Таным • 19 Қаңтар, 2021

Алаш һәм Жапон

1913 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Күншығыс елдерінің құлдық бұғауын бұзып, азаттықа ұмтылуындағы қадам­дарын жіті зерделеп, қазақ қоғамының жағдайымен байланыста саралап отырған санаткерлерімізді жатқа тізгін бермеген Жапон мемлекетінің әлемдік дамуға құлаш ұрған саяси-әлеуметтік серпілісі, ұлттық сілкінісі айрықша қызықтырды.

Алаш һәм Жапон

«Алаш» бағдарламасы – жапондарды артта қалған феодалдық сегундар елі­нен небәрі 21 жылдың ішінде (1868-1889 жылдар аралығында) әлемнің ең дамыған қуатты мемлекетінің біріне айналдырған «Мэйди исин» (немесе «Мэйдзи жаңғыруы») бағдарламасының қа­зақша баламасы болатын.

Жапон жасампаздығын қазақ мүд­десі­мен тоқайластыра бажайлау – саяси және рухани арнада қатар өрістеп отырды. Қазақ топырағында 1904 жылдан бас­тау алған осынау жасампаз үрдіс қызыл террор өріс ала бастаған 1928 жылдарға дейін толастаған жоқ.

Жапон тақырыбындағы әлеуметтік ой-толғамдар бастауында Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы, Х.Досмұхамедұлы, Ғ.Бер­діұлы (Бердиев), Мұхамадғали бин Ға­б­драхман Оразбайұлы (Оразбаев) сынды тұл­ғалар тұрады.

Әлихан Бөкейхан «Қазақтар» еңбе­гінде «...Телеграммы приносили вес­ти о непрерывных японских победах. Степь, знавшая со слов бродячего апологета ислама о том, что все хорошее и спра­ведливое связано с исламом, и на опыте обрусительной политики также убедившаяся, что ничего хорошего не может быть вне ислама, живо восприняла легенду о том, будто японцы – это те мусульмане, с которыми киргизы соединены родственной национальной связью. Последнее обстоятельство, по их мнению, подтверждалось сходством японских портретов с типом киргизских типов...» (Қараңыз: Бөкейхан Ә.Қазақтар. – Астана: Л.Н.Гуми­лев атын­дағы ЕҰУ типографиясы, 2014.) сипа­тындағы байыптауымен қазақ­тар­дың жапондарға құрметінің қоғамдық негіздеріне үңілді. «Қазақ» газетіндегі «Жауап хат» мақаласында да Қыр баласы тіршілік таласындағы жанкешті жұрт­тың жаһитшілдігін жеріне жеткізе баяндайды.

Халел Досмұхамедұлы Санкт-Петер­бург­тен Қазан қаласындағы Ветеринар инс­титутының студенті Ғұбайдолла Бер­діұлына 1904 жылы 7 қазанда жазған хатында қазақ жасампаздығына сенім артты: «…Когда подумаешь, что кроме тебя, десятки или даже сотни киргизов получают высшее образование, то приходит к всяческим, что и этот народ способен к труду, к прогрессу, что и он, может быть когда-нибудь займет в мировом господстве одно из почетных месть, что и он может сделаться второй Японией…» (Қараңыз: Движение Алаш. сборник материалов судебных процессова над алашевцами. в 3 Т./ - Алматы: ОФ «Дегдар», 2016. Т.1. – 2016. 119-б).

Ғұбайдолла Бердіұлы атсалысқан «Қазақстан» (1911-1913) газетінде Мұха­мадғали бин Ғабдрахман Оразбайұлының «Алаштың азаматтары!» мақаласында Жапон өнегесі тұңғыш рет сөз болды. Ол: «Мұсылманша оқы, орысша оқы, йапонша оқы, әйтеуір оқы, ғұмырды бос өткізбе, тек жату жарамайды» (Қараңыз: Қазақстан. Орал, 2012. – 400 б. 159-160-бб), – деп, ұлттық өркендеуде Алаш зиялылары үлгі етіп алған Жапония жолын ұстану бағытына қолдау білдірді.

Жапон халқының білігі мен білі­мін, өнері мен ғылымын, тарихы мен мә­дениетін зерделеу «Абай», «Жас азамат», «Темірқазық», «Сана», «Жас қай­рат» газет-журналдарындағы Ж.Ай­мауыт­ұлының «Ұлтты сүю», С.Торай­­ғырұлының «Социализм», М.Әуезов­тің «Жапония», Әміржан Сыдық­ұлының «Қазақ елінде мектеп­тер қалай құрыла бастау керек», Қ.Кемеңгерұлының «Бүлінгеннен бүл­діргі алма», Әбдісәметтің «Оқу», С.Сә­дуақас­ұлының «Күнбатыс және Күн­­­шығыстың бостандық жолындағы күрес­терінің тарихы» мақалалары, Е.Омарұлының «Қазақ тарихынан» (1922), Қ.Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» (1924), Т.Шонанұлының «Қазақ жер мәселесінің тарихы» (1926) еңбек­теріндегі ой-толғамдары, Ж.Ақбай­ұлының қазақ халқының тегі туралы баяндамасында (1927) толастаған емес.

