19 сәуірде ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев өзінің әріптестері: ресейлік – Сергей Лавровпен, қытайлық – Ян Цзечимен және испаниялық – Мигель Анхель Моратиноспен телефон арқылы келіссөздер өткізді, деп хабарлады СІМ-нің баспасөз қызметі.
Қ.Саудабаев пен С.Лавров Қазақстанның, Ресейдің және АҚШ-тың президенттері Н.Назарбаевтың, Д.Медведев пен Б.Обаманың бірлескен күш-жігері нәтижесінде, әрі ЕҚЫҰ, БҰҰ және Еуроодақтың араағайындығы арқасында Қ.Бакиевтің Қырғызстан аумағын тастап шығуы қамтамасыз етіліп, мұның өзі қоғамның жіктелуіне және Қырғызстандағы азамат соғысының ықтималдығына жол берілмеді, деді. Әңгімелесушілер бұл елдегі ахуалды жедел және толық тұрақтандырудың, құқық тәртібін қалпына келтірудің маңыздылығын және ел халқының өмірін қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін шешу қажеттілігін атап өтті.
Ян Цзечимен әңгіме барысында тараптар көршілес Қырғызстанда қалыптасқан жағдайға алаңдаушылық білдіріп, ахуалды қалпына келтіруде бұл елдің халқына және Уақытша үкіметіне қолдау білдірудің маңыздылығын атап көрсетті. Қазақстан мен Қытай жағынан Қырғызстанға көмек жолдаудың басымдығы атап өтілді. Әңгімелесушілер Қырғызстандағы ахуалды реттеуге Шанхай ынтымақтастық ұйымының ресурстарын тарту және бұл мәселені ұйымның алда болатын шараларында талқылау мүмкіндігін қарастырды.
М.Моратинос Нұрсұлтан Назарбаевтың ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші Мемлекеттің басшысы ретінде Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыруға қосқан үлесіне Еуроодақ атынан жоғары баға берді және Қырғызстанды саяси дағдарыстан шығару жөнінде Еуроодақтың ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастықты ұлғайтуға әзір екендігін білдірді.
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде Қ.Саудабаев өз сұхбаттастарын Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жағдайға жергілікті орында баға беру және Қырғызстанның Уақытша үкіметі басшылығымен, қоғамдық-саяси топтардың және азаматтық қоғамның өкілдерімен елдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірді қалпына келтіру жолдарын талқылау үшін 20 сәуірде өзінің Бішкекке баратыны туралы хабардар етті.