14 Желтоқсан, 2013

Тәуелсіздік табалдырығында

523 рет
көрсетілді
42 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев

пен журналист Сауытбек Абдрахмановтың  сұхбат кітабынан

– Нұрсұлтан Әбішұлы, бүгінгі сұх­бат Тәуелсіздікке дейінгі кезеңді түйіндеуге тиіс. Сіздің атыңызға алдын ала жазба түсіргенімде ендігі әңгімеңіз Тәуелсіздік қарсаңындағы кезеңге арналса, оның мәтіні газетте Тәуелсіздік күні қарсаңында жарияланса деп өті­ніш айтқаным сондықтан.

Мұның алдындағы әңгімеңіздің негізінде жазылған «Сын сағаты соқ­қанда» деп аталған тарауда сіздің рес­публика басшылығына келеріңіздің алдындағы оқиғалар сөз болған. «Мен өзімді республика партия ұйы­мының басшысы етіп сайлаған пленумнан шыға сала, Алматының машина құрылысы зауытына барып, жұ­мысшылармен кездестім. Менің бірінші хатшы болып сайланғанымды олар білген де жоқ. Сол арада өзім айттым. Сөйтіп, жаңа қызметіме алғашқы құттықтауды жұмысшы қауымынан алдым. Дәл сол күндері Қарағандыда шахтерлер ереуілі бас­талды. Дереу сонда баруға тура келді. Бұл жеке әңгіме», деген едіңіз. Тәуелсіздік қарсаңындағы кезең жайын­дағы сөзіңізді сол оқиғадан бас­тасаңыз деймін.

Қазақстан Республикасының Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев

пен журналист Сауытбек Абдрахмановтың  сұхбат кітабынан

– Нұрсұлтан Әбішұлы, бүгінгі сұх­бат Тәуелсіздікке дейінгі кезеңді түйіндеуге тиіс. Сіздің атыңызға алдын ала жазба түсіргенімде ендігі әңгімеңіз Тәуелсіздік қарсаңындағы кезеңге арналса, оның мәтіні газетте Тәуелсіздік күні қарсаңында жарияланса деп өті­ніш айтқаным сондықтан.

Мұның алдындағы әңгімеңіздің негізінде жазылған «Сын сағаты соқ­қанда» деп аталған тарауда сіздің рес­публика басшылығына келеріңіздің алдындағы оқиғалар сөз болған. «Мен өзімді республика партия ұйы­мының басшысы етіп сайлаған пленумнан шыға сала, Алматының машина құрылысы зауытына барып, жұ­мысшылармен кездестім. Менің бірінші хатшы болып сайланғанымды олар білген де жоқ. Сол арада өзім айттым. Сөйтіп, жаңа қызметіме алғашқы құттықтауды жұмысшы қауымынан алдым. Дәл сол күндері Қарағандыда шахтерлер ереуілі бас­талды. Дереу сонда баруға тура келді. Бұл жеке әңгіме», деген едіңіз. Тәуелсіздік қарсаңындағы кезең жайын­дағы сөзіңізді сол оқиғадан бас­тасаңыз деймін.

– Қазақта «Басы қатты болса, аяғы тәт­ті болады» деген сөз бар ғой. Иә, жаңа қыз­метке кірісер-кіріспесте осындай жай­сыз жағдаймен бетпе-бет келгенбіз. Қа­ра­ғандының «Тентек» шахтасы бастап, бас­қа­лары қостап, бірнеше күн бойы көмір өндірілмей қалу қаупі төнді. Жалпы, ереуіл атаулы қай кезде де қауіпті. Ал сол кез­де тіпті қатерлі болатын. Экономика ереуіл­дерді көтере алатындай жағдайда емес еді.

Мұның бәрі Қазақстанда металлургия, машина жасау кәсіпорындары ассоциациясын құру идеясы туындаған кезден басталды. Ол уақытта қатып қалған қасаң қалыптарды бұзу оңайға түспейтін. Ол уақытта деймін, жалпы, қай заманда да, қай қоғамда да бұл оңай болмаған. Сол кездегі тәртіпті нығайту, ұйымшылдықты күшейту, тұтастай алғанда экономиканы басқаруды жақсарту жөніндегі біз­дің жұмысымыз реформа жолындағы қолдан жасалған кедергілерді алып тастауға бағытталған еді. ХІХ партия конференциясы мен КСРО халық депутаттары І съезінің шешімдері де соған міндеттейтін. Бірақ, Орталық қандай шаруаны да «жоғарыдан» айтылатын артық-ауыс ақылсыз жасауды кешіре алмады. Қарағанды шахтерлері ереуілге шығу арқылы, әрине, экономикалық тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да тәуекелге, тіпті қауіпті қадамға барды. Едәуір шығынға ұшыратқанымен, ереуілдің әміршіл-әкімшіл жүйенің қатып-семіп қалған қағидаттарына әсер-ықпал жасайтындай моральдық күш-қуат бергенін, тұтастай алғанда түпкі мәні жағымды болғанын айту жөн. Осы арқылы жұмысшы табы қайта құруды сөз жүзінде емес, іс жүзінде қолдайтынын көрсетті, басталған жаңғыруларға ашық та, жасырын да түрде қарсылық білдіретіндерге қатаң ескерту жасады. Шахтерлер заң жүзінде бекітілген кәсіпорындар дербестігі нақты істе неге жоқ деп мәселені қабырғасынан қойды.

