20 Сәуір, 2010

ТҰҒЫРЛЫ ТӘРТІП БАСТАУЫ

782 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Жемқорлықпен күрес белгілі бір мерзімде немесе науқандық шара ретінде ғана емес, үзіліссіз жүр­гі­зілуі қажет. Мұны Елба­сы­мыз Нұрсұлтан Назарбаев үнемі қадап айтады. Бүгінгі қоғамымыздың дертіне айналған кеселмен  біздің ұжым да барынша күресіп жатыр. Коррупциямен ұс­талған азаматтар туралы ақпараттар күнделікті сапта бүкіл қызмет­кер­лер­ге жеткізіліп отырады. Осы ар­қылы біз тәрбиенің жаңа үлгісін ойлап таптық. Сыбайластықпен ұс­тал­ғандарды қандай жаза күтіп тұр­ғандығы туралы хабарламалар кез келген адамды толғандыратыны анық. Артында отбасы, туған-туы­сы тұрған азаматтар мұндай қадам­ның опық жегізетінін ой елегінен өткізіп, айылын тарта бастайды. Бұдан бөлек, кадр басқармасы әрбір қызметкерден жемқорлыққа жол бермейтіні туралы қолхат жаздырып алады. Егер ондай оқиға шыға қалса, ең алдымен, басшылар жауап береді. Яғни, бұл – өз қыз­мет­керінің немен айналысып, қай­да жүріп-тұратынын басшылар да қатаң қадағалайды деген сөз. Сон­дықтан құқық қор­ғау­шы­лар жалпы заңсыздықтың алдын алумен немесе қылмысты ашумен, жем­қорларды тұсаумен ай­налысатын болса, соған орай өз ішімізде де теріс әрекетке барған тәртіп сақшыларымен күресетін арнайы басқарма жұмыс істейді. Бұл өзіндік қауіпсіздік басқармасы заңды белінен басқан немесе парақорлықты кәсіп еткен полиция қызметкерін анықтап, олардың үстінен қылмыстық іс қозғайды. Бұған қоса, біздің ұжымымызда департамент бастығының орын­ба­сар­лары мен дербес бөлім бастық­тарының қатысуымен ұдайы тәр­тіп­тік кеңес шақырылып тұрады. Тәртіптік кеңесте погон таққан аза­маттардың қызмет этикасы мен жем­­қорлыққа байланыс­ты әрекеті қаралып, нақ­ты шешімдер қабыл­данады. Үш жыл бұрын ІІМ баста­ма­сы­мен ішкі істер органдарының жа­ны­нан қоғамдық кеңес жұмыс істей бастады. Астана қалалық ішкі істер департаменті де бұл бастаманы қол­ға алды. Қоғамның, халықтың өкілі ретінде біздің департамент жа­ны­нан құрылған қоғамдық кеңеске бел­гілі депутаттар, саясат­тану­шы­лар, журналистер, қоғам қайрат­керлері енді. Ереже бойынша 1 жылда екі рет бас қосу қажет болса да, біз өткен жылы 4 рет жиналып, қоғамдағы осы қалай деген мәселелерге жауап іздедік. Әрбір кеңес мүшесі өз пікірлерін ортаға салды. Бірі құқық қорғаушылардың жұмысына оң баға берсе, бірі сынға алды. Кейбір кезде көрініп тұрған кемшіліктерге мән бермей қаламыз. Міне, осындай уақытта сырт көз –сыншы дегендей, өзге адамдардың пікірі, сын-ескертпелері біздің жұмысымыздың алға басуына айтарлықтай көмегін тигізеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы халыққа Жолдауында сәуір айынан бастап мемлекеттік қыз­меткерлердің жалақысы 25 пайызға көтерілетінін айтты. Бұл құқық қорғаушылардың арасындағы аракідік кездесетін бармақ басты, көз қысты әрекеттерді тыюға сеп­ті­гін тигізеді ғой деп ойлаймын. Жемқорлыққа жол беретін, иығын­дағы погонының парқын түсін­бей­тін азаматтар алыста емес, жаны­мызда жүр. Оны жасыра алмаймыз. Елбасы Жолдауында сандық көр­сет­кіштен гөрі сапаға ауысу қа­жеттігін, құқық қорғаушылардың жұмысы халықаралық талаптарға сай болуы керектігін  қадап айтты. Осы тапсырмаларды жүзеге асыру үшін біз ең алдымен ұдайы халық­тың арасында жүретін, оқиға бол­ған жерге алғаш жететін учаскелік полиция жұмысын қайта қарас­тырдық. Алматы аудандық ішкі істер басқармасында