Пікір • 19 Қаңтар, 2021

Архивтік құжаттар алтын бастау бола алады

442 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы көпшіліктің көңілінен шығып, халықтың қолдауына ие болуда. Оның себебі түсінікті де. Президент өз мақаласында қазір халықтың көкейінде жүрген көптеген мәселені тап басып тауып, нақты шешу жолдарын ұсынған.

Архивтік құжаттар алтын бастау бола алады

Қ.Тоқаев мақаласында биыл тәу етер тәуелсіздігімізді алға­нымызға 30 жыл толатынын айта келе: «Тарих тұрғысынан ал­ғанда, отыз жыл – көзді ашып жұм­ғандай қас-қағым сәт. Деген­мен бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағ­дарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз», деп атап өткен.

Осы тұтастай дәуірді қамтыған барлық маңызды құжат Қазақ­стан Республикасы Ұлттық ар­хивінің сөрелерінде сақталып тұр. Ондағы әрбір парақ қағаздың өзі осы 30 жылда қабылданған әрбір шешімнің, әрбір қаулының ел ертеңін нығайтуда қаншалықты ауыр жүк арқалап жатқанының айнымас дәлелі.

Президент Қ.Тоқаев елі­міз­дің үш онжылдықта жеткен жетіс­тіктерін айта келіп, осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм хал­қымыздың даналығы мен пара­сатының, бірлігі мен ынты­мағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткізгенімізді баса айтты. Сондай-ақ Президент тарихқа көз жүгіртіп, халқымыздың басынан өткерген қилы-қилы тағдырын да сөз етті. «Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды», «Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді. Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілі­мізден, діліміз бен дінімізден айы­рылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында хал­қымызға қайта оралды. Бірақ ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек», деген ойын білдірді.

Тәуелсіздік жылдарында дү­ниеге келген жастардың алды «отызында орда бұзып», ел тізгінін қолға алар азаматқа айналып келе жатқанын ерекше мақтанышпен айта келіп, Мемлекет басшысы бүгінгі жастардың бойына тә­уел­сіздіктің қадірін мықтап сіңірудің де кезек күттірмес күрделі парыз екенін шегелей түсті.

1

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

 

Осы орайда Ұлттық архив қыз­меткерлері көп жылдан бері «Мәдени мұра» бағдар­ламасы аясында Түркия, Мысыр, Жапония, Ресей елдерінің архив­теріне іссапарлармен барып, елі­міздің тарихына қатысты құнды құжаттар мен бағалы жәдігерлерді елге алып келгенін атап өту керек.

Қ.Тоқаев мақаласында Алаш­орда арыстарынан бастап, ашар­шылық, тоталитарлық жүйе­нің құрбандары, 86-ның желтоқ­санында жазықсыз зардап шеккен боздақтардың тағдырын жан-жақты зерттеп-зерделеп, деректі және көркем фильмдерге арқау ету қажеттігін баса айтты. Бұл – еліміздің барлық архивтерінің қыз­меткерлері де бейжай қара­майтын мәселе. Архив саласының білікті мамандары тарихшы-зерттеушілермен бірлесе жұмыс атқар­са, әлі де талай құнды құжат­тардың бетін ашып, жарыққа шығаруға болады деп ойлаймын.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа тарихын да жаңа ғылыми ұста­нымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келгенін баса айтты. Бұл ретте осы тақырыпты қаузап, тереңнен зерттеп жазамын деген тарихшы-зерттеушілермен біздің ұжым да бірлесе жұмыс атқаруға әзір екендігін жеткізгім келеді. Себебі еліміз егемен болғаннан бергі маңызды құжаттардың көпшілігі дәл осы Ұлттық архивте сақталған. Осы тұрғыдан алған кезде, жаңа Қазақстанның жаңа тарихын жазу жолында біздің архивтің заманауи қоймалары мен сөрелерінде сақталған құжаттар алтын кеніш болатыны айдан анық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрі­нен қымбат» мақаласында жазғандай, біз тәуелсіздігімізді сақтап, келер ұрпаққа жеткізу үшін әркім өз саласында күн­делікті аянбай еңбек етіп, тер тө­гуіміз керек. Тек сонда ғана елдігіміз – мәңгілік, Тәуелсіздігіміз – бәрінен қымбат болады!

 

Сағила НҰРЛАНОВА,

Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры