Аймақтар • 27 Қаңтар, 2021

Елордада мектеп оқушылары робототехникамен айналысады

427 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының №89 жаңа мектеп-лицейінің оқушылары робототехника, 3D-модельдеу, 3D-анимация, веб-дизайн, құрастыру және автоматтандыру салаларында жобалар жасай алады. Бұл туралы оқу орнының директоры Бейімбет Мұхамедиев мәлімдеді, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

Елордада мектеп оқушылары робототехникамен айналысады

"Біздің мектеп Global School жобасын іске асыру арқылы технологиялық және инженерлік мамандықтар бойынша ерте кәсіптік бағдар беруге баса назар аударады. Global School - оқушылардың өз жобаларын іске асыруға арналған өзіндік хаб. Мектеп IT және STEM-зертханалармен жабдықталған, бұл балаға өз білімін қолдануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мектеп қашықтан оқытуға арналған көпфункционалды онлайн-студиямен жабдықталған, онда мұғалімдер онлайн сабақтар, вебинарлар және тікелей эфирлер өткізе алады. Белігілі бір көлемде қашықтан оқыту жүргізілетінін ескерсек, мұндай студия қазір өте қажет", – деп атап өтті №89 мектеп-лицейінің директоры Бейімбет Мұхамедиев.

Сондай-ақ, мектеп инклюзия кабинетімен жабдықталған, онда балаларға күнделікті қажетті жеке қолдау көрсетіледі.

Елорда әкімдігі ерекше қажеттілігі бар балаларға жағдай жасауға айрықша көңіл бөледі. Жаңа көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында шағын орталықтар, оңалту орталықтары ашылады, ал ипподром базасында балалар иппотерапиямен айналыса алатын жабық манеж құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, инватакси саны екі есе артты. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты негізде жүргізілетінін атап өту маңызды.

№85 мектеп-лицейдің ауқымы 1 200 оқушыны (екі ауысымда 2 400 оқушы) қамти алады. Ол №85 мектептің үш ауысымдық оқыту мәселелерін, №76 және №75 мектептердің тығыздығын жеңілдетеді.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы Нұр-Сұлтанда 12 мектеп пайдалануға берілді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда екі есе көп.

2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда екі есе көп оқушы орны құрылады, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 4 есе көп.

Сонымен қатар, үш ауысымда оқытатын мектептер саны 8-ден 4-ке дейін, ал оқушы саны тым көп мектептер 22-ден 14-ке дейін қысқарды.

Кешенді жоспар аясында 5 жылдық кезеңге 50-ге жуық мемлекеттік мектеп салу жоспарланған. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы барған №23 орта мектептің (Өндіріс тұрғын алабы) аумағында бес қабатты мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар мектептер салуға жекелеген инвестиция да тартылып жатыр.