Қоғам • 27 Қаңтар, 2021

Көне шаһар келбеті (Алматының біртұтас бейнесі қашан қалыптасады?)

365 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Аумағы артқан сайын құрылысы да қарқын алған Алматының бүгінгі сәулеті қандай? Қарт шаһардың өткенінен сыр шертетін тарихи нысандар замана сыпатына сай сән түзеген зәулім ғимараттардың тасасында қалып бара жатқан жоқ па? Былтыр Алматыны дамыту бағытында келелі кеңес өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қала билігіне шаһардың тарихи келбетін сақтау «бармақ басты, көз қысты» қарайтын мәселе емес екенін шегелеп тапсырған болатын.

Көне шаһар келбеті (Алматының біртұтас бейнесі қашан қалыптасады?)

 

Әсте, қаланың тарихи келбетін сақтау ескіге жабысып, жаңаны жолатпау деген ұғым емес. Жылдар жылжып, уақыт сырғыған сайын заманға сай жаңа ғимараттардың бой көтеруі заңды. Мәселе, сол нысандарға ортақ бірізділік қалыптастыру, әрі қаланың өзіне тән ерекшелігін жоғалт­пау. Алматы жасыл желек құша­ғында, әсем таулардың баурайында орналасуымен ерек. Яғни біз айтып отырған қос игілік қаланың басты артықшылығы болып қала беруге тиіс еді... Тиіс еді дегенді тегін айтып отырғанымыз жоқ. Өйткені бұл қағида бүгінгі күні қаншалықты сақталып отыр деген сауал туындайды. Қоғам белсендісі Асхат Асылбековтің пікірінше, мил­лион­дар тоғысқан мегаполис дәл осы тұрғыдан кел­генде ақсап тұр. Ендеше, тақы­рып­ты маман сөзімен тарқатып көрейік.

– Соңғы 20 жылда тау баура­йындағы аңызға айнал­ған алма ағаштары түп-та­мырымен жойылып, төбелер­дің басына дейін үйлер салынды. Мұның екі себебі бар. Біріншісі, халық санының өсуі, екіншісі – тау алқаптарындағы көрікті жерлердің жаппай сатылуы. Бір қателік бірнеше қиындықтың қақпасын ашып берді. Бұл өз кезегінде қала эко­ло­гиясын есеңгіретті, ай­мақ­тың сейсмикалық қауіпті аумақта орналасуы мүлдем ескерілмейтін болды. Бұл жеңіл қарайтын жағдай емес. Қазір қала ішінде кішкентай бос орын пайда бола қалса бірден алып тұрғын үй бой көтереді. Мұның салдары қаланың тығыздығын арттырып, тұрғындардың жайлы өміріне қолайсыздық туды­рып отыр. Дегенмен бұл жайт­­ты жан-жақты қарас­тыр­ған жөн. Басты қынжыл­та­тын жайт, жаппай салынып жатқан құрылыс нысан­дарында жалпы қалаға ортақ эстетикалық талғам қалып­таспауы. Мәселен, Анкара мен Ыстанбұлға барсаңыз әуе­жайдан бастап сол елдің рухы сезіледі. Яғни құры­лыс нысандары ұлттық ерек­ше­ліктерге бейімделіп жасал­ған. Айталық, үй шатыр­лары­ның түсі біркелкі. Көлік жол­дарының өзі табиғи ерекше­ліктер ескеріле отырып жа­салған, ұқсата білу, табиғаттың өз әдемілігін бүгінгі күнмен тиімді үйлестіру деген дүниені байқайсыз. Бізге осы нәрсе жетпейді, қала ішінде биік төбе болса соны күреп тас­тап, әйнек ғимарат салғанды жақсы көреміз. Сонда табиғи ерекшелік, ұлттық бренд қайда қалады, – дейді А.Асылбеков.

Маман мұны реттеудің бір ғана жолы қала билігі құрылыс жүйесін қатаң қадағалап, кеткен кемшіліктердің орнын толтыруы керек дегенді айтады. Бұл үшін ортақ стан­дарт қалыптастырып, құры­лыс­шылар мен кәсіпкерлерге жоғары талап қою қажет. Есте болса, Алматыны бір­ың­ғай дизайн код бойынша кө­рік­тендіріп, сәулетін бір­келкілендіру жұмысы бірер жыл бұрын басталған болатын. Қаланың сәулетін айқындайтын дизайн кодта тұрғын үйлердің қасбеті қан­дай түспен боялуы керек­тігі, балкондардың біркелкі жабдықталуы, тіпті жарнама сөрелерінің орналасуына дейін құжатқа енгізілген. Ал нәтиже қандай? Осы сауалға жауап іздеген тағы бір сарапшының ойы төмендегідей.