Мен Қарағандыға барысымен қонақ үйге де түспестен әуежайдан тіке орталық алаңға тарттым. Жаз кезі. Шыжыған ыстық күннің астында сағаттар бойы бетпе-бет сөйлестік. Қарағандыдағы ереуіл белгілі бір дәрежеде Кузбасс пен Донбасстағы кеншілер белсенділерімен жақын байланыс орнатудан да шыққан. Ондағы да, мұндағы да проблемалар ұқсас. Одақтық екі министрді сол күні-ақ Мәскеуден шақыртып алып, кеншілер алдында жауап бергіздік, қордаланып қалған мәселелерді шешу жөніндегі уәделерін алдық. Шахтерлер түптің-тү­бінде менің уәждеріммен келісті. Кейіннен республикадағы барлық қоғамдық бірлестіктердің басшыларымен бір жыл мерзімге ереуілдерге мораторий жариялау жөнінде уағдаластық жасалды. Мораторий шарты сақталды. Оның мерзімін ұзарту қажеттігі болған жоқ. Республикадағы жағдай тұрақты қалыпқа түсті.

Шахтерлер ереуілінен біз көп тағылым алдық. Ең бастысы, ереуіл жұмысшылар экономикалық тетіктерді жаңғырту жө­ніндегі жоғарыдан түсіп жатқан нұс­қау-тапсырмаларды қабылдай алмай­тынын көрсетіп берді. Мұның өзі кәдімгі бір қоңырау сияқты еді, біз Қарағандыдағы жағдайды реттемесек, ол ертең Павлодарда, бүрсігүні Өске­мен­де деген сияқты жалғасып кете баруы әбден мүмкін болатын. Сол тұста республика Жоғарғы Кеңесінің сессия­сында сөйлеген сөзімде мен мұндай ереуілдердің тағы бір толқынына ел эконо­микасы шыдас бере алмайды дегенді ашық айтқанмын. Ондай оқиғалар жалғасын тапқанда, экономикалық көр­сеткіштердің төмендейтінін былай­ қойғанда, адамдардың әл-ауқатын жақсарту бағытында жаңа ғана қолға алынып жатқан шаруаларымыз жүзеге аспай қалатын еді. Абырой болғанда, шахтерлерге осыны түсіндіре білдік. Олардың талаптары қанағаттандырылысымен, ереуіл комитетінің жұмысқа шығу жөніндегі шешімі бірден-ақ орындалды. Қарағандыдағы ереуілден кейін халықпен етене болу, жұртшылықпен ашық сөйлесу, өзіміздің мүмкіндікпен-ақ шешіп тастауға болатын мәселелерді кейінге қалдырмау қажеттігі әркімге де анық көрінді. Шахтерлер ереуілі еш кеткен жоқ. Айлар бойы Орталықпен жүргізілген әңгіменің, келіссөздердің арқасында 1991 жылдың жазында, яғни Тәуелсіздікке дейін-ақ менің Көмір өнеркәсібі министрі Щадовпен, Металлургия министрі Сосковецпен, Радиоөнеркәсіп министрі Шимкомен кездесуімнің нәтижесі бойынша коммюникеге қол қойылды. Ол коммюнике кәсіпорындардың Қазақстан юрисдикциясына көшуін тиімді әрі қажетті деп таныды. Бұл нақты тәуелсіздікке жасалған нақты қадам еді.

Қарағандыдағы ереуілдің бір тағы­лымы – кәсіподақ комитеттерінің рөлі әбден төмендеп кеткендігін көрсеткені. Шахтерлермен оншақты рет кездескенімде солардың арасынан бірде-біреуі жергілікті кәсіподақ басшылары туралы бір ауыз жылы пікір айтқан жоқ.

– Бұл ненің салдары?

– Кадрлармен жұмыста талай жыл бойы қалыптасқан қате көзқарастың салдары. Бұрын қалай болушы еді? Біреу партиялық, кеңестік жұмысты жөндеп алып жүре алмаса, оны қайда жіберетін? Әрине, кәсіподақ жұмысына. Ол сол жерде зейнетке шыққанша тып-тыныш отыра беретін. Қарағандыда ереуіл комитетінің мүшелерімен сөйлесе жүріп, мен жұмысшылар арасынан шыққан жас десең жас, қайратты десең қайратты, сауат­ты десең сауатты талай адамды көріп қуандым. Ал біз болсақ, кадр іздей қалғанда шаруаны номенклатуралық анкеталарды сүзіп шығудан бастаймыз. Айтқандай, сол оқиға кезінде көзге түскен бірнеше азамат егемендіктің елең-алаң шағында ел алдына шығып, кеңінен танылды, кейіннен Парламентке депутат болып та сайланды, басшы қызметтерге де жоғарылатылды.

Қарағандыдағы ереуіл біздегі бар­ мәселенің түпкі мәні адамның кәсіп­орынның да, жердің де қожайыны еместігі, содан да оның қазынаның меншігіне қалай болса солай қарайтындығы еке­нін тағы да көрсетіп берді. КСРО-дағы еңбек өнімділігінің төмендігі, мысалы, америкалық жұмысшының бір күн ішінде біздегі жұмысшыдан үш есе өнім шығаратындығы адамдарымыздың соншама жалқаулығынан, соншама білік­сіз­дігінен емес. Бізде пайдаланылған қондырғылардың ескілігі мен тиім­сіз­ді­гінен. Жұмыс өнімділігі мен жалақының алшақтығынан. Өндіріп істесең де ала­ты­ның сол айлық, таңертеңнен кешке дейін жай сенделіп жүрсең де алатының сол айлық. Жақсы жұмыс істеудегі мақсат не сонда? Озат атану ма? Құрмет тақтасына жазылу ма? Грамота алу ма? Әрине, олар­дың да өзіндік рөлі бар, әйтсе де тек мо­ральдық көтермелеумен алысқа бара алмайтынымыз анық.

