Қазақстан • 27 Қаңтар, 2021

Қазақстан коронавирусқа қарсы Қытай вакцинасын сатып ала ма

286 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев Қазақстан Үкіметі коронавирусқа қарсы вакцинация жүргізу үшін қытайлық препарат сатып алатыны туралы ақпаратқа түсінік берді, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақстан коронавирусқа қарсы Қытай вакцинасын сатып ала ма

«Қазақстан Үкіметі коронавирус инфекциясына қарсы ешқандай да қытай вакцинасын сатып алмады және жоспарлап та отырған жоқ. Құрметті азаматтар! Сіздерден әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттарға ермеуді және тек ресми ақпарат көздеріне сенуді өтінемін. Естеріңізге сала кетейік, қасақана жалған ақпарат тарату ҚР ҚК 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады», - деді Ержан Байтанаев.

Оның атап өтуінше, Қазақстанда 2021 жылғы 1 ақпаннан бастап Ресейде шығарылған Гам-КОВИД-Вак («Спутник V») вакцинасын пайдалана отырып, КВИ-ға қарсы вакцинация басталады. Одан әрі вакциналау процесіне Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қосылады. 2021 жылдың 2-тоқсанынан бастап вакциналау процесіне отандық - QazCovid-In препаратын қосу жоспарланып отыр. Бұл вакцина қазіргі уақытта клиникалық сынақтың 3-кезеңінен өтуде.

Гам-КОВИД-Вак вакцинасы Ресей Федерациясында мемлекеттік тіркеуден өткен және бірнеше ай бойы халықтың осал топтарын иммундау үшін қолданылып келеді. Ресей Федерациясының Тікелей инвестициялар қорының мәліметтері бойынша, бұл вакцинаны сатып алуға 50-ге жуық мемлекет өтініш берген.