнибамен қайта-қайта әңгімелестік, көп жайтқа қанық болдық. Соның бәрінде ол Нұрмұхамбет ағасының «өнерде жарқырап көріне алмадым-ау» деген арманы болғанын тілге тиек етті.
Қазақтың қоңыр домбырасының шанағынан шалқыған күй төгіле берсе екен...
Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі
Атырау облысы