Кешегі өткен кеңес заманының тарих сахнасынан кетуінің басты себебінің бірі – жаппай иесіздік. «Қоғамдық меншік» дегеннің өзі шын мәнінде адамдық мен­шік­сіздік, яғни кәдімгі иесіздік болатын. «Өзіңдікі өзіңе, оттай ыстық көзіңе» деген сөз бар ғой. Қожайын керек. Неге бол­са да. Мүлікке де. Үйге де. Жұмыс орны­на да. Сонда ғана адамның жеке басы­ның мүдделілігі басталады. Қожайын елге де керек. Жерге, суға, орманға, жер асты байлықтарына – бәріне де иелік ет­песе болмайды. Сондықтан да мен КСРО Президенті лауазымын тағайындау мәсе­лесін қараған халық депутаттарының ІІІ съезінде республика Жоғарғы Кеңесі жерді, оның қазыналарын, суды, орманды, басқа да табиғат ресурстарын рес­пуб­лика меншігі деп жариялау құқын өзінде қалдырады дегенді ашық айттым. Бұл мәлімдемемді ешкім де ультиматум түрінде қабыл алмауы қажеттігін де ескерттім.

– Ол мәлімдемеңіз 1990 жылғы наурызда жасалған еді. Кейін ойлап отырсам, егемендік туралы мұндайлық нақты әңгімені КСРО көлемінде респуб­лика басшыларының арасында ең алдымен сіз көтерген екенсіз.

– Ол кезде ойымызды Лениннен цитата алып тұздықтап отыратын едік қой. Бір сөзімде Лениннің ұлттардың ерікті одағы толық сенімге негізделуі керек дегенін еске салғанмын. Сол то­лық сенім болды ма елде? Болған жоқ. КСРО-ның федерациялық мемлекет екен­дігі, Конституция бойынша әрбір одақ­тық республика дербес мемлекеттік құ­рылым болып табылатыны атымен ұмыт қалдырылды. Расында да, өзінің жеріне, өзінің байлығына иелік ете алмайтын дербес мемлекеттік құрылым бола ма екен? Эко­номикаға бақылау болмаған жерде егемендік те болмайтыны бесенеден бел­гілі. Сондықтан біз білетін Қазақ КСР-і егемен республика емес, Кеңес Одағының кәдімгі бір бөлшегі ғана еді.

Жалпы, КСРО халық депутаттарының съездері сол кездегі кеңестік қоғамның санасында терең із қалдырғаны талассыз. Коммунистік партияның күні өтіп бара жатқанын, оны реформалау жөнінде нақты қадамдар жасалмаса жағдайдың күн өткен сайын қиындай беретінін де сол съездер көрсетіп берді. Бір депутаттың: «Партияның қадірін өзінің іс-әрекетімен партияның өзі ғана кетіре алады» деп айтқаны есімде. Ауыр да болса әділ осы сөз партия басшылығын ойлантуға тиісті еді. Олай болмады. Қайта құру деген қоғам өмірін демократияландыруға, сол арқылы адамдар бойында бұғып жатқан бастамашылдық қуатты оятуға бағытталған, о баста жап-жақсы мақсаттарды көздеген шаруа еді. Сол шаруа құр сөзге айналып кетті. Барлық деңгейде жауапкершілік төмендеді. Тәртіп нашарлады. Тәртіптің кез келген жұмыстың міндетті шарты екендігі, тәртіп болмаған жерде демократия ерте ме, кеш пе қоғамды хаос пен бейберекеттікке ұрындырмай қоймайтыны ескерілмеді. Съезде сөйлеген сөзімде «Не біз осыны жасаймыз, не біз халықтың сенімінен айырыламыз» деген де болатынмын. Кейін айтқаным келді. Горбачев билігі халықтың сенімінен айырылды. «Қоғамдық меншік» дегенді бетке тұту арқылы орталық ведомстволар негізінен өз мүдделерін көздеген болатын. Олар республикалардың саясатында егемендік көбейе түскен сайын өздерінің құзыреті кеми беретінін ойлаудан аса алмады.

Бір кезде қатарында 20 миллион коммунист тұрған Компартияның қатары селдірей түскені де сондықтан. Партия мүшелігіне кандидаттардың мүшелікке өтуден бас тартуы, партиядан шығуға өтініш жазатындар қатары көбейді. Партияның лайықты тың күштермен толығуы іс жүзінде тоқтады деуге де болады.

– Қалалық, аудандық партия ко­митеттері бірінші хатшыларының республикалық кеңесінде бірқатар партия комитеттерінде партиялық стажы бір жылға да толмаған адамдарды нұсқаушылық жұмысқа алу фактілері кездескенін айтқаныңыз есімде.

– Бір ауданда жас коммунистің аупарткомның нұсқаушысы қызметіне партиялық билетті алған күні тағайындалған жағдайы да кездескен тіпті. Әрине, мұның бәрі партияның беделін төмендете берді. Сол тұста бірқатар облыстық партия конференцияларында обкомның бірінші хатшылары қайтадан сайланбай қалған болатын. Компартияның күнделікті жұмысын көбік сөз көміп кеткені сол партия жариялаған демократияның да қадірін түсіре берді. Демократия – мемлекеттің өмір сүру піші­ні. Оны адамның аузына не келсе­ соны айтуы, ойына не келсе соны істеуі, жауапсыздықпен ұштасып жататын жүгенсіздік деп ұғуға тіпті де болмайды. Біздің шығыстық өз дәстүріміз, отбасындағы қарым-қатынасымыз, бүкіл өміріміз батыстық христиандық тағылымын қабылдай алмайды. Халық бәрінен бұрын екі нәрседен – анархия мен деспотизмнен қорқады. Демократия осы екеуінің ортасынан табылуға тиісті.

– Бұл кезде Қазақстан экономи­ка­сындағы жағдай қандай еді?

