
Емхана кешені елорданың халық көп шоғырланған ауданында, Жамбыл және Сейфуллин көшелерінің қиылысында қоныс тепкен. Бұл нысан Елбасының тікелей бастамасымен өмірге келген «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде пайдалануға беріліп отыр. №10 амбулаториялық-емхана алғашқы кезеңде бір ауысымда 500 адамға қызмет көрсетіп, 65 мың қала тұрғынын медициналық қызметпен қамтамасыз етуге арналған. Болашақта емхананың әлеуеті бір ауысымда 750 адамға, жалпы, 95 мың қала тұрғынына медициналық қызмет көрсетпек.
Емхана кешені елорданың халық көп шоғырланған ауданында, Жамбыл және Сейфуллин көшелерінің қиылысында қоныс тепкен. Бұл нысан Елбасының тікелей бастамасымен өмірге келген «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде пайдалануға беріліп отыр. №10 амбулаториялық-емхана алғашқы кезеңде бір ауысымда 500 адамға қызмет көрсетіп, 65 мың қала тұрғынын медициналық қызметпен қамтамасыз етуге арналған. Болашақта емхананың әлеуеті бір ауысымда 750 адамға, жалпы, 95 мың қала тұрғынына медициналық қызмет көрсетпек.
Халық саны күннен-күнге қаулап өсіп отырған мегаполисімізде емхана жетімсіздігі көптен бері тілге тиек етіліп келеді. Осы проблеманы жеңілдету мақсатында пайдалануға беріліп отырған жаңа емхана бұрын №4 қалалық емханаға қарасты 45 мың адамға және №5 қалалық емханаға қарасты 20 мың адамға қызмет көрсететін болады. Сөйтіп, №4, №5 қалалық емханалардың жұмыс ауқымы белгіленген стандарттарға сәйкес шақталып, жалпы, сол жағалаудың тұрғындарына медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға қолайлы жағдай жасайды.

№10 емханада 22 жоғары білімді дәрігер жұмыс істейтін болады. Емхана бүгінгі озық технологияға негізделген заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Кешен жалпы көлемі 20 661,8 шаршы метрді құрайтын, үш блоктан тұратын 5 қабатты ғимаратта орналасқан. Оның құрамына емдік-алдын алу және консультациялық-диагностикалық бөлімдер, отбасы денсаулығы орталығы, амбулаториялық хирургия орталығы, қалпына келтіру терапиясы, жастар денсаулығы орталықтары кіреді.
Жаңа емханада қаламызда жұмыс істейтін №5 және №8 емханалардағы сияқты науқастардың санын оңтайландыруға және тіркеу бөлімінің жұмыс үдерісін қалыпқа келтіретін электрондық кезек жүйесі енгізілген. Бұл жүйе науқастарға қызмет көрсету сапасын арттырып, емханадағы кезек ретін азайтады. Одан басқа, аталған емханада «Smart Astana» жобасы шеңберінде қала тұрғындарымен жұмыс істеу үшін бірыңғай медициналық ақпараттық Call-орталығын ашу бойынша қанатқақты жоба жоспарлануда. Оның қызметкерлері денсаулық сақтау саласында азаматтардың шағымдары мен арыздарын қарап, қабылдайды, халыққа анықтамалық және консультациялық көмек көрсетеді. «Smart Astana» жобасының негізгі тапсырмасы, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуді жақсартуға көмегін тигізетін бір ақпараттық жолда Астана қаласының барлық медициналық мекемелерінің бірігуі болып табылады.
Жаңа денсаулық сақтау мекемелерінің ашылуы қала емханаларының жүктемесін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді. Еске сала кетсек, 2012 жылдың соңында Аманат көшесінде ауысымына 500 адамға қызмет көрсететін емхана және 250 адамға арналған емханасы бар көпсалалы балалар ауруханасы ашылған болатын. Ағымдағы жылдың қарашасында №1 перинаталдық орталық базасында 250 адамға арналған БМСК орталығы ашылған. Атқарылған шаралар кешені 2014 жылдың ортасында Қазақстанның астанасында амбулаториялық-емханалық жүйе жүктемесі бойынша мәселе толық шешімін табатындығына негіз болады.
Сонымен бірге, Тәуелсіздік мерекесі құрметіне жұма күні Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов салтанатты жағдайда Қалалық жедел медициналық жәрдем стансасына (ҚЖМЖС) 23 жаңа жедел жәрдем автокөлігін тапсырды. Үстіміздегі жылдың 1 желтоқсанға дейінгі жағдай бойынша ҚЖМЖС-ның балансында 74 жедел жәрдем машинасы болатын. Оның тұрақты түрде 62-сі пайдаланылып келді. Қалғандары күрделі жөндеуді қажет ететін ескі көліктер еді. ҚЖМЖС-ның базасы бірден 23 жаңа машинамен толығуына байланысты қала тұрғындарын жедел медициналық жәрдем қызметімен қамтамасыз ету сапасы жақсарды.
Жаңа 23 жедел жәрдем машиналарының 6-уы жалпы құны 113,928 миллион теңге болатын Hyundai маркалы автомобильдер болса, 17-сі жалпы құны 227,37 миллион теңге болатын «Газель» маркалы автомобильдер. Бұл жедел жәрдем көліктері бүгінгі заманның озық медициналық жабдықтарымен жарақтандырылған. Жаңа автомобильдер республикалық бюджеттен арнайы бөлінген қаржы есебінен алынды. Қалалық жедел медициналық жәрдем стансасының автокөлік кешенінің жаңа машиналармен толығуы қала тұрғындарына көрсетілетін жедел медициналық жәрдем сапасының жаңа деңгейде көтерілуіне мүмкіндік береді.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ.