«Қызыл аймақта» Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары тұр. Эпидемиялық ахуал дабыл қағарлық жағдайға жеткен бұл өңірлерде қауіпсіздік шаралары барынша күшейтіліп жатыр. Өңірлердің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа қаулылары шығып, талап-тәртіп қатаңдатылды.
Павлодар облысында өңірдің бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес қалааралық және ауданаралық бағытта жолаушыларды тасымалдау тоқтатылады. Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі Ғизат Абешевтің айтуынша, Ақсу – Павлодар бағытын қоспағанда, облыс ішіндегі қалааралық және ауданаралық автобус, шағын автобус жолаушылар тасымалы тоқтатылады. Қоғамдық тамақтану орындары тапсырысты жеткізу немесе өзімен бірге алып кету режіміне ауыстырылады. Сауда орындары, таксилер мен қоғамдық көліктерде санитарлық дезинфекция күшейтіледі. Халыққа қызмет көрсету орталықтары сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін алдын ала жазылу арқылы қызмет көрсетеді және сенбі, жексенбі, мереке күндері жұмыс кестесіне тыйым салынады.
Ақмола облысында да өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы шығып, соған сәйкес ХҚО-лардың, соның ішінде мамандандырылған ХҚО, 1414 call-орталығы және виртуалды ассистенттердің жұмысы реттеледі. Енді жұмыс күндері олар 09.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді, ал сенбі және жексенбі күндері жұмысын тоқтатады. Бұл ретте азаматтарды қабылдау электронды үкімет порталы немесе call-орталық арқылы кезекті алдын ала брондау арқылы жүзеге асырылады.
Індеттің қайта өршіп, кең таралуына сақтық шараларына салғырт қарап, талап, тәртіпті жете ескермеу себеп болып жатыр. Бас прокуратура Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің баспасөз қызметі хабарлағандай, карантиндік шектеулер енгізу және санитарлық талаптарды қатаңдату кезеңінде елдің денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлері анықтаған құқық бұзушылықтар саны артты. Жалпы 3,6 млрд теңге сомасына айыппұл салу туралы қаулы шығарылды, оның ішінде құқық бұзушылар
3 млрд теңге төледі.
Осындай айыппұлдардың көпшілігі Түркістан облысында (5 014), Алматы қаласында (4 775) және Шығыс Қазақстан облысында (1 831) салынған. Олардың ең аз саны Маңғыстау (204), Павлодар (523) және Жамбыл (590) облыстарында тіркелген. Маска тағу режімін бұзғаны үшін 15 613 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл тұрғыда Алматы қаласы (4 434), Түркістан
(4 009) және Шығыс Қазақстан (1 126) облыстары көш бастап тұр.