– Бірқатар маңызды көрсеткіштер бойынша біздің республикамыздың жағдайы елдің басқа өңірлерімен салыстырғанда тәуірлеу болды. Бұған біз бәрінен бұрын қалыпты ахуалды сақтаудың, жұмысты дұрыс ұйымдастыра алудың арқасында қол жеткіздік.

ДӘЙЕКТЕМЕ:

«Әлбетте, республикалық органдар іс үстінде түзетулер енгізуге тырыс­ты. Тіпті халық шаруашылығында кейбір оң үрдістерге жете алдық. Олардың арасындағы бастысы – экономиканы әлеуметтік қажеттерге қарай бұру. Бесжылдықтың өткен төрт жылы ішінде тұтыну заттарын өндіретін өнеркәсіп 23,7 пайыз өсім берген болса, «А» тобы 14,2 пайыз ғана өсім берді. Тауар шығару 35,7 пайыздай артты. Инвестициялық саясатта да әлеуметтік саланың пайдасына қарай елеулі өзгерістер болды. Халық шаруашылығына бөлінген мемлекеттік күрделі қаржы жалпы алғанда үштің біріндей өскен жағдайда тұрғын үй құрылысындағы оның көлемі 1,5 есе дерлік артты. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында тұрғын үйлерді іске қосудың бесжылдық жоспары орындалды.

Мектептер, емханалар, ауруханалар салудың қарқыны едәуір артты. Ауыл шаруашылығы өнімін өндіруді ұлғайтудың байқалған үрдісі арқасында азық-түлікпен жабдықтау жақсара түсті. Өткен бесжылдықтың орташа жылдық деңгейімен салыстырғанда ет өндіру 285 мың тоннадан астам, сүт 649 мың тонна ұлғайды. Үстеме өнімнің үштен бір бөлігі жеке секторды озық қарқынмен дамыту есебінен алынды. Республика бұл саладағы шектеулерді елімізде алғашқылардың бірі болып алып тастады, соның нәтижесінде халықта ірі қараның саны 500 мыңға, қой мен ешкі – 1,5 миллионға, шошқа 100 мыңға көбейді. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуде белсенді түрде дамып келе жатқан бау-бақша, үй маңы шаруашылығы жақсы демеу болып отыр: баулы саяжай учаскелері бар отбасылардың саны төрт жылдың ішінде 302 мыңға, үй маңы бақша учаскелері барлар 82 мыңға көбейді. Кооперативтік қозғалыс нығайып келеді: қазір осы саланың кәсіпорындары бір жыл ішінде 1,5 миллиардтан астам сомның бұйымдарын өндіріп, түрлі қызметтер көрсетуде.

Алайда, бұл нәтижелер бізді ешқандай жайбарақаттандыра алмайды, өйткені, ол туып отырған қажеттіктерге тіпті де сай келмейді. Әрі десе оларға әміршіл-әкімшіл және экономикалық әдістерді болашағы жоқ, жасанды түрде ұштастыру тәртібімен қол жетті. Тұрақты да теңдестірілген экономикадан біз әлі де болса алыстамыз. Еліміздегі һәм республикадағы қазіргі экономикалық және әлеуметтік-саяси жағдай жоғары өнімді еңбек, бастамашылдық пен тапқырлық ынталандырыла, қажетті құрылымдық өзгерістерді жүзеге асыруға бағыттайтын шаруашылық орта қалыптастыру жөніндегі батыл шараларды қажет етуде».

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Компартиясының

XVII съезінде сөйлеген сөзден,

«Избранные речи», Астана, «Сарыарқа» 2009, 1-том, 237-238-беттер.

Әйтсе де, дағдарысты жағдайдан толық шыға алған жоқпыз. Оның басты себебі – ондаған жылдар бойы республика өнеркәсібінің құрылымы әбден бытысып біткен еді. Соның салдарынан Қазақстан елдің тек шикізат өндіретін өңіріне айналған еді. Біздің шикізаттың қызығын басқалар көретін. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін орталықтағы баспасөзде Қазақстан жасалған жақсылықты білмеді, басқалардың есебінен масыл күйінде тұрып жатқанын ұмытты деген сияқты әңгімеге дейін айтқан мақалалар да шыққан. Сырттай қарасаңыз, солай да сияқты. Қазақстанда өндірілген ұлттық табыс пен Қазақстанның оны дамытуға пайдаланатын ұлттық табыстың айырмасы 5 миллиард сомды құрайтын. Сөйтіп, республикаға жыл сайын одақтық бюджеттен қаржы дотация түрінде берілетін. Содан баратын да жерінің асты да, үсті де байлыққа толы Қазақстан дотациялық рес­публика деген аттан құтыла алмай жүретін. Ал мәселенің мәнісіне тереңдеу қарасаңыз, басқаша қорытынды жасайсыз. Республика өз аумағында орналасқан өнеркәсіптің небәрі 7 пайызына ғана иелік ете алатын. Бюджеттегі жаңағы үйлесімсіздіктің сыры бәрінен бұрын Қазақстанның өнімдеріне жөнсіз төмен баға қойылғандықтан өзге рес­публикалармен сайма-сай айырбас жасай алмайтынында еді. Есімде қалған бір-екі жайды келтірейін. Ақтөбе облысындағы тау-кен комбинаты бүкіл елдегі хром рудасының 95 пайызын өндіретін. Комбинат оның тоннасын 27 сомнан өткізетін. Ал Одақтың Сыртқы экономикалық байланыстар министрлігі әлгі руданың тоннасын шетке 100 валюталық сомға сататын. Былайша қарағанда үш есе ғана артық сатқан сияқты ма? Олай емес. Сомның сатып алу қабілетін қоса есептесеңіз руданың бағасы о бастағыдан кемінде 23 есе артық болып шығады. Балқаш мысы 16 есе қымбатқа сатылатын. Жаңағы министрлік валюта түсімінен кәсіпорынға да, өңірге де тас татырмайды. Еңбек ұжымдары одақтық министрліктерден өз тапқандарының аз ғана табысының өзін қол жайғандай күйде сұрап жүргендері. Бұған қалай төзе аларсың?! Сол кезде балабақша салудың өзіне Мәскеудің рұқсаты керек еді дегенге бүгінгі адамдар сенбейтін де шығар. Осының бәрі әуел баста сондай бір зымияндықпен, алыстан ойластырылған. Мысалы, Қазақстанның батысында сол кездің өзінде мұнай мен газ конденсатының бай қоры болды. Бірақ оларды өз жеріңде өңдеп, бензинге немесе кәдімгі тұтынатын газға айналдыра алмайсың. Ондай кәсіпорындардың бәрі Ресейдің Қазақстанмен шектес облыстарына салынып қойған… Мұндай жағдай біз егемендікке қол жеткізгеннен кейін де талайға дейін созылып келді. Осының бәрін көре тұрып, Қазақстанды «республика» деп қалай атауға болады? Бәрін де Мәскеу басқарып, билеп-төстеп отыратын.