– Мені алаңдататын ах­уал – Алматының эстетика­лық келбеті. Өйткені ғимарат­тар­дың бірі қызыл болса, енді біреуі жасыл. Мекемелердің түр-түсі де әркелкі. Қарасаңыз, ортақ үйлесім таба алмайсыз. Осы орайда қаланың архитектурасына, құрылысына ортақ стандарт қажет-ақ. Нысандарда өзара үйлесім мен байланыс болса дейсің. Себебі бұл – үлкен мәдениеттің бел­гісі. Мәселен, Еуропаның кез келген мемлекетіне бара қалсаңыз, ғимараттардың эстетикалық талғамы есіңізді алады. Бәрі біркелкі. Ортақ стандарт бірден көзге ұрады. Бізге де осы қажет, – дейді академик Ораз Баймұратов.

Соңғы жылдардың шең­берінде қаладағы саябақтар мен жол жиектерінде ұлттық нақышта көмкерілген түрлі муралдар пайда бола бастады. Сапа мен талғам біріне-бірі сай болса, ғимараттардың сырт келбеттері этностық нақыштармен өрнектелсе деген пікірлер ауық-ауық айтылып жүр. Жер сілкіну қаупі жоғары өңірдегі тұрғын үйлер мен ғимараттардың тиісті нормаға сай салынуы өз алдына бөлек әңгіме.

Қалай дегенде де сең қоз­ғал­ды. Алматы билігі был­­тыр­дан бері құрылыс сапа­сы­на тереңірек көңіл бөле бас­тағандай. Әсіресе шаһар­дың тарихи орталығын қал­пында сақтап қалуға мән бері­ліп отыр. Жүйелі шешім қа­был­дау, жұртшылықты аумақтарда құрылыс салуды талқылауға тарту, сондай-ақ бизнесті қолдау үшін теңдес­тірілген шешімдер қабылдау мақсатында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жа­уап­ты басқармаға туындаған мәселелерді оңтайлы шешу үшін қала құрылысын рет­тейтін жаңа ережелер әзірлеуді тапсырған болатын.

Алматы қалалық Жоспар­лау және урбанистика бас­қар­масының басшысы Алмас­хан Ахмеджановтың айтуын­ша, бұдан былай әрбір алма­ты­лық қаланың қоғамдық кеңіс­тігін өзгерту бойынша өз идеясын ұсына алады. Қала тұр­ғындарының барлық ұсыныс­тары эскиздерді әзірлеу кезін­де қаралып, ескерілмек.

Жуырда қала әкімінің төрағалығымен құрылыс ком­панияларының және кәсіби қауымдастықтың өкіл­дері бас қосқан кеңесте тұрғын үй құрылысы саласында құрылыс мерзімін сақтау және жұмыс сапасын арттыру мәселе­лері жан-жақты талқыланып, аталған мәселенің тамырына қан жүгірді.

Бүгінгі таңда Алматыда 779 құрылыс нысаны болса, оның 533-і коммерциялық объект. Аталған құрылыс жұ­мыс­тарын барлығы 323 құры­лыс компаниясы мен 135 тех­никалық қадағалау ұйы­мы жүзеге асырып отыр. Ар­найы жүргізілген мони­торинг нәтижелері бо­йынша 2020 жылы құрылыс ком­па­ния­ларының 80%-ы өз ісіне салғырт қарағаны үшін жауап­кершілікке тартылған. Атап айтқанда 154 компания әртүрлі санаттағы құрылыс лицензияларынан айырылса, 69 мекеменің лицензиясы алты ай мерзімге тоқтатылды. Құрылыс нормаларын бұз­ғаны үшін жыл ішінде салын­ған айыппұлдардың жалпы со­масы 220,3 млн теңгені құра­ған. Оның ішінде жеке тұл­ғаларға – 124 млн теңге, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне 272 млн теңге айыппұл салыныпты.

Негізгі олқылықтар – жоба­лық шешімдерден ауыт­қу және құрылыс жұмыс­тарын жүр­гізу барысында тиісті талап­тарды сақтамау. Бұл рет­те құрылыс өндірісін жеткі­ліксіз ұйымдастыру, бетон жұ­мыстары технология­сын және қайта толтыру тех­нологиясын бұзу, көлік жолын қалпына келтір­меу, қауіпсіздік шараларын сақ­тамау, кіру және опера­ция­лық бақылаудың болмауы, жұмыс кестесінен кеш қалу сияқ­ты фактілерді алға тартуға болады.

«Тарихи құрылыс аумақ­тарын сақтау мақсатында қала құрылысын реттеу аймақтарын белгілей отырып, қаланы дамытуға қойылатын құрылыс талаптарын бекітуді жүзеге асырамыз. Кез келген тарихи маңызы бар деп танылған нысан аумағындағы құрылыс қоғамдық талқы­лау­дан кейін ғана жүзеге аса­ды. Тұрғындарды, қоғам өкіл­дерін, сарапшыларды тарта отырып, жария қоғамдық талқылаулар өткізу жөніндегі тетіктер әзірленді. Сонымен бірге қала құрылысын реттеу аймақтарында құрылыс салу тығыздығын және ғима­раттардың биіктігін айқын­дауға, аэрациялық режімді, жасыл екпелерді, қалалық ортаның жайлылығын жақ­сартуға қойылатын талап­тарды күшейту, тарихи кел­бетті сақтау үшін ғи­марат­тар мен құрылыс­тардың қас­беттеріне қойылатын шарттар қала билігінің жіті назарында. Сонымен бірге құрылыс жүргізушілердің сенім­ді рейтингін құру, тұр­ғын үй құрылысы саласын­да тәжірибесі жоқ компа­ния­лардың қызметіне шектеу қою көзделіп отыр. Бұдан өзге, тапсырыс берушіге ты­йым салу және бекітілген жұ­мыс жобасына құрылыс материа­лына қатысты автор­лық қадағалаудың өзгеріс­тер енгізуі үшін тиісті тетік­терді қолдану мүмкіндігі қарастырылуда. Техникалық қадағалау есебінің түрін өзгерту де маңызды шара. Мұн­да орындалған жұмыс­тар­дың кестесі және оған қанша адамның тартылғаны көрініс табуы тиіс. Қазіргі уақытта тарихи орталық шегінде жүр­гізілген талдау және тұр­ғын­дардың өтініштері бойын­ша жекеменшікте болған 36 жер учаскесі анықтал­ды. Өткен жылдың 28 желтоқ­санынан бастап басқарма және «Алматы бас жоспары» ҒЗИ» ЖШС мамандары қаланың Бас жоспарын түзету бойынша жұмыс топтарымен тұрақты офлайн және онлайн консультациялар өткізуде», дейді А.Ахмеджанов.

Туризм арқылы тынысын кеңейтіп, экономикасын еселеген елдер саяхат сүйер қауымды өзінің тарихи ны­сан­дарымен-ақ баурап отыр. Бір сөзбен айтқанда, ежелгі сәулет халқына ұшан-теңіз дәулет әкеліп жатыр. Бұл тұрғыда бір ғана бауырлас түрік елін алға тартсақ жеткілікті. Алматыны дамытуға бағытталған кеңесте Президент бұрынғы қала құрылысын жоспарлау кезінде біраз қателік кеткенін, бұдан былай орталық аудандарда тығыз құрылысқа тыйым салып, саябақтарды көбейту қажеттігін баса айтқан еді.

Жауаптылардың сөзіне сенсек, алдағы уақытта салынатын нысандардың «дизайн код» талаптарына сай болуы қатаң қадағаланады. Ал қаладағы жүзге тарта тарихи ғимараттың бастапқы келбеті өзгертуге ұшырамайды, олар заңмен қорғалатындықтан тек жаңартылып отырмақ. Жаңа ереже бойынша қала қашан толықтай өзгеретіні әзірге белгісіз. Қалай болғанда да, туристер үшін еліміздің әуе қақпасы саналатын көне шаһардың келбеті көп ұзамай көркейіп, біртұтас бейнесі қалыптасады деген үмітті сөндіргіміз келмейді.

 

АЛМАТЫ