Экономика • 27 Қаңтар, 2021

Отандық төсек-орын өнімдері АҚШ пен Канадаға экспортталды

329 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2020 жылы отандық ірі төсек-орын өндіруші "АГФ Групп" АҚШ пен Канадаға экспорттық жөнелтулерді жүзеге асырды, деп хабарлайды Egemen.kz Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитетіне сілтеме жасап.

Отандық төсек-орын өнімдері АҚШ пен Канадаға экспортталды

"АГФ Групп" ӨК" ЖШС - төсек жабдықтары мен үй тоқыма бұйымдарын тігу бойынша Қазақстандағы алғашқы мамандандырылған фабрика. Компания тігін өндірісі саласында 2010 жылдан бастап жұмыс істейді. Кәсіпорын арнайы киім, мектеп формасы, камуфляж жиынтықтары, төсек-орын өндірісі саласында үлкен тәжірибе жинап, өз дәстүрлерін құрып,  өзін сенімді және адал серіктес ретінде көрсетті. 2015 жылы IKEA швед компаниясымен төсек жабдықтарын жеткізу туралы келісім жасалғаннан кейін өндіріс мамандандырылған болды. Бүгінде өнімнің 95% экспортқа шығарылады.

Негізгі тігін өнімдері-төсек-орын жабдықтары, атап айтқанда: төсек жаймалары, көрпе жамылғылары, жастықтар, сонымен қатар төсек-орын жиынтығы. Өнім сапасының жоғары деңгейіне сапалы шикізатты, заманауи технологияларды, жаңа жабдықтарды пайдалану, басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу және білікті мамандардың жұмысы есебінен қол жеткізіледі.

2016 жылы Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінің (ЕҚДБ) қолдауымен SUAVE ® және ARUA ® жеке брендтерін әзірлеу бойынша жоба жүзеге асырылды. Тауарлар 100% экологиялық таза мақтадан жасалған және Еуропалық сапа стандарттарына сәйкес келеді. Фабрикада тігін өндірісі үшін арнайы әзірленген кәсіпорынды басқарудың автоматтандырылған жүйесі енгізілген. Кәсіпорын заманауи зертханалық, тігін және пішу жабдықтарымен толық жабдықталған. Жабдықтар паркі жыл сайын жаңартылып отырады. Сонымен қатар, зауыт қызметкерлері арнайы жабдықталған оқу орталығында міндетті оқудан өтіп, кәсіби дағдыларын үнемі жетілдіреді.

2017 жылдан бастап компания ҚР-да бөлшек сауда бағытын дамытып келеді, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы және т.б. қалаларында фирмалық және серіктестік дүкендер бар. Бұдан бөлек, 2020 жылы АҚШ пен Канадаға экспорттық жөнелтулер жүзеге асырылды, Испания мен Финляндиядан тапсырыстар бойынша жұмыс жалғасуда.