Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік – бұл біздің басты байлығымыз, баға жетпес жетістігіміз», деп кемел ой түйіп, нұрлы болашақты нақтылағаны мәлім.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік – бұл біздің басты байлығымыз, баға жетпес жетістігіміз», деп кемел ой түйіп, нұрлы болашақты нақтылағаны мәлім.
«Өзін өзі билеген ел бақытты» деп армандаған қазаққа тарих Тәуелсіздіктің мәртебелі биігіне көтерілу құрметін сыйлағаны тегін болмаған шығар. Шаң басқан мұрағаттар мен ел жадында сақталған ерлік, өрлік рухтағы жырларға үңілсек, еліміздің Тәуелсіздікке жету жолында қанша белестен өтіп, сансыз қиындық көріп, нендей құрбандыққа барғандығын зерделей аламыз. Әрине, бұл өткеннің еншісінде қалды десек те, сом білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін, жерін қорғаған ата-бабамыздың ерен ерлігі, асқақ арманы екені хақ. Егеменді ел болу жолындағы халқымыздың қайыспас қайсарлығы, ең бастысы – әр ұрпақ өз кезегінде ата-баба аманатын аман сақтап, келер ұрпақ өкіліне өткізу парызын мінсіз атқарғандығы ғаламат қой. Ақылдың кені, данагөй қарттарын тыңдап, құдіретті күш иесі һәм қасиетті абыздарымен де мақтана алатын қазақ тарихы байлығымен де, құндылығымен де бүгінгі ұрпақ бойында мақтаныш сезімін ұялатады.
Тәуелсіздік! Осы бір қасиетті сөзді қайталаған сайын жаның тебіренеді, еліміздің арғы-бергі тарихы ойыңа оралады. Сонау Аттила мен Елтеріс қағаннан, Күлтегін мен Тұныкөк жыраудан жалғасып, кешегі Жәнібек пен Керей іргесін қалаған қазақ хандығының мұратын жалғастырушы Абылай ханмен мақтанбайтын қазақ кемде-кем. Өйткені, ел Тәуелсіздігінің бір бастауы қазақтың тұтастығын сақтап қалуға зор еңбек сіңірген Абылай хан емес пе?! Үш жүздің басын қосып, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды данагөйлермен кеңесе отырып, Аңырақай шайқасында қазақтың көк туын желбіреткен осы Абылай хан ғой.
Сынаптай сырғыған уақыт ағысымен кеңестік дәуір өктемдігін жүргізген кезде сол бір зобалаң жылдардың кесірінен ұлты үшін құрбан болған арыстарымыздың аяулы арманы, көздеген мақсаты дербес ел болып, өз шаңырағын құру емес пе еді?! Берілесек, кешегі 16 желтоқсандағы ақ қар, көк мұздың үстінде тұрып, жүрегін еліне деген мақтанышпен суарған Қайрат, Ләззат сынды жастарымыздың елім, жерім деп қыршынынан қиылған ғұмыры осының дәлелі. Ендеше, бүгінгі Тәуелсіздік таңымен бірге күннің шуағына бөлене бейқам ұйықтап, жадырап оянатын жас ұрпақтың келешегі жарқын болып, бақуатты ғұмыр кешуі – ата-бабаның өшпес, ерен еңбегі, батырлығы, ержүректігі мен еліне деген сүйіспеншілігінің қайта жанған шамшырағы деуге негіз жеткілікті.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құрып, Тәуелсіздігін төрткүл дүниеге паш еткен Қазақстан дербес, Тәуелсіз ел болудың барлық кезеңдерінен өтті. Бүгінгі Қазақстан Республикасы – Ата Заңы құзырлы, Көк туы желбіреген, Елтаңбасы айбынды, Әнұраны асқақ асқаралы ел. Біз ұлттық валютасы бар, қаржы жүйесі қалыптасқан, шетелдермен сауда-саттығы жақсы үйлесім тапқан және экспортқа өз өнімін шығара алатын, жан-жағына жалтақтамайтын, өзгелердің өктемдігіне көнбейтін, етек-жеңін жинаған, қажет болса өзге елге ақыл айтып, өнеге бола білген тұғырлы биікке санаулы жылда жеткен жеңімпаз ел болғанымызбен мақтануға тиіспіз.

Тәуелсіз болу – бақыт. Тәуелсіздікке қолы жеткен елдер алдында одан да биік мақсаттар туындайды. Ол – қол жеткен табыстардың баянды болуы. Ол үшін тәуелсіздікті нығайтып, еліміздің еркіндігін еңбекпен еселеуіміз қажет. Қазақстан таяудағы жылдар ішінде әлемдік бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына кіруі тиіс. Бұл дегеніміз – бәсекеге төтеп беру. Әлемдік бәсекеге төтеп берудің басты шарты – күшті рух пен білім. Тәуелсіздіктің жиырма екі жылында Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесінің мазмұны да, бағыты да, маңызы да өзгеріп, жаңа сипатқа ие болды. Елбасының жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасында білім саласында көптеген реформалар жүзеге асып, тың идеяларға дем беріп, жаңаша бетбұрыс жолына түсті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қабылданған «Болашақ» бағдарламасының өзі мемлекетіміз үшін қаншама маңызы болды. Биыл, міне, бұл бағдарламаның жүзеге асқанына да 20 жыл толып, білім жүйесінің локомотивіне айналды. Ілім мен білімнің дамуы – адамзат өркениетінің өлшемі, десек бұл жолда да Елбасы көрегендік танытты. Өйткені, қашанда білімі күшті ел озады, білімі әлсіз ел оған қызмет етеді. Бұл – дәлелді қажет етпейтін заңдылық.
Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ,
І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры,
заң ғылымдарының докторы, профессор.
ТАЛДЫҚОРҒАН.