Қоғам • 28 Қаңтар, 2021

Тойхана иелерінің тың шешімі

565 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тойшыл, той жасауға бейім тұратын халықпыз. Соның салдары шығар барлық үлкенді-кішілі қалаларымызда мейрамхана мен тойхана қаптап кетті. Бұл коронавирус пандемиясына дейін жеке бизнестің табысты мол түсіретін түрі болып келгені анық. Қай жерде де отбасылық шаралар мен банкеттер өткізу үшін арнайы тұрғызылған нысандар көп болғанына қарамастан, сол орындар бос болмай, тұрғындар бес-алты ай, тіпті бір жыл бұрын сұраныс беріп келгеніне куәміз.

Тойхана иелерінің тың шешімі

Қалай десек те жүздеген адам шақырып, ас та төк той жасау дәстүрі­міз­дің тізгінін тарта алмай келгеніміз рас. Қаржылық жағдайы көтермесе, банктен несие алып той жасайтын ағайындардың да қарасы аз болған жоқ. Әйтсе де кейін оны өтей алмай қиналған жандардың іс-әрекетіне не деуге болады? Бұл кезде тойды есепсіз мол шығын жұмсамай, мәнді де сәнді, етек-жеңін жинақы етіп өткізген жөн деп үн қатқан билік пен зиялы қауымның қабырғалы өкілдеріне ешкім құлақ аса қойған жоқ. Осы орайда халқымыздың тойшылдығы бизнес өкілдерінің оң жамбасына дөп келгені де шындық. Той жасауға арналған ғимараттардың күрт көбейіп кетуінің сыры да осында.

Әрине, той өткізу, жақсылықты дастархан басында көппен бөлісудің еш айыбы жоқ. Мәселе шектен тыс дарақылыққа жол бермеуде болса керек. Ашығын айтқанда, тек өткен жылдың ақпан-наурыз айларында коронавирус індеті елімізге шеңгелін сала бастаған тұста ғана 200-300 адам шақырып, той өткізу әдетінен арыла бастадық. Мейрамханаларда өткізілетін тойлар күрт тыйылды. Қазір олардың бәрі қаңырап бос тұр. Бұл нысандардың бірқатары індет келген кезге дейін несиелік қаражат есебінен салынғаны белгілі болып отыр. Бүгінде сәні мен салтанаты келіскен зәулім тойхана ғимараттарын ұстап тұрудың өзі олардың иелеріне әжептәуір шығын келтіретіні даусыз.

Мұндайда не істеу керек? Бұл рет­те өткен жылы Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында орын алған кәсіпкерлер наразылығының себе­біне назар аударған жөн секілді. Олар аталған өңірлердің бас санитар дә­рігер­лерінің атына үндеу жолдап, өз биз­нестері болып табылатын тойханалар мен мейрамханалардың қызмет жасауына рұқсат берілуін талап еткен еді.

Талас жоқ, олардың жанайқайын түсінуге болады. Өйткені бизнестің аты – бизнес. Егер ол табыс әкелмесе, құны көк тиын. Әйтсе де адам өліміне әкеліп соқтыратын қатерлі індет жағдайында жеке кәсіп иелерінің талабын орындаудың ешқандай қисыны жоқ екендігі де аян. Осы орайда шығынға батпаудың басты жолы той жасауға рұқсат алу емес, өзге тәсіл екендігіне бизнес өкілдерінің назарын аударғымыз келеді.

Бұған мысал ретінде Орал қала­сында өзіне де, өзгеге де тиімді тәсілді таба білген «Ақ босаға» тойханасы иелерінің шешімін айтуға болады. Олар аталған тойхананың қызметін өзгертіп, оны тұрғындардың өзге сұраныстары мен мұқтаждарын өтейтін орынға айналдырды. Қазір мұнда тұтынушылар өздеріне қажетті электр тауарлары мен үй тұрмысында пайдаланылатын өзге де құрал жаб­дықтарды сатып ала алады. Бұл бастама өзге мейрахмана иелеріне ой салса, құба-құп.

Әлемді жайлаған пандемия қоғам­дық қарым-қатынастар мен өмір сүру салтымызға өз түзетулерін енгізе бастады. Соның бірі – қаржы жағ­дайы келсін-келмесін жүздеген адам шақырып, бәсекелесе той өткізу дәстүріне тоқсауыл қойылуы. Таяу уа­қытта мұндай той бола қоймайтыны да белгілі болып отыр. Сондықтан да «Ақ босаға» тойхана иелерінің тың шешімі құптауға да, қолдауға да әбден лайықты.

 

 

ОРАЛ