Шоқтығы биік сөз саңлақлақтарының қаншама буынын қалыптастырған қарашаңырақтағы Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйытқы болуымен өткен конференцияда қазақ журналистикасының өткені мен болашағы туралы мазмұнды ойлар айтылып, әдеби процесс пен жазу өнерінің бүгінгі өрісі кеңінен сараланды. Студенттік шағында әдеби ортаға «Қараөзек» романымен танылған Нұржан Қуантайұлы бүгінде проза, поэзия жанрында қатар қалам тербей отырып, тәжірибелі ұстаз ретінде болашақ баспагерлерді дайындауға айрықша үлес қосып келеді. Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының, «Әдебиет» аталымы бойынша «Дарын» мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанған қабырғалы қаламгер әдебиеттен бөлек ұлттық журналистиканың өркендеуіне де еңбек сіңіріп жүрген майталман маман.
«Нұржан Қуантайұлы әдебиет әлеміне өзінің қолтаңбасымен, өзіндік үнімен келген ақын. Сонау 90 жылдардың өзінде ол жарқ ете қалып, бүкіл әдебиет сүйер қауымды елең еткізген болатын. Нұржанның шығармашылық қуаты кең. Әдебиет пен ғылымды егіз өрген ұстаздан тәлім алған шәкірттер қазақ сөз өнерінің қадір-қасиетін тереңнен зерделері хақ», дейді сыншы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілікұлы.
Қаламгердің мерейтойына орай, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев құттықтау хат жолдады. Сондай-ақ, университет басшылығы Нұржан Қуантайұлын «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградтап, шығармашылық табыс тіледі.
Нұржан Қуантайұлының «Қараөзек» романы (2001), «Адырна» (1993), «Күмбір» (2005) атты жыр жинақтары, «Алаш-Орда баспасөзі және Жүсіпбек Аймауытұлы», ««Жүсіпбек Аймауытұлының көсемсөзі» атты монографиялары (2012), «Қолшатыр» (2013), «Асыл сөз» (2015), «Бейуақ» (2019) атты прозалық жинақтары т.б. кітаптары жарық көрген. Ақынның таңдаулы жырлары «Жыр маржаны» атты он томдық қазақ поэзиясының антологиясына (2015) енгізілген. Шығармалары түрік, орыс, қытай, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған.
АЛМАТЫ