– Әуел баста Одақтың сақталуын жақтағаныңызбен, біраздан кейін рес­публиканың «толық егемендігін» алға шығарғаныңыз белгілі. «Толық егемендіктің» түпкі мәні кәдімгі «тәуел­сіздік» екендігі сөз ұғатын адамның бәріне анық аңғарылып тұрған еді. Бұл өзгеріс неге байланыс­ты болды?

– Әр заманның өз талабы бар. Одақты сақтау дегенім Қазақстанды бүлдірмеудің амалы еді. Себебі бізді ішімізден де, сыртымыздан да бүлдіруге Орталықтың қолында жеткілікті әлеует бар болатын. Ол кезде мен үшін жаңарған Одақтың енді федерация болмайтындығының басы ашық еді. Біз кезінде Андрей Сахаровтың Одақты тең құқықты елдер достастығы ретінде қайта қалыптау жөніндегі көкейге қонымды ұсынысына құлақ аспадық.

– Халық депутаттарының ІІІ съе­зінде сіз КСРО Президенті лауазымын тағайындау жөніндегі заң жобасында ел Президенті өз міндетін атқара алмай­тын кезде оның өкілеттігі Жоғарғы Кеңес Төрағасына, былайша айтқанда, спикерге көшетіндігі жөніндегі қағидаға қарсы шығып, ел вице-президенті лауа­зымын тағайындауды ұсынып едіңіз. Сіздің ұсынысыңыз қабылданды. Кейін Янаев КСРО вице-президенті ретінде ГКЧП бүлігін бастағанда сондай ұсыныс жа­сағаныңызға өкінген жоқсыз ба?

– Сұрағың қызық. Мен ол ұсынысты сол лауазымға Янаевты сайлау үшін жасап па екенмін? Кеңес Одағындай елдің екінші тұлғасы Янаевтай адам болып шыға келеді деп кім ойлапты?

– Сол Янаевтың біздің респуб­ли­камыз­дағы желтоқсаннан кейін қай­тадан жаңа жарасып келе жатқан ұлтаралық татулықты бұзып жібере жаздағаны да бар. Сіз ол жайында Горбачев Қазақстанға келіп, респуб­лика активімен кездескенде Бас хатшының бетіне айтқансыз.

ДӘЙЕКТЕМЕ:

«Михаил Сергеевич, айтыңызшы, Сіз­дің орынбасарыңыз, ел вице-пре­зи­ден­ті Янаевтың казактар өкілдерін қабылдауын қалай бағалауға болады? Әңгіме не жайында болғаны бізге бей­мәлім, бірақ оның өзі Орал облысында жікшілдік қозғалыстардың жаңа тол­қы­нына себеп болды. Ал оған жауап ре­тінде жергілікті халықтың тиісті қимылы өршіді. Халықтарды осылайша қақтығыстыру кімге тиімді екенін мен білмеймін, бірақ ол көпұлтты Қазақстанға, сондай-ақ бүкіл елімізге зиян келтіретініне сенемін.

Казактардың жекелеген бөлімдерінің құрылуы туралы әңгімелер де бізді алаңдататынын жасырмаймын. Олар кімнен қорғанбақшы? Бәлкім, бұрынғы патшалық империяның аз ұлттарының есіне қарусыз көшпенділерді отарлау кезеңін салғысы келетін болар? Сол кезеңдегі алдауды, кемсітуді және қаталдықты халық осы уақытқа дейін ұмытқан жоқ. Жалпы алғанда, кейбіреулердің нақты уақыт пен кеңістік туралы ұғымы ауысып кеткен-ау деген әсер қалыптасып отыр.

Мені дұрыс түсінсеңіздер екен деймін. Біз барлық халықтардың теңдігін, лайықсыз ұмыт қалдырылған ізгі дәстүрлердің, әдет-ғұрыптар мен мәдени қазыналардың қалпына келтірілуін, республикадағы барлық халықтар тілдерінің дамытылуын жақтаймыз. Біз еңбексүйгіш казактардың ұрпақтары да қазақ жерінде өзін туған үйіндегідей сезінуін қалаймыз. Ал проблемаларды туғызып отырған тіпті де олар емес, қайта тар өрісті жеке мүдделері мен шамшылдығын қанағаттандыру үшін адамдар арасында іріткі салуды аса қажет етіп отырғандар. Егер бізге өзіміздің бейбіт өміріміз, балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы қымбат болса, осындай отпен ойнауды тоқтатуды ұсынамын. Шыдамдылық пен жүйкені әлсін-әлі сынаудың керегі жоқ. Тұрлауы жоқ өткен кезді аңсап жүрген желікбастарға ашық ескертемін және сақтандырамын: республикааралық шарттарда және мемлекеттік егемендік туралы декларацияларда қол сұғылмайды деп танылған республикалар арасындағы шекаралардың өзгертілуіне ешқашан жол бермейміз. Оның үстіне Қазақстан аумағында казактардың патша режіміне қызмет етуінің жылдығын мерекелеу әрекеттеріне, әсіресе, казак бөлімдерінің құрылуына жол бермейміз. Республика Жоғарғы Кеңесінің мені қолдайтынына сенемін».

