Жасым 85-те. Ол кездері «Социалистік Қазақстан» деген аталымға ие басылыммен 1951 жылы тағдырдың қалай табыстырғаны көкейімде жатталып қалыпты. Әке-шешеден жастай айырылып, 8 сыныптан кейін оқуды әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік болмады.
Жасым 85-те. Ол кездері «Социалистік Қазақстан» деген аталымға ие басылыммен 1951 жылы тағдырдың қалай табыстырғаны көкейімде жатталып қалыпты. Әке-шешеден жастай айырылып, 8 сыныптан кейін оқуды әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік болмады. Соғыс салған ауыр жарадан ауыл адамдарының әлі оңалып кете қоймаған, тіршіліктің жүдеу кезі. Біз құралыптас өңкей жетімектерді Қарағанды қаласындағы фзо-ға жіберді. Онда үш ай оқып, шахтаға жұмысқа кірдім. Арагідік қолыма облыстық «Советтік Қарағанды» газеті ілігіп қалып жүрді. Қазақ ауылында туып-өсіп, мектепті ана тілімде бітіргендіктен, құмарлығым ба – үтір-нүктесіне дейін бас алмастан оқып шығамын. Фзо-ны бітіргеннен кейін Петропавл қаласындағы Атқарушы механизмдер зауытына токарь болып орналастым. Үйреніп қалған әдетіммен бірде кітапханаға бас сұқтым. Өңкей орысша басылымдар... Қазақ тіліндегі біреуі ырымға табылсайшы. Содан салып ұрып «партком» деген жазуы анадайдан «менмұндалап» тұрған кабинетке кірдім. Жастық шақтың қызбалығы ма, намыс отының тұтанғаны ма, тап басып айта алмаймын. Ұзын сөздің қысқасы, мосқал тартқан партком хатшысы менің не айтпағымды түсінген болу керек, күлімсіреген күйі есікке дейін шығарып салды. Көп ұзамай кітапханада алғашқы қазақ газеттері республикалық"Социалистік Қазақстан» мен облыстық «Ленин туы» пайда болды.
Осы кәсіпорында бақандай 45 жыл қызмет еттім. Бюро мүшелігіне де, депутаттыққа да, Қазақстан съезіне делегат болып та сайландым. Арада 62 жыл аттай желіп өте шықса да, қос басылымның тұрақты оқырманымын. Тіпті, Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында ақсақалдар алқасының мүшесі бола жүріп, қазақ тіліндегі газет-журналдарға жазылуды талмай насихаттадық. Бүгінде қатарымызда жоқ Мәжкен Ғаббасов, Ніл Болатбаев, Қосыл Омаров сықылды ұлтжанды замандастарым газет-журналға жазылуды «Егемен Қазақстан» мен «Солтүстік Қазақстан» басылымдарынан бастайтын. Жүрген-тұрған жерлерінде осы газеттерде жарық көрген тағылымды мақалалардан мысалдар келтіріп, үлгі-өнеге ретінде алға тартып отыратын.
Қазір жасым ұлғайса да, әбден бауыр басып қалған сүйікті газетімнен қол үзген емеспін. Жұма намазына барған кезде өзім тұрғылас «Егеменнің» тұрақты оқырмандары Зейнолла қажы Олжабаевпен, Ожан Қалимен газеттің таралымы, бағыт-бағдары жайлы пікірлесіп тұрамыз. Көкейкесті мәселелерді талқыға саламыз.
Сөз арасында Ұлттық банк облыстық филиалының директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Қажырахымов Жомарт балама ризашылығымды білдіргім келеді. Маған демеушілік қолын созып, «Егеменге» жаздырып жүр. Кейін білсем, 10 шақты еңбек ардагерлері мен аз қамтылған жандарға да алдыртады екен. Жомарт сықылды жомарт қолды азаматтар арқасында келесі жылы да оқырмандар қатарына қосылып отырмын.
Мырзатай БАЙМАҚАНОВ,
зейнеткер.
Солтүстік Қазақстан облысы.