20 Сәуір, 2010

ЖАЛПЫМЕМЛЕКЕТТІК МҮДДЕ ЕСКЕРІЛУІ ТИІС

533 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Биылғы жылдың сәуір айының 23-і күні Қостанай облысынан шығып қалған депутаттың орнына Парламент Сенатының депутатын сайлау өтетін болады. Бұл саяси үдерістің ерекшелігі мен барысы жөнінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Хатшысы Бақыт МЕЛДЕШОВКЕ жолығып, білген едік. – Бақыт Сәрсенбайұлы, 23 сәуір­де өтетін сайлауға барлығы қан­ша кандидат ұсынылды? Олар­дың ішінде қаншасы үміткер ретінде тіркелді? – Сайлау заңнамасына сәйкес, Се­нат депутаттығына кандидаттар­ды мәслихаттар ұсынады. Бұған қоса, азаматтардың өзін-өзі ұсы­ну­ға құқы бар. Ал олар кандидат ре­тінде тіркелу үшін барлық мәс­ли­хаттар депутаттарының жалпы санының кемінде 10 пайызының қолдауына ие болуы тиіс. Орталық сайлау комиссиясы бекіткен Сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шара­лардың күнтізбелік жоспарына сәйкес, Қостанай облысынан Сенат депутаттығына кандидаттар ұсыну биылғы жылдың 12 ақпаны мен 22 наурызы аралығында жүрді. Ал тіркеу сәуірдің 2-сі күні аяқталды. Сайлауға екі кандидат тіркелді. Мәселен, Асқар Мұратов деген азамат өзін-өзі ұсыну тәртібімен, ал Жеңіс Нұрғалиев деген кандидатты Қостанай облыстық мәслихаты ұсынды. Қостанай облыстық сайлау комиссиясы бұл екі кандидатты да сәуірдің 1-і күні тіркеді. – Сайлауға дайындық барысы туралы не айтар едіңіз? – Бүгінде Сенат депутаттығына кандидаттардың екеуі де сай­лау­ал­ды үгіт-насихат жұмыстарын жүр­гі­зіп жатыр. Бұл үгіт-насихат жұ­мыстары күнтізбелік жоспарға сәй­кес, сәуірдің 21-і күні сағат 24.00-ге дейін жүретін болады. Канди­дат­тардың үгіт жүргізуіне тең жағдай жасалған. Мемлекет те үгіт-насихат жұмыстары үшін тең көлемде қар­жы бөліп отыр. Бұған қоса, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарына шығуға да қаржы қарастырылды. Бұл дұрыс. Себебі, депутатты сол өңірдегі азаматтар сайлайды ғой. Тағы бір атап өтерлігі, сайлауға түс­кен кандидат республикалық бұқа­ра­лық ақпарат құралдарына шығуға да толықтай құқылы. Алайда, мұн­дай жағдайда БАҚ-тың қызметі үшін төлемдерді үміткерлер өздері­нің сайлау қорлары есебінен жүргізеді. – Ал сайлауды ойдағыдай өт­кізуге жалпы қанша көлемде қаржы бөлінді? – Сайлауды өткізуге респуб­ли­калық бюджеттен 2 714 500 теңге бөлінген. – Түсінікті. Бұл шаралардың барлығы сайлауалды науқанды кең ауқымда ұйымдастыруға мүмкіндік береді дейсіз ғой. – Әрине. Сенат депутаттығына сайлау науқанын жүргізуге барлық мүмкіндік қарастырылған. Мә­селен, Қостанай облыстық сайлау комиссиясы, жергілікті мемлекеттік басқару органдары кандидаттарға сайлаушылармен, жергілікті халық­пен кездесулер өткізу үшін үй-жай­ларды шарт негізінде және тең жағ­дайда ұсынып отыр. Сол себепті, кандидаттар өз кезегінде бұл мүм­кіндіктерді өздерінің сайлауалды бағдарламаларының негізгі мазмұ­нын тек таңдаушыларға ғана емес, тұтас халыққа жеткізу үшін пайда­ла­нады ғой деп үміттенемін. Бұл ретте кандидаттың рейтингі, яғни оның сайлану мүмкіндігі сол аза­маттың өңірдегі беделіне де байланысты болады дер едім. – Сайлаудың қорытындылары қашан жарияланбақ? – Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың түпкілікті қорытынды­ла­рын биылғы жылдың 29 сәуірінен кешіктірмей шығарады. Ал мамыр­дың 2-сінен кешіктірмей БАҚ-та жариялайтын боламыз. Бұл жерде менің айтарым, ол – мәслихаттар депутаттарына үлкен жауапкершіліктің жүктелетіні. Себебі, екі үміткердің біреуіне дауыс беру кезінде алдымен жалпыме­м­ле­кет­тік мүддені басшылыққа алу керек. Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.