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ,

КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы  М.С.Горбачевтің қатысуымен өткен  республикалық актив жиналысында сөйлеген сөзден, «Избранные речи», 1-том, 389-390-беттер.

– КСРО халық депутаттарының съездерінде сөйлеген сөздеріңіз сіздің бүкіл ел көлеміндегі беделіңізді ай­рықша биіктетіп жібергенін білеміз. Горбачев өз мемуарларында сізді вице-президенттікке немесе премьер-ми­нистрлікке ұсына алмағанына өкіне­тінін білдіреді.

ДӘЙЕКТЕМЕ:

«Одақты бәрінен де табанды түрде қорғаған Назарбаев болды. Біз онымен бұл тақырыпқа талай рет әрі ұзақ әңгімелескенбіз. Оның ұстанымының астарында Қазақстан халқының құрамы, экономикасының Ресей экономикасымен ықпалдастығының жоғары ғана емес, өте бірегей деңгейі сияқты объективті факторлар тұрды. Мәселе сонымен бірге Нұрсұлтан Әбішұлының саясаткер ретіндегі, санасында орыстың және қазақтың ұлттық мәдениеттері ажырағысыз біріккен адам ретіндегі жеке қасиеттерінде де еді. Бұл мәселе оған жай әншейін емес, өзінің сенім-нанымынан шығатын қағидатты іс екендігі сезіліп тұратын. Мен Назарбаевқа көптен көз салып жүрдім, оның іскерлік алғырлығын бағаладым, сондықтан да жағдаяттардың тоғысуы менің оны КСРО вице-президенті немесе премьер-министр лауазымына ұсынуға мүмкіндік бермегеніне өкінемін».

М.С.ГОРБАЧЕВ,

«Жизнь и реформы», М., 1995. 2-кітап, 583-бет.

– Горбачев КСРО вице-президенті лауазымына мені ресми түрде ұсынған емес. Сондай ойы бар екенін бірер рет ауызша білдірген болатын. Мұндай ұсыныс депутаттар тарапынан өзіме бірнеше рет жасалды, тіпті мәжіліс барысында депутаттар орындарынан тұрып, менің фамилиямды атады да. Басқа республикалар басшылары қолдады. Журналистердің де осыны нақты қозғағаны, бірнеше рет жазғаны бар. Мен ондай ұсыныс болған күнде де бас тартатынымды аңғартқанмын.

– ГКЧП бүлігі туралы әңгіме еткен кезде біз ондай газет мақалаларының кейбірін келтіргенбіз. «Правда» газетінің тілшісі: «Бірқатар депутаттар сіздің кандидатураңызды вице-президент қызметіне ұсынбақшы. Сіздің бұған көзқарасыңыз қалай?» деп сұрағанда сіз: «Сол вице-президенттің не үшін керектігін білмеймін… Егер оған Конституцияны өзгерту жобасындағы рөл тисе, онда бұл кезекті көмекшілік қызмет. Мен өзімді ондай құрылымда елестете алмаймын» (1990, 24 желтоқсан) деп жауап қайтарғансыз.

 

– Сол тұста осындай сұрақты маған «Московские новости» газеті де қойған. Мен өзіміз Конституцияға енгізгелі отырған құқықтар вице-президентке бастамашылық үшін мүмкіндік бермейтінін айтқанмын. Ол ешқандай пәрмені, құқығы жоқ лауазым еді. Горбачев солай болуын қалады. Сондықтан мен бұған о бастан қарсы болдым.

– Ол қызметтің жайы солай болды. Ал енді КСРО Үкіметінің басшысы, яғни премьер-министр қызметінен бас тартуыңыздың себебі қалай? Та­тарстанның бұрынғы президенті Мин­темир Шаймиевтің «Независимая газетаның» бетінде «Назарбаев премьер-министр болғанда біз Одақты сақтап қалар едік» (1993, 28 шілде) деп жаз­ғанын бұрын да бір айтқанбыз.

– Мақсат қалайда Одақты сақтап қалуда емес қой. Ол кездегі мәселенің мәнін дәл бұрынғы Одақты сол күйінде сақтау деп қарауға тіпті де болмайды. Одақтың тарауына бір жыл ғана қалған кез еді. Біріншіден, Премьер-министрдің қолында ештеңе қалмады, республикалар өз білгенін істеді. Қабылданған шешімдер орындалмады. Сонда экономиканы қалай басқаруға болады? Осыны ойлауға тура келді. Екіншіден, мен Мәскеуде отырып, өз еліме – Қазақстанға не жақсылық жасай аламын? Содан мен жай ғана бас тартпай, біраз өз талаптарымды қойдым. Оларды Горбачевтің қабылдамайтынын білдім. Мұны уақыт дәлелдеді.

ДӘЙЕКТЕМЕ:

«– 1991 жылдың 3 қаңтарында Гор­бачев өткізген мәжілісте Үкіметтің жаңа басшысы жөнінде әңгіме қоз­ға­лыпты. Евгений Примаков пен Вадим Бакатин ол қызметке сіздің кан­ди­датураңызды ұсыныпты. Леонид Млечин «Назарбаев. Групповой портрет с президентом» деген кітабында: «Тогда вопрос отложился. Но в июле решение было принято» деп жазады. Жыл басында бұл мәселе неге кейінге қалдырылды?

