Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен болған Парламент Сенаты бюросының отырысында палатаның алдағы 21 сәуірде болатын кезекті жалпы отырысының күн тәртібін қалыптастыру туралы тұрақты комитеттердің ұсыныстары қаралды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Депутаттар отырыста “Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы” заң жобасын қарайды. Сондай-ақ “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы бірінші оқылымда, “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы екінші оқылымда талқыланатын болды.
Бюро отырысында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Президенті Ж.Соарештің Қырғызстандағы жағдайды байқау жөніндегі Арнайы өкілі Әділ Ахметовтің ақпараты тыңдалды.
Сенат депутаты Ә.Ахметов ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасының Арнайы уәкілі Жәнібек Кәрібжановпен бірге осы елге барып, уақытша үкімет басшыларымен, таратылған парламент депутаттарымен, белгілі қоғам қайраткерлерімен, үкіметтік емес ұйымдардың, Қырғыз Республикасында тіркелген дипломатиялық миссиялардың, халықаралық қаржы ұйымдары мен институттарының өкілдерімен кездесулер өткізген болатын.