14 Желтоқсан, 2013

Қастерлі құндылық

520 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

16 желтоқсан күні Қазақстанда ұлттық мереке – Тәуелсіздік күні атап өтіледі. Бұл күн еліміздің мемлекеттік егемендігін алу тарихында және жаңа мемлекеттің даму стратегиясын айқындауда ерекше маңызға ие. Кез келген халық үшін мемлекеттілік – оның өмір сүруі үшін басты шарт болып табылады, оның тағдыры, бүгіні мен келешегі осы мемлекеттілікпен етене байланысты. Республика Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев егемендік – барлық қазақстандықтар үшін ең қастерлі құндылық деп атап өткен болатын.

16 желтоқсан күні Қазақстанда ұлттық мереке – Тәуелсіздік күні атап өтіледі. Бұл күн еліміздің мемлекеттік егемендігін алу тарихында және жаңа мемлекеттің даму стратегиясын айқындауда ерекше маңызға ие. Кез келген халық үшін мемлекеттілік – оның өмір сүруі үшін басты шарт болып табылады, оның тағдыры, бүгіні мен келешегі осы мемлекеттілікпен етене байланысты. Республика Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев егемендік – барлық қазақстандықтар үшін ең қастерлі құндылық деп атап өткен болатын.

Бүгінде әлем қартасында ресми түрде 200-ге тарта мемлекет бар деп саналады. Олардың әрбірінің өз тәуелсіздігін алу тарихы бар. Кей елдерде бұған қантөгіс арқылы қол жеткен болса, ал жер шарының кейбір нүктелеріндегі жаңа мемлекеттер түрлі төңкерістер мен революциялар салдарында пайда болып жатты, ал үшінші бір елдерде бұл үдеріс «салыстырмалы түрде» бейбіт жағдайда өтті. Тәуелсіздігіне қол жеткізгенге дейінгі кезеңді ескере отырып, соңғы топқа Қазақстанды да жатқызуға болады.

Көптеген елдерде егемендік алу үдерісі тиісті декларациялар қабылдаудан басталған. Мәселен, 1776 жылы Филадельфияда Екін­ші континенталдық конгресс АҚШ-тың Тәуелсіздік декларациясын қабылдады. ХVIII ғасырдағы Француз буржуазиялық револю­циясының ең бір айтулы құжаты – 1789 жылы құрылтайшылық жиналыста қабыл­данған Адам және азамат құқықтарының декла­рациясы болып табылады. Кейін бұл декла­рациялардың қағидалары осы елдердің конс­титуцияларына арқау болды. ТМД елдерінде де осындай сценарий жүзеге асырылды.

1990 жылғы 25 қазанда қабылданған «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация Қазақстан тәуелсіздігінің құқықтық, идеологиялық және әдістемелік не­­­гізін қалады. Ол тұңғыш рет егемен мемлекет туралы, КСР Одағына өзі ерікті түрде ұсынған мәселелерді қоспағанда, Қазақ КСР-інің аумағында Республика Конституциясы мен заңдарының басымдығы туралы жария етті.

Декларация Қазақстан халқының мемле­­кеттік егемендікке, ел тәуелсіздігін жариялауға деген ынта-жігері мен қалауын паш етіп, оның аумағының тұтастығын, сондай-ақ, халықаралық қатынастардың тең құқылы субъектісі ретінде қатысу мүмкіндігін бекітіп берді. Декларацияның тарихи маңызы осында.

1991 жылғы 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының ресми «туған күні» есептеледі. Өмірлік маңызы бар осы күнде қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конститу­­­­циялық заң арқылы Республиканың Жоғарғы Кеңесі Президенттің бастамасымен, халықтың қалауын білдіре отырып, еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігін салтанатты түрде паш етті.

Бұл Конституциялық заңның реттеу нысанасы: қолданыстағы құқық, азаматтық, адамның және азаматтың құқықтық мәртебесі, мемлекеттік билік органдары, ішкі және сыртқы саясаттың қағидаттары, мемлекеттік рәміздер, елдің аумағы, қарулы күштері, астанасы және т.б. айқындаушы сипатқа ие. Сол арқылы, Қазақстан мемлекеттілігінің негізгі белгілері заңнамалық деңгейде бекітілді. Бұл актінің заңдылығы Қазақстаннан тыс жерлерде ешбір күмән туғызбады. Әлемнің көптеген мемлекеттері қысқа мерзім ішінде Қазақстанды әлемдік қоғамдастықтың толық құқылы мүшесі ретінде таныды. Еліміздің тәуелсіздігін алғаш болып Түркия таныды. 1991 жыл аяқталуына дейінгі екі апта ішінде тағы да 17 мемлекет осындай қадам жасады, олардың қатарында: АҚШ, Қытай, Германия, Пәкстан және өзге де елдер бар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылында Қазақстанды әлемнің 108 елі таныды, олардың 70-і дипломатиялық өкілдіктерін ашты. 1992 жылы Қазақстан БҰҰ-ға, ЕҚҰЫ-ға, ал соңынан өзге де беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылында Конституциялық заң белгілі дәрежеде сол уақыттағы Конституцияның рөлін атқарды. Конституциялық заңның 18-бабында, Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларациямен қатар, ол Республиканың жаңа Конституциясын әзірлеуге негіз болады, ал оған дейін Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұл жерде Қазақ КСР-інің 1978 жылғы Конституциясы (Негізгі Заңы) назарға алынған) және өзге де заңнамалық актілерінің нормалары осы Заңға қайшы келмейтін тұрғыда қолданылады, деп бекітілді.