Ұлтқа қызмет етудің әлемдік өрнегін үлгі еткен Ж.Аймауытұлы: «...Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Гер­мания, Япония, Англия, Түркиялар, олар­дың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы – мемлекеттің керегі, қызметкері», деп сөз бен істің үйлесімі ғана елді өрге сүйрейтінін санаға сіңір­ді. С.Торайғырұлы халқының рухани кемелділікке жетудегі Күншығыс жұр­тының тәлімін тереңнен түйді: «...Солай болған соң тегіс жұмыла кіріссек, 25-30 жылда Европаның білгенін біліп, Европа қатарына қосылып кете алуымызға тарихтан япондар мысал болса керек. Мұнан 58 жыл бұрын 1860 жылдағы япон­дар жайының осы күнгі біздің қазақтың жайы­нан неменесі артық еді? ... Япондар осындай халінен 35-40 жылда ержетіп Европа халіне кірді...».

Жапония тақырыбына арнаулы ма­қала жазған Мұхтар Әуезов талдаулары – жанкешті де жасампаз ұлттың болмысына, жан әлеміне тереңдей енуімен құнды. Қаламгердің: «Японияның алға басу жолындағы тағы бір көзге көрінген мінездері – басшылары, білгіштерінің арасындағы ұйым, береке...», «Япония халқы – тарамыс, жігерлі, зейінді жұрт» деген парасатты бағалауларын тарлан та­рихтың өзі дәлелдеп келеді.

М.Әуезов «Ғылым тілі» мақаласында да ғылым тілін жүйелеудегі жампоз халық­тың жарасымды тіршілігін алға тартты.

Қошке Кемеңгерұлы «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» мақаласында: «Осы күн­де Күнбатысты қорқынышқа түсіріп отырған Күншығыс халықтарынан Қытай мен Жапония Күнбатыстан үлгі-өрнекті көп алды. Бірақ, Күнбатыстың рухани мәдениетін арам астай көріп, өзіне алмайды. Онымен Қытай, Жапония халқының мінезі бұзылып, Еуропа үкі­меттерінен артық қан төгіп, жетім-же­сірді жылатып отырған жері жоқ», – деп таразыласа, Әбдісәмет «Оқу» ма­қала­сында ұлттық кемсітушілік зар­дап­тарын, Еуропацентризм қасаң­дық­тарын сын тезіне алды: «Сары тұқым туралы Европаның теріс пікірін өз­герт­кен Жапония. Бүкіл Азияны жұ­там деп тұрған Россияны Жапония жамбасқа ала соққан соң, тұқым [нәсіл] оңдылығы бос сөз болып қалды... Қан­дай қолайлы жағдайда тұрып-ақ на­дандық батпағында батып жатқан халық­тар да бар. Россияның Беларус крайын­дағы елдер құнарлы күнбатыспен құшақтасып отырса да, неліктен жабайы шаруалықтан аса алмай отыр? Жапония көршісі Қытай надан болса да, неліктен құнарлы болып кетті. Бұрынғы теміржол, пароход жоқ уақытта көрші халықтар бір-бірімен [араласа алмайтын]. Енді Қытай мен Россияны аттап өтіп, Германиядан келіп Жапонияның білім алуы көршінің бұрынғы бағасын жойып отыр».

«Жас азамат» газетінде осыдан бір ғасыр бұрын айтылған: «Мемлекет би­лігі таз қалыпқа түспей, бұқара билігі ор­нықса, «Алаш Орда» мен земстводағы бас­шы азаматтарымыз оқудың тез таралуына арымай-талмай қызмет етсе, жылында әр облыстан бір жігітті шет мемлекеттерден оқытып тұрса (биылғы жастар съезінің қаулысында арнайы жазылғандай, стипендия ашып, шеттен оқыту), біз 20-30 құнарлы халықтың санына кірер едік. Өзімізден инженер, механик, агрономдар шықса, қазіргі көп кедергілер жоғалар еді» деген пікірдің қазіргі Қазақстанның әлемнің дамыған азулы елдерінің қатарына қосылу стратегиясымен үндестігіне таң қаласың!

