20 Сәуір, 2010

АССАМБЛЕЯ КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫ

711 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік хатшысы – Сыртқы істер ми­нистрі Қанат Саудабаевтың қа­тысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті. Қанат Бекмырза­ұлы өз сөзінде Кеңес мүшелерін Ассам­блея­ның 15 жылдық мерейтойымен құттықтады, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы ая­сын­дағы Ассамблеяның рөлі мен міндеттеріне тоқталды. “Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лығы – ағымдағы жылдың саяси басым­дық­тарының бастысы. Еліміз өзінің этнос­ара­лық және конфессияаралық келісім, төзім­ділік пен мәдениетаралық үнқатысу бойын­ша оң тәжірибесін ЕҚЫҰ аумағының негізгі басымдығына айналдыруға ұмты­лады”, – деді Мемлекеттік хатшы – Сырт­қы істер министрі. Сонымен қатар, Қ.Саудабаев Елба­сының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақ­станның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақ­стан халқына Жолдауын іске асыруға Ассамблеяның белсенді қатысып жатқанын атап көрсетті. Отырыс барысында Кеңес мүшелері Қазақстанның Ел бірлігі доктринасы жо­басын пысықтау жөніндегі қоғамдық комис­сияның ұсыныстарын қарады. Қоғамдық комиссия мүшелері Д. Нұр-Ахмет және Л.Н.Гу­ми­лев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Б.Әбді­райы­мов аталған құжаттың жобасын толықтыру және талқылау нәтижелері, осы жұмыстың ашық және азаматтар тара­пынан асқан мүдделілікпен жүргізілгені туралы айтып, Кеңес мүшелерін жобаның негізгі бағыттарымен таныстырды. Ассамблея Кеңесі Ел бірлігі доктринасы жобасын мақұлдау туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, Ассамблея Кеңесінің мүшелері Алматы облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау көрсету мәселесін талқылады. Қазақстан халқы Ассамблеясының Алматы облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау көрсету штабының басшысы З.Касановтың осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар мен Қызылағаш ауылына әлеуметтік маңызды объектілер салу туралы ақпараты тыңдалды. Ол “Қызылағаштағы жағдай халықтың ауызбіршілігі, ауыр жағдайда қолұшын беру, қолдау көрсетуге дайын екендігін көрсетті. Ассамблея мүшелері, Астана, Алматы қалалары мен облыстық бөлімшелері бір күндік жалақыларын аударды, 8,5 млн. теңгеге азық-түлік жіберіп, 8 млн. теңге қаржы қосты. Қызылағаш ауылының тұрғындарына ас беріп, кездесулер өткізді. Сонымен қатар, Ассамблея ауыл жастарына арналған спорт залы мен тұрғындарға монша кешенін салып беруді міндетіне алып, 96 млн. теңгелік сметалық жоба жасады”, – деді З.Касанов. Кеңес аталған штаб арқылы зардап шеккендерге бағытты көмек көрсетуді жалғастыру туралы шешім қабылдады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.