Мұнан кейін осы аталған конституциялық институттарды жүзеге асыруға бағытталған бірқатар заңнамалық және өзге де шаралар қолға алынды, атап айтқанда «Азаматтық туралы» заң қабылданды, төл қарулы күштеріміз, республикалық гвардия, ішкі және шекара әскерлері құрылды, ұлттық валюта енгізілді, жаңа мемлекеттік рәміздер бекітіл­ді және басқа да заңдардың көптеген қағидалары еліміздің 1993 жылғы тұңғыш Конституциясына, ал кейін 1995 жылғы Конс­титуциясына негіз етіп алынды. Осы қарба­лас, қауырт жұмыстардың бәрі де, сын сағатта ел тағдыры үшін жауапкершілік жүгін мойны­на арқалап, бүгінде елін бейбітшілік пен даму жолымен бастап келе жатқан Мемлекет басшысының тікелей басшылығымен іске асырылды.

Қолданыстағы Негізгі Заңның 1-бабына сай Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Конституция идеологиялық және саяси әралуандылықты, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму қағидатын, ел аумағының тұтастығын, халық билігі қағидатын, мемлекеттік рәміздерді, жеке меншікке қол сұғылмауын, Негізгі Заң норма­ларының ең жоғары заңдық күші мен тікелей қолданылуын, адамның және азаматтың халықаралық деңгейде танылған құқықтары мен бостандықтарын, президенттік басқару нысанын, мемлекеттік биліктің жаңа жүйесін бекітті. Осы жылдар ішінде мемлекеттік сая­сат тәуелсіздіктің негізін құрайтын әрбір элементтің толыққанды жүзеге асырылуы мен нығайтылуына қарай бағытталды.

Мемлекет басшысы тәуелсіздіктің елең-алаңында жария етіп, ұзақ мерзімді жеті басымдығының барлық жағынан бүгінде жүзеге асырылған Қазақстан – 2030 Стра­тегиясы конституциялық талаптардың іске асырылуына айтарлықтай сеп болды. Бірқатар өлшемдер бойынша оларды мерзімінен бұрын орындауға қол жетті, сондықтан елдің даму көкжиегін електен қайта өткізіп, Елбасы өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауын жария етті. Жолдауда Қазақстанның 2050 жылға қарай әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына кіруін көздейтін биік мақсат қойылған. Бұл мақсат Қазақстан халқының дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуға деген тілегі, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігін сезінуі туралы айтылған Конституцияның кіріспесінен туындайды. Мемлекеттілігімізді одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту 2050 Стратегиясында айтылған маңызды конституциялық-құқықтық реттеу мәселелерінің бірі болып табылады.

Ел тәуелсіздігі оның Конституциясымен тығыз байланысты, өйткені, ол ұлттық саяси-құқықтық жүйенің ұйытқысы, мемлекеттілік пен ел егемендігінің, заңдылық пен құқық тәртібінің заңдық негізі, барлық заңнама негіздері, құқық қолдану тәжірибесі, сондай-ақ, мемлекеттік-құқықтық қайта құрулар мен ел дамуында арқа сүйейтін іргетас болып табылады.

Егемен Қазақстанның құқықтық жүйесін­дегі алғашқы прогресшіл жаңа енгізілімдердің бірі конституциялық бақылау институтын құру болды. Қазір оны конституциялық заңдылықты, яғни тұтастай алғанда барлық заңдылықты сақтауда маңызды рөл атқаратын Конституциялық Кеңес жүзеге асырады. Оның қызметі Негізгі Заңның нормаларын өмірге енгізуге және оның әлеуетін арттырып, аша түсуге бағытталған. Өткен жылдар ішінде Конституциялық Кеңес өзінің білікті шешімдерімен еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты. Бірнеше мысал келтірейін.