учаскелік инспек­тор­ларды халық атынан сайлау жүйесін іске қостық. Онда құқық қорғау органдарында бірнеше жыл жұ­мыс өтілі бар кез келген бас­қар­ма қызметкерінің өз бағдарламасын дайындап, халықтың алдында баян­дама жасап, сайлануға мүмкіндігі бар. Бұл, біріншіден, тұрғындардың полицияға деген сенімін арттырса, екіншіден, білікті қызметкердің жұмысы арқылы қылмыстың дер кезінде алдын алуға жағдай ту­ғы­зады. Осы және басқа да шаралар нәтижесінде жыл басынан бері қо­ғамдық орындарда, көшеде жаса­ла­тын қылмыстар саны едәуір азай­ды. Әдетте қылмыстың басым бөлі­гіне жасөспірімдердің қатысы бо­латын. Біздің мектеп инспектор­ларымыздың қарқынды жұмысы кәмелеттік жасқа толмағандардың қатысуымен болатын қылмыс санын 54,5 пайызға кемітті. Мас күйінде қылмыс жасайтындар 36,8 пайызға азайды. Ішкі істер министрі Серік Бай­ма­ғамбетов, ең алдымен, қоғамдық тыныштықты қамтамасыз ету қа­жет­тігін, кез келген азамат алаңсыз, уайымсыз өмір сүруі керектігін ай­тып, құқық қорғаушылардың иығына зор жауапкершілік жүктеді. Жоғарыда келтірілген фактілер – осы тапсырманың тиісінше орын­да­лып жатқанының айғағы. Қазір біз өршіп кеткен пәтер ұрлығымен күреске бар күш-жігерімізді жұмсап жатырмыз. Бұдан бөлек тергеуді, қылмысты  жедел ашу үшін соңғы инновациялық технологиялар енгізілгені қуантады. Сол сияқты жедел басқару орталықтары іске қосылды. Көше қиылыстарында орнатылған бейнекамералардың арқасында ондаған қылмыс дер кезінде ашылып, жүздеген заңбұзу­шы­лық тіркеледі. Осының нәтиже­сін­де қоғамдық жерлер мен көше­лерде жасалатын тәртіп бұзушы­лық­тардың саны кеміп отыр. Полиция жұмысына сенімділік көптеген факторлар арқылы жи­нақ­талады. Бұл – азаматтардан түс­кен арыз-шағымдарды уақы­тын­да қарап, қылмыс бойынша тың­ғылықты, сапалы  тергеу жұмыс­та­рын жүргізу және уақыт созбай сот­қа жіберу, дер кезінде процес­суалды шешімдер қабылдау, аза­мат­тардың конституциялық құқық­та­рын талапқа сай қамтамасыз ету, т.б. деген сөз. Осы бағыттар бой­ын­ша ауқымды жұмыстар атқары­лу­да және мұндай жұмыстар жал­ғаса береді. Бізде азаматтардың арыз-ша­ғы­мына, өтінішіне дер кезінде жауап беретін, құқық қорғаушылардың жұмысын жандандыратын жаңа тетік іске қосылды. Жоғарыда ай­тып өткенімдей, Астана қалалық ІІД жанынан қоғамдық кеңес жұмыс істеп жатыр. Қоғамдық кеңес­те әрбір шағым, әрбір арыз тыңғылықты тексеріледі, пікірлер айтылады, қылмыспен күресудің тиімді тәсілдері ойлап табылады. Мәселен, “қоғамдық көмекшілер” институты өз жемісін беруде. Біз жаппай бірігіп қылмыспен күрес­кенде ғана қауіпсіздіктің іргетасын мықтап қалай аламыз. Қазір қала аумағында 500-ден астам консьерж жұмыс істейді. Өткен жылы олар­дың көмегімен 158 қылмыстың беті ашылды. Мерекелер кезінде бүкіл аста­на­лықтар мен сырттан келетін қо­нақтар үшін барынша қауіпсіздік шаралары ұйымдастырылады. Бұған біздің ұжымның әлеуеті де, күш-жігері де жеткілікті. Ондай шаралар кезінде Астана қалалық ішкі істер департаменті күшейтілген режімге көшеді. Бұл уақыт аралы­ғын­да полиция қызметкерлері қала­дағы жағдайды тұрақты күйінде сақтау үшін түрлі жедел-профи­лак­тикалық шаралар ұйымдастырады. Келіп-кетушілер қатаң қадағалауға алынады. Бір сөзбен айтқанда, біз тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігі мен үнемі еркін жүріп-тұруы үшін бар жағдайды жасайтын боламыз. Марат ДЕМЕУОВ, Астана қалалық ІІД бастығы.