«Темірқазық» журналындағы Әмір­жан Сыдықұлының «Қазақ елінде мек­тептер қалай құрыла бастауға керек?..» ғылыми-танымдық мақаласында өр­кениет өріне ұмтылған Жапон елінің бі­лім берудегі жаңашыл қағидаттары ек­шелді. «...Россия Еуропаның күнбатыс хал­қының 300 жыл бойы мәдениетті ел бол­ған дәуіріне жүз жыл ішінде жеткен. Қазір мәдениетті елдің бірі болып отыр­ған Жапония 50-60 жыл ішінде мә­дениетті ел болған. Біздің өзіміздің ша­руамызды оқу жұмысымызды түзу қылып құрсақ аз уақыт ішінде же­тілеміз» (Қараңыз: «Темірқазық» жур­налының 2-3 саны: көмекші оқу құралы / құраст: А.Ақынбекова. – Алматы: Қазақ университеті, 2018. 73-б).

Қазақ тарихынан жазылған алғашқы іргелі еңбектерде адамзат шежіресінің өт­кені мен бүгінгісін саралау, жапон құ­былысының қыр-сырын жіті зерделеу талабы назардан тыс қалмады. Ел­дес Омарұлы «Қазақ тарихынан» зерт­теуінде: «Ескі түркі халқы әуелде Ал­тай тауынан шығып, бүтін Орта Азияға тараған. Бұлардың жерінің шегі күн­батыста осы күнгі Русия, бұрынғы Са­лауан жерлері, Қара теңіз, оң тұста Кавказ, Гималай, Гендикуш таулары, моғол шөлдері, күншығыста Ұлы мұхит, Жапон теңіздері» деп жазды.

Қошке Кемеңгерұлы «Қазақ тари­хынан» кітабында: «Негрлерден білім­паздардың шығуы, Жапонның Ресей­ді жамбасқа алып соғуы, бұрата­на­лардан әлеуметшілердің шығуы оқы­мыс­тылардың ойын өзгертті. Тұқым бас­­қалығы мәдениетке бөгет емес» деп түйсе, Телжан Шонанұлы «Қазақ жер мәселесінің тарихы» еңбегінде: «Өзі зат өндіруге мол қатысы бар капи­талды – кәсіпшіл капитал дейді. Бұл капитализмнің соңғы түрі һәм саудашыл капиталдың ізінен майданға шығып, оның әзірлеп қойған орнын басып, өмір сүретін түрі. Еуропа, Америка, Жапония һәм басқалар осы күні промышленный капитализм сатысында тұр» деген ойымен жапон елі дамуының экономикалық тетіктеріне үңілді.

Жақып Ақбайұлы Семей мемлекеттік географиялық қоғамында жасаған «Қазақ халқының тегі туралы» баяндамасында нағыз түркі тайпаларының құрамына қаңлылар (түріктер), қыпшақтар, алшындар, якуттар, ибары түріктері (сағайлар мен қашылар) және жапондар жататынын бажайлайды. Алаштанушы Томохико Уяма атап көрсеткеніндей, «Меніңше, жапондықтар мен алашордалықтарды елдің экономикалық және мәдени, рухани ахуалын қайтсек көтереміз деген ойы ортақтастырды. (Алаш арыстарын неге «жапон тыңшысы» деп айыптады?. alashainasy.kz›Алаш үні›…-aryistaryin-nege-japon…).

Жапон өнегесін байыптауда «Ақ жол» (1920-1925) басылымы да тартынып қалмады. «Жапония жөнін тауып келеді» атты мақалада: «Азияда басқаға бағынбаған, басқаға күні түспейтін, қайта басқаларды құрық салып байлауға алатын бір-ақ ел бар – ол Жапония. Жапония Азияның қасқыры», деген байыпты па­йымдар жасалды.

Басылымдағы «Шегеннің» «Келе­шек­тің түрленуі» мақаласының көкей­кестілігі ерен. Автор шет елде қазақ жас­тарын оқыту мәселесіне орай пікірін білдіріп, Еуропадан үлгі алған Жапония тағылымын ой талқысына салады. «...Жас жапондар, жас түріктер қозғалысын, олардың Еуропада оқығандары емей кім бастап еді? ...Өзіміз көрмесек те жақында барып, Жапонияны аралап, көріп келгендер айтып отыр: «дүние жүзіндегі мемлекеттерден Жапонияның ең артық жері, мемлекеттің ең жақсы үйлері барлық мектеп жұрттарына берілген» деп. Оның себебі белгілі: Жапон жұрты Еуропадан үлгіні бір күнде алып, сол мектептердің бәрін бір күнде салдырып, олардың ішіне білімді де бір күнде орнатқандай қылып отыр...».