2003 жылы, елдің мемлекеттік құрылы­мы мәселелерін қарастыра отырып, Конс­титу­циялық Кеңес еліміздің аумақтық тұтас­тығы оның ұлттық қауіпсіздігінің айқын­даушы басты шарты екенін түсіндіріп берді. Мемлекеттің өз тұтастығын, аумағының қол сұғылмаушылығы мен бөлінбеушілігін, мемлекеттік шекараның мызғымас беріктігін қамтамасыз етуі оның аумағын бөлшектеуге, мемлекеттің келісімінсіз табиғи ресурстарды пайдалануға, Қазақстан өңірлерінің мәртебесін өз еркімен өзгертуге, ұлттық мүдде мен ел егемендігіне қайшы келетін аумақтық ымыраға келуге жол бермейді.

Конституциялық Кеңестің құзырында мемлекеттік тілге және Қазақстан халқының өзге де тілдерінің мәртебесіне қатысты мәселелер, қаулылар бар. Бұл шешімдерде қазақ тілінің конституциялық тұрғыдан мемлекеттік тіл ретінде бекітілуі оның Қазақстанның мемлекеттілігін айқындаушы факторлардың бірі, егемендігінің символы, Қазақстан халқының бірлігін білдіретін конституциялық-құқықтық мәртебесінің белгісі екендігін айғақтайды.

Конституциялық Кеңес мемлекеттің тәуелсіздігі мен егемендік құқығы; мемле­кет­тіліктің конституциялық негіздері; аумақтық тұтастығы; шекарасының қол сұғылмаушылығы мен иеліктен айырыл­маушылығы; мемлекеттің біртұтастығы мен президенттік басқару нысаны; халық бірлігі мен мемлекеттік билік; азаматтық және тағы басқалар туралы конституциялық нормаларға ресми түсініктер береді. Кейін оның құқықтық ұстанымдары тиісті нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу мен аса маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде түбегейлі маңызға ие болды.

 Еліміздің соңғы кездері құқық үстемдігін нығайту саласында қол жеткізген жарқын жетістіктерін ерекше атап өткім келеді. 2012 жылы Қазақстан Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссияның (Венеция комиссиясы) мүшесі болды. Бұл комиссия құқық саласындағы идеялар алмасу бойынша халықаралық дәрежеде мойындалған тәуелсіз форум болып табылады. Еуропа Кеңесінің Министрлер комитеті бірауыздан Қазақстанның тиісті өтінімін қанағаттандыру туралы шешім қабылдады.

Сол жылдың қарашасында БҰҰ Бас Ассамблеясының Нью-Йорк қаласында өткен 67-сессиясында 2013-2015 жылдарға арналған БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі кеңесіне 18 ел жаңадан мүше болып сайланды, олардың қатарында Қазақстан да бар.

Аталған шешімдер Қазақстанның құқық үстемдігін нығайту саласындағы жетістіктерін халықаралық қоғамдастықтың мойындағанын және адам құқығы мен бостандығының мызғымастығын қамтамасыз еткенін растайды.

Биылғы жылы Республиканың Конститу­циялық Кеңесі Азия конституциялық соттары мен баламалы институттары қауымдастығына қосылды. Аталған қауымдастық бұдан үш жыл бұрын адамзаттың ортақ құндылықтарын – демократияны, құқық рөлін және адам құқықтары мен бостандығын ілгерілету мақсатында Азияның конституциялық әділет органдарының аумақтық форумы ретінде құрылған.

 Осы жақында Конституциялық Кеңес Конституциялық сот төрелігі жөніндегі дүниежүзілік конференция құрамына кірді. Бұл конференция 2011 жылы конституциялық бақылау органдарының қауымдастығы ретінде құрылған болатын. Бұл ұйымның мақсаты Негізгі Заңдардың үстемдігін қамтамасыз ету саласында конституциялық соттар мен баламалы институттар арасында тығыз ынтымақтастықты реттеу болып табылады. Екі жылда оны 80-нен астам мемлекет мойындап, олардың саны күннен-күнге өсіп келеді.

Мұндай бірлестіктерге мүше болу конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар, мерзімді баспасөз басылымдарын шығару аясында конституциялық бақылауды жүзеге асырудың, сондай-ақ, ұлттық заңнаманы дамыту және оны қолдану саласындағы озық шетелдік құқықтық технологияларға қолже­тімділікті қамтамасыз етудің көкейкесті мәселелері бойынша тұрақты түрде ақпарат пен пікір алмасып тұруға мүмкіндік береді.

Еліміздің қалыптасуы мен дамуы жолындағы жетістіктерді әңгімеге өзек ете отырып, мемлекеттіліктің өзі үнемі назарда ұстап отыратын құбылыс екендігін ерекше айтуымыз керек. Оны, Елбасы атап айтқандай, үнемі аялап, қорғап, нығайтып, дамытуымыз қажет. Бұл міндеттер мемлекеттік билік органдарына, сондай-ақ, қоғамдық құрылымдар мен ел азаматтарына жүктелген.

Игорь РОГОВ,

Қазақстан Республикасы Конституциялық

Кеңесінің Төрағасы.

 

Соңғы жаңалықтар