– 1990 жылғы желтоқсан айында Жоғарғы Кеңес депутаттарының талаптарымен Н.И.Рыжков орнынан кетуге мәжбүр болды. Сол кездер­де Президенттік кеңес болашақ Премьер­дің кандидатурасын қарауға кі­рісті. Бұл Кеңеске одақтық және автономиялық республикалар басшылары мүше бол­ды. Сондай бір Кеңес отырысы ке­зінде Үкімет басшысы етіп кімді та­ғайындаймыз деген сауал қойылды. Жаңа аталған адамдармен бірге М.Шай­миев мені қолдады. Мен егер Үкі­мет төрағалығына кірісетін болсам, онда ең алдымен барлық республикаларда болып шығуым керек, олардың парламенттерінің осы тағайындауға келісімін алуым керек, экономикалық реформаларды алаңдаусыз жүргізетіндей кең өкілеттілік қолыма берілуі керек, осындай өкілеттіктермен ғана мұндай жұмысқа кірісуім мүмкін дегенді айттым Горбачевке. «Егер рес­публикалар менің тағайындауымды қолдаса, онда бірқатар шұғыл шараларды қабылдауыма тура келеді. Үкімет басшысы ретінде бүкіл экономикалық саясатты бір қолда ұстауым керек», дегенді де айттым. Михаил Сергеевичтің түрі өзгеріңкіреп кетті. «Сонда мен немен айналысамын?», деді. «Сіз халықаралық мәселелермен айналысасыз», дедім. Ол кісі үнсіз қалды. Әрине, Горбачевтің өз өкілеттігін өз қолымен шектеуге келіспейтіні белгілі еді».

«Сергелдеңнің соңы»,

«Егемен Қазақстан», 1991, 18 тамыз.

–  Сонымен, сіз мұндай биік қыз­мет­тен Горбачевке оның қабылдауы мүмкін емес шарт қою арқылы бас тарттыңыз деуге болады ғой?

– Олай деуге болады. Шынымды айтсам, мен Қазақстанды сол лауазым үшін қал­дырып кеткім келмеді. Одақтағы жағдай да қиын еді. Мен экономикалық формация ауысып, қоғамдық жүйе өзгеріп жатқан өтпелі шақта КСРО сияқты алып мемлекетті тез арада бөлшектеуге жол беру жөнсіз, тіпті қауіпті екендігін талай рет айттым да. Бар назарды на­рыққа бірте-бірте ауысудың жолын қарастыруға, оған көшудің алғашқы бір жарым-екі жылында көп қиындық болатынына, халықтың әл-ауқаты күрт түсіп кететініне көнуге тура келетініне аударуға шақырдым. Экономиканы жөндеудің, нұсқау беру мен монополизмге негізделген құрылымды қиратудың мұнан басқа жолы жоқ екенін еске салумен болдым. Біз жұртқа мәселенің мәнін түсіндіріп, қоғамдық сананы барша адамдар істің жайын жақсартуға мүдделілік танытатындай етіп өзгертуге тиісті едік. Сол бағытта біраз жұмыс атқарылды да. Әйтсе де, Одақтың іргесін оның негізін қалаған Ресей Федерациясының өзі алдымен қазғанына тарих куә. Ресей алдымен өз Компартиясын құрып, КОКП-ның біртұтастығын бұзды, одан кейін мемлекеттік тәуелсіздігін алдымен жария­лап, КСРО-ның біртұтастығын бұзды. Оны жұрттың бәрі біледі.

Одақты жаңғырту ниетінен күдер үздірген себептің бірі – Горбачевтің екіұдай саясаты. Ол біресе ана лагерьге, біресе мына лагерьге арқа сүйеп, басы қосылмайтындардың басын қосуға, тіпті жауығып алғандардың өзін өз жағына тартуға жанталасып бақты. Ақыр аяғында ешкім оны қолдамайтын болып шықты.

– Ешкім қолдамайтыны бір басқа, өзі сенген, өзі ұсынып, аса биік лауа­зымдарға сайланған адамдары өзін сатып та кетті ғой. Горбачевтің кітабынан «Назарбаев туралы ойладым, бірақ оның орнын Қазақстанда баса алатын адамды таппадым. Ойлануға уақыт қалмады, сол кезде Янаев «қолға түсе» кетті. Қатты қателескен жерім сол!» деген жолдарды («Жизнь и реформы», 2-кітап, 532-бет – С.А.) бұрын да еске салғанбыз.

– Мәселе Янаевтың «қолға түсе» кет­кенінде емес. Мәселе Михаил Сер­геевичтің вице-президенттікке айтқаны­нан шықпайтын, өзіндік пікірі жоқ, табанының бүрі жоқ, мінезсіз адамды іздегенінде. Соны тапқанында. Кейін дәл сол адам бүкіл әлем алдында бет-жүзі бүлк етпей, Горбачев қатты науқас, ел басқаруға денсаулығы көтермейді, сондықтан билікті өз қолыма аламын деп жалған сөйлеп, оның өзін сатып кетті, заңды Президентті саяжайында қамап ұстап, сыртқы дүниемен байланысын үзді, Мәскеу көшелеріне танк шығарып, қан төктірді. Мұның өзі де Горбачевтің, қазақша айтқанда, адам танымайтынына тағы бір дәлел. Саясатта мұндай жағдайлар кездесіп тұратыны анық. Ондайлар бізде де болғанын халық біледі. «Күшік асырап, ит еттім, Ол балтырымды қанатты. Біреуге мылтық үйреттім. Ол мерген болды, мені атты» деп Абай айтқандай жағдайды көрдік. Жастайынан өсірген, тәрбиелеген адамдар лауазымды көтере алмай, бас ауған жағына кетеді. Бірақ мынаның жасағаны өте сорақылық болды. Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитет деп аталған бүлікшілердің тірлігі жөнінде саған кезінде егжей-тегжейлі айтқанмын («Сергелдеңнен соң», «Егемен Қазақстан», 2011 жылғы 18 тамыз – С.А.). Оған енді қайта тоқталып жатпай-ақ қояйық. Тек біздің республика аумағында төтенше жағдай жариялаудан бас тартқанымызды, комитеттің құрылуының өзін заңсыз деп танығанымызды ғана (Қазақ КСР Президентінің Мәлімдемесінде: «Үш адам құрған, КСРО Жоғарғы Кеңесі мен респуб­ликалар қатыспаған комитет әуел бастан-ақ заңсыз құжаттарды дүниеге әкелуде, олар, басқаларына қоса, егемендік туралы республикалық декларацияларды аяқасты етуде, нарықтық экономикаға көшудің таңдап алынған бағытын елеп-ескермеуде», делінген болатын – С.А.) қоса айта кетейін. ГКЧП бүлігінен кейін көп нәрсе өзгерді. Мен КОКП Орталық комитетінің Саяси Бюросы мүшелігінен және КОКП Орталық комитетінің құрамынан шығатыным жөнінде мәлімдеме жасадым. Арада бір апта өткенде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің кезектен тыс пленумын шақырдық, пленумда мен Орталық комитеттің бірінші хатшысы өкілеттігін доғаратынымды мәлімдедім, республикада Компартияның қызметін тоқтатуды ұсындым. Менің ұсынысым қолдау тапты.               

ДӘЙЕКТЕМЕ:

«Қазіргі жағдайда мен қиын таңдау жасап тұрмын және өзімнен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы міндетін аламын. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті өзінің қызметін тоқтату туралы жариялап, бірден-бір дұрыс шешім қабылдауға тиіс деп есептеймін, бұл шешімді партияның қатардағы мүшелері қолдайды деп сенемін. Кезектен тыс съезд немесе конференция өткізу үшін ұйымдық комитет құру қажет, Компартияның бұдан былайғы тағдыры сонда айқындалуы керек. Облыстық комитеттерден бастап, қалған басқа партия комитеттері де осылай істеуге тиіс.

Қазақ КСР Президенті ретінде мен Қазақстан халқына берген антыма, жаңару, республиканың мемлекеттік егемендігін тереңдету, экономиканы түбегейлі реформалау саясатына, Қазақстанның аумағын мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың теңдігі, адам құқығын сақтау принципіне өзімнің адалдығым туралы бекем мәлімдеймін».

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің кезектен тыс пленумында сөйлеген сөзден,

«Избранные речи», Астана, «Сарыарқа», 1-том, 484-бет.

– Тамыз бүлігінің тағылымы дегенде нені айтар едіңіз?

– Ол оқиға Компартияны бетперде тұтқан реакциялық күштердің тарихтың объективті дамуына кедергі келтірмекке жанталасының, қолдан сусып бара жатқан билікке жабысуының, әбден іріп-шіріп біткен империялық, тоталитарлық режімді қайта қалпына келтіру далбасасының нақ өзі еді. Бұдан кейін республикалардың толықтай мемлекеттік тәуелсіздікке ұм­тылуы тек ұлттық сана-сезімнің өрлеуінің ғана емес, тоталитарлық орталықтың қыспағынан құтылу әрекетінің де нә­тижесіне айналды. Былайша айтқанда, ГКЧП бүлігінің үлкен пайдасы да болды. Ол, біріншіден, онсыз да талқаны таусылуға таяу тұрған КОКП-ның тарих сахнасынан кетуін тездетіп берді, екіншіден, одақтас республикалардың тәуелсіздік тарихының бастауына жол ашты. Мысалы, Украина «тамыз бүлігі» атанып кеткен сол күндерден іле-шала, 24 тамызда өз тәуелсіздігін жариялады. Ельцин танк үстіне шығып, мәскеуліктерді баррикадаға шақырған, Горбачев Форостағы «тұтқыннан» босатылып келіп, Ресей парламентінің көз алдында Ельцин ұсынған қағаздарға оның бетіне жаутаң-жаутаң қарап тұрып қол қоюға мәжбүр етілген, қысқасы, Орталық билігінің күлі көкке ұшуға жақын қалған шақты мен де пайдалануды ұйғардым. Оның орайы да келіп тұр еді. Қазақ жерінде алғашқы ядролық сынақ 1949 жылғы 29 тамызда жасалған ғой. Дәл сол күні, яғни 1991 жылғы 29 тамызда мен «Семей сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойдым. 409-шы Жарлық болатын. Тарихи құжат ретінде нөміріне дейін есімде сақталып қалған. Бұл жайында бұрынырақта саған біраз әңгіме айтқанмын («Тажалдың тұншықтырылуы», «Егемен Қазақстан», 2011 жылғы 27 тамыз – С.А.).

– ГКЧП-ға тағы бір орала кетсек. «Ельцин. Тамыздағы үш күн» деген көркем фильм Горбачевтің, Ельциннің және Назарбаевтың Мәскеуде кез­десуінен, жаңа Одақтық шартқа қол қойғаннан кейін жасалатын кадрлық тағайындауларды талқылауынан бас­талады. Ельцин Егемен мемлекеттер одағы деп аталатын болашақ жаңа елдің президенттігіне Горбачевті, ал премьер-министрлігіне Назарбаевты ұсынатынын айтады, Горбачев сіздің кандидатураңызға келісімін білді

Соңғы жаңалықтар