Оқулықтар гуманитарлық білімнің барлық бағытын қамтиды. Атап айтқанда, философия, әлеуметтану, психология, дипломатия, дінтану, лингвистика, семиотика, педагогика, ғаламтор психологиясы, мәдениеттану, антропология, журналистика, экономика, менеджмент, маркетинг, кәсіпкерлік, халықаралық құқық, интеллектуалдық құқық, кинотану, театртану, шығыс философиясы, көшбасшылық, медиа, этнография салалары бойынша 100 оқулық еліміздегі 130 ЖОО кітапханасына тегін таратылды.
Дәулетбек Раев – дүние жүзінің маңдайалды университеттерінің оқу бағдарламасына енген еңбектерді қазақ тіліне аударуға үлес қосқан ғалымдардың бірі. Ол философия ғылымдарының докторы, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры. Біз ғалымның отандық оқулық аудару тәжірибесі туралы ойын сұрап-білдік.
Дәулетбек Раев, философия ғылымдарының докторы: «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы отандық әрі ТМД елдерінің білім беру саласында теңдесі жоқ тың идея болғаны анық. Мұндағы басты мақсат – қазақ тілді студенттерге мемлекеттік тілімізде білім алуға жол ашу, әлемдік беделді авторлардың еңбегін қазақ тілінде оқуға мүмкіндік беру, жастарды әлемдік білім мен мәдениет көздерінен сусындату», деп айтты.
Сондай-ақ Дәулетбек Раев оқулықтарды аудару арқылы салалық және пәндік оқытудың теориялық-әдістемелік базасын кеңейтуге мүмкіндіктер жасалып жатқанын тілге тиек етті.
«Өйткені елімізде білім алушылар мен білім берушілердің бәрі бірдей батыс пен шығыс тілдерін жақсы білмейді. Сондықтан шетелдің танымал жоғары оқу орындарында қолданылатын, бірнеше басылым сұранысына ие болған кітаптардың түпнұсқадан тікелей мемлекеттік тілге аударылуы – отандық ғалым-аудармашылар үшін зор мәртебе әрі үлкен стимул. Бұл аударма үдерісі елімізде аудармашылар мектебін қалыптастыра алды әрі сол мектепте білікті мамандар кәсібилігін арттырса, жаңадан қосылған жастар тәжірибе жинады», дейді Дәулетбек Раев.
Дәулетбек Раевтың айтуынша, тіпті аудармашылар әлеуметтік институт ретінде үлкен сыннан өткен.
«Мен белгілі француз ғалымы Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы», Роберт Трагердің «Дипломатия. Коммуникация және халықаралық тәртіп негіздері», француз философы Жил Делөздің «Кино 1. Қозғалыс-бейне», Кино 2. Уақыт-бейне» деп аталатын туындыларын аудару жұмысына ғылыми редактор ретінде қатыстым. Бертран Расселдің «Батыс философиясының тарихы» еңбегі мен бірнеше оқулыққа сарапшы болдым», деп айтып өтті ғалым.
Жобада түпнұсқадағы әр ойдың тұтастығы мен дәлдігін жоғалтпай, дұрыс аударылуына баса назар аударылды.
Философия ғылымдарының докторы: «Ұлттық аударма бюросы осындай ауқымды жұмысты кәсіби негізде ұйымдастыруға барынша тырысты. Жалпы бізде салалық аудармашылар өте аз. Сондықтан тілді жақсы білетін аудармашы мен сол саланың маманы бірлесе жұмыс істеді. Аудару және ғылыми редактор жұмысында қиындық болмады деп айтсақ, жалған болар еді. Түпнұсқа кітаптардың тілі мен стилі күрделі. Сондықтан осы кітаптарға жауапты шығармашылық топ терминдік, символдық тұрғыда өте көп ізденді. Бұл ізденіс аудармашылардың семантикалық танымын кеңейтті, ойды жеткізу мен баяндаудағы кәсіби шеберлігін арттырды», деп толықтырып өтті.
Айта кетейік, әлемнің 100 оқулығын аудару – гуманитарлық білім беру саласындағы концептуалды ойлау жүйесін жетілдіруге негіз болған.
«Ұлттық терминжасам жүйесін жандандырды. Еліміздегі аударма саласының салалық тынысын аша түсті әрі гуманитарлық білімнің әр саласында аудармашылар қауымдастығы қалыптасты десек, қателеспейміз», деп түйіндеді Дәулетбек Раев.