«Баспасөз ісіне өзгеше зер салу керек» атты мақалада Садықбекұлы: «Мәдениеті жоғары, мәтбуғаты бай ел­дер­дің осы күні бірі болып отырған Жа­понияны алып қарасақ, өткен ғасырдың ғана ішінде мұхит теңізінің арасында жатқан тағы ел еді. Осы күнде Еуропа мем­лекеттерімен терезесі тең болып, олар­мен бәсекеге түсіп, алдына шығып, ілгері басып жүруіне мектебі мен мәт­буғаты себеп болған. Біздің қазақ-қыр­ғыз халқы көзін ашып, ілгері басамын, ша­руашылықты өркендетемін десе, осы бас­тан мәтбуғатқа жармасып, мәт­бу­ғатты өзіне жолбасшы қылмаса болмайды», – деп жазды.

Міржақып Дулатұлының «Жұмбақ» (1907) мысал өлеңінде орыс-жапон соғы­сындағы отаршыл Ресей озбырлығы әшкере­ленсе, осынау үрдіс әдебиетімізде өз жалғасын тауып жатты. Мәселен, Әсет Найманбайұлы «Алашқа» дастанын­да Жапон елінің тағылымын: «...Меллетің көш бастарлық асылдары, Ел үшін бойға біткен тасыр қаны. Итан, Жапон үлгісін үйрете алсаң, Торлаған түнек заман ашылғаны! Отыз жылда оқумен өрге басып, Жапония бала кеп туын тікті. Жиырмасыншы ғасырдың жігерлісі, Сыртқа шығар іштегі буған жүкті» [adebiportal.kz], – деп жырына өзек етті. Смағұл Сәдуақасұлының толық аяқталмаған «Сәрсенбек» романында жапон рухындағы елдік ұстанымдар көрініс тапты. Қайраткер 1926 жылы 29 қазанда Ташкенттегі тұңғыш Жоғары қазақ педагогика институтының салтанатты ашы­луында сөйлеген сөзінде жапон жұртының ғылыми дамуда жүріп өткен жолын бағамдады. (Сәдуақасұлы С. Екі томдық шығармалар жинағы. 1-том. Құрастырып, алғысөзі мен түсініктерін жазған – Дихан Қамзабекұлы. – Алматы: «Алаш». – 2003. 330-331-бб)

ХХ ғасырдың басында жапон тілін меңгерген ұлт мамандары бой көрсетті. Ілияс Ахметұлы (1897-1938) Мәскеудегі Н.Нариманов атындағы Шығыстану институтының жапон бөлімшесінде білім алса, Асылбек Сейітұлы (1894-1937) жапон тілін меңгерді. Құдайберген Жұ­банов жапон тілін зерттеуге ден қойды.

Коммунистік идеология аяусыз жан­шыған ұлт-азаттық идеямен бірге Жапон құбылысын екшеудегі азатшыл таным-білік қылбұрауға алынды. Осы­нау өміршең тақырыптағы кемел ой, келе­лі пікірлер ұлт зиялыларын «жапон тың­шысы» деп айыптауға, атып-асуға бір­ден-бір дәйек болды. РФ Мәскеу архи­віндегі Әлімхан Ермекұлының тер­геу ісіне қатысты құжаттарда оның жапон офицері Катомен 1919 жылғы құпия кездесуіне қатысты құнды деректер берілген (Прокуратура Союза ССР. Отдел по спецделам. Наблюдательное производство № 2-52 // ГАРФ. Р8131-қор. 31-тізім,.31775-іс, 19 бума).

Жапон тақырыбына қалам тарту кеңес қоғамы цензурасында мүмкін болма­ғаны­мен, эмиграциядағы Мұстафа Шоқай редак­торлығымен Парижде шыққан «Жас­ Түркістан» (1929-1939) журналында «Жапонияда тұрушы мұсылмандар және Токиода ислам шағын ауданы», «Жа­по­нияда» атты мақалалар жарық көр­ді.

Түйіндей айтқанда, қазіргі жаһанның алпауыты Жапон мемлекетінің дәуірлік жаңару мен заманауи жаңғыру өнегесін Қазақ елінің өркендеу жолы тұрғысынан үлгі тұтқан Алаш зиялыларының озық ойлары өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Ұлт қайраткерлерінің саяси және рухани арнадағы реформаторлық қадамдары эволюциялық дамуымен түйінделгенде тәуелсіз мемлекетіміздің өркениет өріндегі тұғыры қазіргіден де асқарлы болары хақ еді.

 

Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры