Оқиға • 22 Қаңтар, 2021

Оспан батырдың соңғы суреті

3879 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Фотография өнері ерте дамығанда, қаншама тарихи тұлға­ларымыздың бет-бейнесі көз алдымызда сақталар еді?! Та­рихи дейміз, үйіңізден арғы атаңыздың фотосын таппайсыз ғой. Ал әлеуеті көш ілгері елдерде бұл мамандық ерте қолға алын­ған­дықтан тарихы да дәлелді.

Оспан батырдың соңғы суреті

 

Басқаны қайдам, әлеуметтік желіде Шығыс Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрескен Оспан батырдың ешқайда жариялан­баған фотосы көзге оттай басыл­ды. Дереу жазба авторы, жазу­шы – Жәди Шәкенұлына хабарлас­қанмын. Жазушының айтуынша, мұндай құнды суреттерді қы­тайдың мұрағатынан алған екен.

– Бұл фотоны 1951 жылы 19 ақ­­панда Қытайдың Гансу өлкесі, Хайзы деген жерінде Оспан батыр қолға түскенде, қытайдың фотографы түсірген, – деді Жәди Шәкенұлы.

Демек, бұл батырдың дүние­ден өтерінен екі ай бұрынғы фотосы. Оспан 1951 жылдың 29 сәуірінде, 52 жасында атылған. Фотода ірі денелі, мінезді кісі бол­ғаны көрініп тұр.

 

«Оспанды ұстау». Қытай әскерінің естелігі

Осы суреттің тарихы туралы сыр суыртпақтағанымда, Жәди Шәкенұлы «Алаштың ақиық батыры» атты мақаласының бір бөлімін ұсынды. Соны ықшамдап, қалың оқырманға ұсынуды жөн көрдік: «Оспанды ұстауға ерекше еңбек көрсеткен қытай әскері Күң Чиңйұн «Оспанды ұстау» атты мақаласында былай дейді: «1951 жылы 19 ақпан күні таң сә­ріде атты әскерлер бригада­сы Оспанның 30 неше киіз үйіне 3 бағыттан тұтқиылдан шабуыл жасады. Шырт ұйқыда жат­қан 100-ден аса бандыны тұт­қынға алды. Оспанның орынбасар қолбасшысы Жанарқанды тұра қашқанда, қуа атысып, оққа ұшыр­ды. Штаб бастығы Қапасты жа­ралы күйде қолға түсірді. Бан­ды атаманы Оспан ақбоз атына мініп, бандылардан бірнешеуін ертіп, қашып кетті. Ол кезде атты әскер бригадасының 3 взводында мәдениет мұғалімі едім. Атқа мықты болғандықтан, Оспанды қуғандардың қатарында мен де алда келе жаттым. Алдымда қа­шып бара жатқан Оспанды анық­тап көрген тұста жігерленіп, қай­ратыма мініп, дәлдеп ата бер­дім. Бандылардың бірнешеуі аттан домалап түсті. Ал Оспан ша­уып бара жатып, оқ жаудырумен болды. Жиырма жастағы тепсе темір үзетін шағым еді. Атымды тебіне қамшылап ұштырттым. Атым Оспанның ақбоз атына жа­на­салай жақындағанда, Оспан­ға қарай ұмтыла секіріп, құ­шақ­тай бас салып, құлаттым. Жер­ге түскен соң, арпақ-құрпақ алы­сып сілкілестік. Оспан менен бой­шаңдығына, денелігіне сүйеніп, мылтығының найзасымен басымды қасқалай жарды. Жараның жаныма батқанына қарамай, мен де бар пәрменіммен жұдырықтап, тепкілей бердім. Кенет Оспан жа­нындағы кездігін суырып алып, мені оқты көзімен атып, жарып жібермек болып, тұра ұмтылды. Дәл осы кезде біздің бригада­ның аспазы Лю Хуалин шауып жетіп, жалма-жан мылтығының дүмімен Оспанды бастан ұрып үлгерді. Қылмысы басынан асқан құйыршық атаманы пышағы қо­лынан ұшып, есеңгіреп ұзыны­нан түсті. Барлығымыз жабылып бай­лап алдық». («Шынжаңда бе­лең берген шынайы істер», 3-том. Үрімжі, 2009 ж., 190-бет).

 

Батырдың ұлы – Нәбидің естелігі

Оспан төңкерісінде әкесімен тізе қоса шайқасқан батыр ұлда­ры – Шердиман, Ниғыметолла және Нәби еді. Шердиман 1970 жылы Құлжада түрмеге қама­лып, ұрып-соғумен, аштан өлді. Ниғыметолла 1972 жылы нау­қаст­ан қайтыс болды. Нәби талай тарғалаң тарихты кешіп, 2000 жылы өзінің туған ауылы Өр Ал­тай­дың Көктоғайында құдай ажа­лынан көз жұмды. Сол Нәби өзінің кейінге қалдырып кеткен естеліктерінде әкесінің қолды болуын былайша әңгімелейді: «1951 жылы 19 ақпанда таң енді аға­рып келе жатқанда жау басып, азан-қазан болды да кетті. Әкемнің ақ ордасы мен менің шатырым іргелес болатын. Жүгіріп шығып, бірден әкемнің үйінің белдеуіне қарадым. Күндіз-түні белдеу­де қаңтарулы тұратын ақ­боз аты жоқ. Кетіп қалған екен деп түй­дім іштей. Үйдің алдында су ағар жы­рашық бар болатын, дома­лап сол жырашыққа түсіп бас көтерместен бүкшеңдеп құлдап жүгірдім. Алла сәтін салғанда ал­дымнан екі ағам – Шердиман мен Ниғыметолланы кезіктіріп, үшеуіміз табыстық. Олар менен бірден әкемнің жағдайын сұрады, мен «сыртқа шыққанда белдеуде ат жоқ, құтылған болар» деген жорамал айттым. Олар «ұзап кетпей тұрып нақты көз жеткізіп алайық» деді. Алайда ол кезде Қытай әскерлері ауыл­ды түгелдей қоршап алған болатын. Ағаларым маған «біз амалын тауып қойды ауылға қа­рай беттетейік, сен қой ішімен ең­бектеп, тіл алып қайт» деген соң, сол айламен қайта ауылға кіріп әкемнің кетіп қалғанын бі­ліп шықтым. Сосын ағаларым «таң ағармай тұрып, тау жаққа жетіп, бой тасалайық, қоршау бұз­ғандардың бәрі сол жаққа бет алған болар, аман болсақ табысып, ақыл қосармыз» деді. Су ағарды құлдай сәл жүгіріп, енді алаңқайға шыққанымыз сол еді, арттан біз­ді байқап, қуған шеріктердің дауысы естіліп, аспанға оқ атты. Ағам Шердиман: «Сәл қашып барып бір-бірімізге арқа беріп тұра қалайық, олар бізді тірі қолға тү­сірмек, сол үшін көздеп оқ атпай­ды. Айнала қоршайды, сол кезде үшеуіміз бірге айналдыра шай­қайық, жалғыз амал сол», деді. Ра­сында олар келіп басымыздан асыра оқ атып шыр көбелек айналып қоршап, былдырлап айғайлап жатыр. Шердиманның дауысы шыға үшеуіміз қатар шайқап едік, 10 ат ойнап шыға келді. Үшеуіміз үш атты мініп, қалғанын айдап, өлген шеріктердің қару-жарағын алып, тез бой тасалап үлгердік.

Ал әкем жау келіп басқанда қоршауды бұзып шығып кетіпті. «Оспан қашса, ақбоз атпен қа­ша­ды, сол ақ атының артынан қал­май, қуалау керек» деген қатаң тап­сырма алған шеріктердің тобы әу дегенде-ақ батырдың соңынан өкшелей қуады. Оспан батыр қаша соғысып, Хайзы көліне келіп түседі. Ат тағасы тозғандық­тан, көл ортасына барғанда шат­қалақтап барып, жығылып тұр­май қалады. Қытай әскерлері жа­қындай береді. Мойнындағы ағылшын автоматын алып, бір айналдырып шайқаған соң автомат қақалып, оқ шығармай қалады. Жан құралының оғы таусылады. Осы сәтте қаптаған сарыла шеріктер келіп басады. Батыр қо­нышындағы қанжарды суырып, бір қаншасын сұлатқан. Алайда шиебөріше қаптаған қалың шерік қойсын ба?! Қолға түскен батырды күн шыға түйеге матап байлап, қол-аяғын кісендеп, ауыл жанынан алып өтеді. Оны көрген қызы Пәнсия дауыс салып, түйе үстінде байлаулы отырған әкесінің аяғын құшып жылайды. Сол сәтте Ошың (Оспан) өзінің батыр қызына: «Өшір үніңді, дұшпанның алдында көз жасыңды көрсетпе! Мені қытай мықтылығынан ұстаған жоқ, Құдайдың бұйрығымен ұс­тады. Алла бұйырды, мені байлап алды. Мен өкінбеймін, қайт ке­йін!» деп паң күйінде аяқ-қолы кісен­деулі түйе үстінде қайқайып кете барады».

Жылап-шулаған ауыл адамдарына да қарап: «Көз жастарыңды көл қылғанша, естеріңді жинап, ертеңдеріңді ойлаңдар!» деп қатал әмір етеді».

Оспанды ұстауға ерекше ең­­бек көрсеткен қытай әскері Күң Чиңйұн «Оспан бандыны тірі­дей ұстау» атты мақаласына Ос­пан­ның ұсталғаннан кейінгі, қос ал­дында түсірілген суреті мен оны ұс­тауға ерекше еңбек көр­сет­­кен Күң Чиңйұн бастаған 7 адам­­ның марапатталған сәттегі топ­­тық суретін ұсыныпты. Сурет­тің астына «1951 жылы 2 айдың 19 күні бан­дылардың атаманы Оспан Нан­шандағы (Оңтүстік тау – Ж.Ш) Хай­зы өңірінде азат­тық ар­мия­ның үш қосыны жа­ғы­нан тірі­дей қолға түсті» деген анық­тама берген.