Бұл жиынды Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің өзі өткізгені тақырыптың маңызды екенін көрсеткендей.
«Қаланы қардан тазарту – өте маңызды мәселе. Бұл жұмыстарды уақтылы, дер кезінде жүргізу қажет. Өйткені адам өмірінің қауіпсіздігі күн тәртібінде тұр. Бүгінде Орал қаласында жаяу жүргінші жолдарын қардан тазарту бойынша тұрғындар тарапынан наразылық бар», деді өңір басшысы.
Өткен желтоқсан айында 400-ге жуық адам мұзға тайып құлап, ауруханалардың жарақат бөліміне жеткізілген екен. Биылғы сайлау қарсаңында жауған қар аралас жаңбыр да қала көшелерін көктайғақ етіп кетті. Қаланы қардан тазарту жұмысы ең алдымен орталықта, магистралды көшелерде жүргізілетіндіктен, шет аумақтар, шағынаудан тұрғындары көбірек жапа шегеді. Сондай-ақ көпқабатты үйлердің ауласы мен айналасын таза ұстауға тиіс ПИК-тер (пәтер иелері кооперативтері) де бұл міндетіне самарқау.
Бүгінде Орал қаласындағы мемлекеттік автомобиль жолдарын таза ұстап, шаһардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету «Жайық Таза Қала» мекемесіне жүктелген. Тәулік бойы, демалыс және мереке күндеріне қарамай қызмет көрсететін бұл кәсіпорын Орал қаласы аумағында 615 километр автомобиль жолын, 235,7 шақырым тротуарды таза ұстауы тиіс.
Сараптама жұмыстары көрсеткендей, қаладағы автомобиль жолдарын қардан тазарту ісінде пәлендей іркіліс жоқ. Негізгі түйін – жаяу жүргіншілер жолағында болып тұр.
Қала әкімі Абат Шыныбеков Орал қаласының өзінде жаяу жүргінші жолдарының ұзындығы 162 шақырым екенін, ол жолдар 20 қаңтарда 70 пайыз тазартылғанын айтты. Ең басты қиындық – «Жайық таза қала» мекемесінде тротуарға сиып жүретін шағын техника жеткіліксіз. Осы мекеменің құрылтайшысы, Тұрарбек Тілемісовтің айтуынша, мұндай техниканың бағасы да әдеттегі көліктерден әлдеқайда қымбат екен.
Сонымен, бүгінде Орал қаласындағы барлық магистральды көшелердің жаяу жүргінші жолын тазалауға 6 ВТЗ тракторы жүреді екен. Бұдан басқа қосымша 20 бірлік құрама (құмсалғыштар), 6 автогрейдер, 16 тиегіш, 27 КО МТЗ тракторы, 1 «Арктика» қар тиегіші, 4 бірлік ЗИЛ шанағы, 10 КАМАЗ шанағы, 5 «ГАЗ 53», 5 Ко-206 қар тиегіші, 1 К-701, 1 «ДТ-75» тракторы, 4 бірлік вакуумдық автомашина бар екен. Бұған қоса мұз оятын 5 мобильді бригада ұйымдастырылған.
Жиында қалаға қарасты Зачаганск кентінде күні бүгінге дейін 19704 текшеметр қар шығарылғаны, жалпы ұзындығы 50 шақырымдық тротуардың 75 пайызы тазартылғаны айтылды. Кент аумағында күнделікті 45 адамнан құралған 3 бригада 20 техниканың көмегімен 2 ауысымда жұмыс істеп жатыр екен.
Круглоозерный кентінде де «Жайық Таза Қала» мекемесінің 2 бригадасы елдімекен аумағындағы 62 көшенің 41,9 км жолын толық тазалаған.
Деркөл кентінде ұзындығы 15 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолының 60%-ы тазартылған. Желаев ауылында да бүгінге дейін 2500 текшеметр қар шығарылыпты. Жалпы қала бойынша 263363 текше метрге жуық қар қала аумағынан аулаққа әкетілген.
«Полигон алыс»
Жиында «Жайық Таза Қала» мекемесінің басшылығы қаланы қардан тазарту барысында кездесетін кейбір қиындықты ортаға салды.
Соның бірі – көшеден жиналған қарды төгетін арнаулы полигонның қашықтығы.
– Бұрын біз қарды телеорталық маңындағы сайға төгетінбіз. Ол қала орталығына жақын болғандықтан, біздің жүк көліктеріміз аз уақытта көп рейс жасайтын, сөйтіп жұмыс қарқыны артатын. Қазір біздің көліктердің бір айналымы үшін 49 минут кетеді. Қар тазарту жұмысының кешеуілдеу себебінің бірі осы, – деді Тұрарбек Тілемісов.
Бүгінде тазартылған қарды «Асан» карьеріне және Зачаганск кенті, Балауса шағын ауданындағы арнаулы полигондарға шығару рұқсат етілген. Қосымша Шолохов ауданында қар шығаруға арналған полигон қарастырылуда. Ал телеорталықтағы бұрынғы полигон орны Шаған өзеніне жақын болғандықтан, экология басқармасы оны пайдалануға тиым салған.
– Интернеттегі ашық мәліметтерді пайдаланып, әлем бойынша қалаларды қардан тазарту жүйесін қарап шықтық. Барлық жерде қар төгетін полигондар ашық су көздеріне жақын, тіпті теңіз жағасында орналасқан. Жиналған қар көктемде еріп, суға қосылуы мүмкін, бірақ қар құрамындағы зиянды заттар, қоқыс-қалдықтар полигон орнында қалады, ол жерді біз тазалап отырамыз, – дейді «Жайық Таза Қала» басшысы.
Аталған мекемеде бүгінде жалпы саны 158-ге жуық коммуналдық және жол техникасы бар екен. Соның 58-і соңғы екі жылда сатып алынған. Бүгінде 300 тонна қыстық дизель отыны, 17 тонна жазғы дизель, 14 мың тонна инертті материал, яғни жолға шашатын құм бар екен.
Кейбір тұрғындар «қар жауып бастағанда неге бірден тазартылмайды?» деп жатады. Мамандардың айтуынша көше қарын бірден сыпырып, күреуге болмайды екен. Ондай жағдайда мұз жабыны – көктайғақ пайда болып, жол апаты қаупі күшеймек. Сондықтан әуелі қарға тұз араласқан құм себіліп, одан кейін 2-3 сағаттан кейін ғана тазалау жұмысы басталуы тиіс көрінеді.
«Жайық Таза Қала» мекемесінде ұзын саны 750 адам қызмет етеді. Штат саны тағы ұлғаймақ, өйткені қала аумағы үлкейіп келеді. Осы жерде бір мәселе – жұмысшылардың көбе егде тартқан, орташа 50 жасты құрайды. «Өйткені жастар аз, олар ауыр жұмыс жасағысы келмейді», дейді басшылар.
ПИК-тер мен ЖК
Орал қаласында 1 238 көп қабатты тұрғын үй бар. Оларға 108 ПИК қызмет көрсетеді. Көп қабатты тұрғын үйлердің іргелес аумақтарының тазалығына ПИК қызметкерлері жауап береді.
– Қала көшелерінде төбеден төніп, қауіп төндіріп тұрған мұздарды алдырту және жаяу жүргінші жолдарын тазалау үшін қаладағы мониторинг топтары тиісті мекемелер мен ПИК басшыларына, кәсіпкерлерге ескерту парақтарын таратуда. Тәртіп бойынша көше бойында, тұрғын үйлерде орналасқан дүкендер, шағын кәсіпкерлік нысандары өз ғимараттары алдындағы жүргінші жолдарын тазартуы тиіс, – дейді қала әкімі Абат Шыныбеков.
Жоғарыдағы талапты бұзған кәсіпорын мен мекеме басшыларына, кәсіпкерлік нысандарына әкімшілік жаза қарастырылған. Жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жергілікті полициямен бірге белгіленбеген орындарда қоқыс тастау, қарды жинау бойынша рейдтік іс-шараларды жүйелі өткізеді.
2020 жылы Орал қаласының жергіоікті полиция басқармасы осындай 1856 құқық бұзушылықты анықтаған. Оның ішінде 1839 құқық бұзушыға ескерту жасап, жалпы көлемі 786 650 теңге көлемінде айыппұл салған 17 қаулы шығарған. Осының 709 310 теңгесі өндіріп алынған.
– 2021 жылдың қаңтар айынан бастап құқық бұзушылықтың 17 фактісін анықтап, ескерту түрінде әкімшілік жаза қолданылды. Сонымен қатар, Орал қаласының кәсіпкерлері мен бизнес объектілердің иелеріне меншік нысанына қарамастан, іргелес аумақты тазалау қажеттілігі туралы Push-хабарлама жіберу жоспарлануда, – дейді Абат Шыныбеков.
Мұндай хабарлама алған кәсіпкер тез арада әрекет етпесе, айыппұлға тарту қарастырылған.
Облыс әкімі Ғали Есқалиев Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының шешімімен бекітілген абаттандыру қағидалары қатаң сақталуы қажеттігін қала басшыларының есіне салды. Бұл ережеде барлық ұйымдық-құқықтық нысандар меншігіндегі аумақты бес метр шегінде өз қаражаты есебінен күтіп ұстауға, тазалығын қадағалуға міндетті делінген.
– Абаттандыру ережелеріне сәйкес қар мен мұзды уақтылы тазаламаған бизнес нысандары, ПИК-тер, жер үй иелері айыппұл төлейді. Алайда бұл тәртіптен көптеген кәсіпкерлік нысандары хабарсыз. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын жандандыру керек. Түскен қардың көлеміне байланысты оны тазалаудың уақыт мөлшері, нақты стандарты жасалсын. Талапты орындамағандармен «айыппұл тілінде» сөйлесу керек, – деді өңір басшысы.