Экономика • 12 Желтоқсан, 2013

Статистика: цифрлар мен фактілер

541 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әйел теңдігінің өркениетті жолы – гендерлік саясаттың статистикалық деректері

«Гендерлік теңдіктің маңызы зор, сонымен бірге ол экономикаға қисынды тәсілді білдіреді. Әйелдер мен қыздар үшін мүмкіндіктер және қолайлы тұрмыс жағдайын тудыратын елдер өндірісті дамыту, балалардың жағдайын жақсарту, институттар өкілдіктерін жоғарылатуға қол жеткізеді және жалпы қоғамның даму келешегіне пайдалы ықпал етеді», – делінген 2012 жылғы әлемдік даму туралы Дүниежүзілік банктің «Гендерлік теңдік және даму» атты баяндамасында.

Әйел теңдігінің өркениетті жолы – гендерлік саясаттың статистикалық деректері

«Гендерлік теңдіктің маңызы зор, сонымен бірге ол экономикаға қисынды тәсілді білдіреді. Әйелдер мен қыздар үшін мүмкіндіктер және қолайлы тұрмыс жағдайын тудыратын елдер өндірісті дамыту, балалардың жағдайын жақсарту, институттар өкілдіктерін жоғарылатуға қол жеткізеді және жалпы қоғамның даму келешегіне пайдалы ықпал етеді», – делінген 2012 жылғы әлемдік даму туралы Дүниежүзілік банктің «Гендерлік теңдік және даму» атты баяндамасында.

Гендерлік теңдік саласында жалпыәлемдік үрдісті қарастыратын болсаңыз, қоғамда ерлер мен әйелдер арасында теңдікке және теңгерімділігіне қол жеткізу барлық елдер үшін басым міндеттердің бірі болып табылатындығын байқайсыз.

Жұмыспен қамту, өндірістік ресурстарға және мүліктік құқықтарға қолжетімділік сияқты әртүрлі тіршілік саласына әйелдердің қатысуын және мүмкін­діктерін кеңейтуге Қазақстанда да біршама күш-жігер жұмсалуда.

Статистикалық деректер арқылы еліміздегі гендерлік теңдіктің 2012 жылғы жағдайы бойынша бірқатар маңызды көрсеткіштеріне тоқталайық.

Республикада әйелдердің жалпы саны (8,7 млн.адам) ерлердің санынан (8,2 млн.адам) шамалы асады және 1000 ер адамға 1073 әйелден келеді. Дегенмен, соңғы жылдары жыл сайын туылатын ер балалардың саны қыз балалардың санынан артып түсіп отырғандығы көңіл аудартады (100 қыз балаға 105 ер баладан келеді). Халықтың жыныс-жас құрылымын қараған кезде (графикті қарау), тепе-теңсіздік 20-24 жастан асқаннан кейін басталатыны байқалады. Бұл жерде ерлердің саны едәуір төмендей түсетіндігін көреміз. Міне, осындай факторлар нәтижесінде қазіргі уақытта әйелдер арасында орташа жас 33-ті, ал ерлер арасында 30 жасты құрап отыр.

Республика халқының жыныс және жас бойынша құрылымы

01.01.2013ж., мың адам

Ал мұның негізгі себебіне тоқталсақ, бірқатар факторлар салдарынан (тәуекелшіл мінез-құлқы, жарақаттануды көп алуы, жол-көлік апаттары, қауіпті еңбек жағдайы және т.б.) ерлер өлімі (1000 адамға шаққанда 9,68) әйелдер арасындағы өлім-жітім (7,38) көрсеткішінен едәуір көп.

Дегенмен, соңғы уақыттары әйелдердің сырқат­танушылығының, соның ішінде, қатерлі ісік ауруы­мен (100 000 адамға шаққанда 203,8) және йод тапшылығы ауруымен (72,4) сырқаттанушылар санының өсуі ерекше алаңдаушылық туғызуда. Оның үстіне, АИТВ-инфекциясын жұқтырғандардың арасында жүкті әйелдердің үлесі (17%) өсу үстінде.

Білім алу саласында ұлдар мен қыздардың білім алуға мүмкіндігі тең қамтамасыз етілген, алайда жоғары және жоғары оқу орындардан кейінгі білім беру сатыларында қыздар саны жоғары және студенттердің (магистранттар мен докторанттардың) жалпы санынан жартысынан көбін құрайды.

Ал еңбек нарығына әйелдердің қатысу деңгейі яғни, экономикалық белсенділік деңгейінің (66,8%) ерлерге (77,2%) қарағанда көп айырмашылығы жоқ. Алайда, егер осы мәселені егжей-тегжейлі қарас­тыратын болсақ, кейбір салаларда дәстүрлі гендерленуді байқауға болады. Мәселен, жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлес салмағын өнеркәсіпте (67,7%), құрылыста (75,8%), көлікте (79,1%) ерлер, ал білім беру (72,1%), денсаулық сақтау (75,8%) қызметінде әйелдер (71,6%) құрайды.

Осы жұмысты таңдаудағы сегрегация жалақы көлеміндегі айырмашылықты туындатады. Мәселен,  әлеуметтік салалардағы жалақы өнеркәсіп және құрылысқа қарағанда әлдеқайда аз. Міне, сондықтан да қазіргі уақытта әйелдер мен ерлердің орташа жалақысының арақатынасы 70%-ды, құрайды. Сонымен қатар, жалақы мөлшерінің көлеміне мамандық таңдау ғана емес, сондай-ақ атқаратын лауазымның деңгейі де әсер ететінін атап өту қажет.

Ақылы және ақысыз жұмысты өлшеуге мүмкіндік беретін маңызды дереккөздердің бірі халықтың уақыт бюджетін пайдалануы болып табылады.

2012 жылы халықтың уақыт бюджетін пайдалануы

пайызбен

Мәселенің гендерлік қыры тұрғысынан бұл кес­теден байқайтынымыз, жағдай келесідей түрде көрсетілген: ерлермен салыстырғанда әйелдер көбірек уақытын ұйқыға (0,7%-ға) және уақыттың аз мөлшерін жұмысқа (4,8%-ға) жұмсайды. Бірақ, соған қарамастан әйелдерде бос уақыттың мөлшері аз (4,6%-ға). Өйткені, уақыттың көп бөлігін олар үй шаруашылығын жүргізуге жұмсайды (9,4%-ға).

Енді әйелдердің саяси және қоғамдық өмірге қаншалықты белсенді қатысатынын қарастырайық. Мәселен, әйелдердің мемлекеттік билік жүйесіне қатысуына келсек, 2013 жылдың 1 қаңтардағы жағдайы бойынша мемлекеттік қызметшілердің жалпы санының жартысынан көбін (56,2%-ын) әйелдер құрайды. Бірақ маңызды санаттарда, мысалы саяси лауазымдарда әйелдер үлесі әлі де төмен. 2012 жылы осы көрсеткіш 10,0%-ды құрады.

Қорыта келгенде айтарымыз, Қазақстанда өмірдің барлық саласына әйелдер мен ерлердің тепе-тең қатысуын қамтамасыз етуде және барлығы үшін тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер тудыратын мемлекеттік кепілдіктерді іске асыруда тиісті жұмыстар жүзеге асырылуда.

Әрине, әлі де шешілмеген мәселелер мен проблемалар бар, оларды шешу үшін тиісті заңдар қабылданып, стратегиялар мен гендерлік кемсітуді жою бойынша іс-шаралар жоспарлары әзірленуде. Алайда, олардың іске асырылуына мемлекеттік органдар ғана емес, сонымен қатар, азаматтық қоғамдастық та белсенді қатысса жөн болар еді.

Айдын АШУЕВ,

Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі төрағасының орынбасары.

Соңғы жаңалықтар