Қосшы ауылында орналасқан Қаржы полициясы академиясында Наурыз мейрамы ерекше бір күйде мерекеленіп өтті. Олай дейтініміз, аталған оқу орны еліміздегі сыбайлас жемқорлармен ымырасыз күрес жүргізетін нағыз қайсар, қайтпас, алынбас қаржы полициясы мамандарын дайындап шығарады. Ал Наурыз мейрамы қашанда біліктілік пен бірлікке, сабырлылық пен төзімділікке және өнерлі бола білуге шақырады. Міне, осы орайда қауіпті кеселмен күрес жүргізетін болашақ мамандар тек заңды біліп, қудалауды игеруі ғана емес, олардың жан-жақты қалыптасып, бар өнерді бойларына жиюы әділдіктің ақ жолынан таймауына әсерін тигізеді.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес тереңнен бастау алуы керек. Бұл орайда Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен елімізде жемқорлыққа кең көлемді соққы беріліп келеді. Соның арқасында сыбайластық сырқаты біраз бәсендеп қалды. Бірақ, басталған берекелі іс орта жолда тоқтап қалмас үшін оның қуаты күннен күнге арта түскені жөн. Ол үшін қауіпті кеселге қарсы тұра білетін және онымен ымырасыз күрес жүргізе алатын мамандар қажет. Елімізде сыбайлас жемқорлықпен тікелей күрес жүргізетін өзге де құқық қорғау органдарымен қатар Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі екені белгілі. Ал оның қуатына қуат қосып, күш беріп отыратын Қаржы полициясы академиясы.
Міне, жыл сайын осы аталған оқу орнына жүзден аса тыңдаушы қабылданады. Мәселен, былтыр 1-курсқа 120 тыңдаушы алынды. Олардың бәрі жалпы білім беру мектептеріндегі бірыңғай ұлттық сынақтарды жақсыға тапсырып, академияның медициналық, психологиялық тексеруінен және дене шынықтыру дайындығынан өтіп, соңғы үш деңгейлі кешенді конкурстық іріктеуде алдына жан салмаған өрімдей жастар. Олар осы бірнеше сатыдан мүдірмей өткен соң академияға қабылданып, “Жас жауынгерлер курсы” мен мамандық пәндерін оқып, әскери саптық дайындықты игерді. Қазір төрт курс тыңдаушыларының арасында біліктілік, тапқырлық және жан-жақты тәлім-тәрбиелік тұрғысынан өзара бәсекелестік жарысы басталып кеткендей. Соның бір көрінісі, әр курс тыңдаушыларының Наурыз мейрамын ата-баба салт-дәстүріне сәйкестендіріп, лайықты дайындалуынан-ақ байқалып тұрды.
Оқу алаңында ақ шаңқай бірнеше киіз үй тігіліпті. Жоғарыда айтқанымыздай, аталған оқу орнында төрт курс бар. Соған сәйкес курс тыңдаушылары төрт киіз үйді Наурыз мейрамына дайындауды өз жауапкершіліктеріне алған. Жиналған жұрт әр киіз үйге бас сұғып тыңдаушылардың өнерлері мен ерекше бір тапқырлықтарына баға беретіндігі сөзсіз. Міне, осы орайда бір-бірімен бәсекеге түскен төрт курстың тыңдаушылары өнерлерін ортаға салды. Әр киіз үйдің сыртқы безендірілуінің өзі бірден көз тартып, оның алдында ұлттық киімді төгілдіре киген бірнеше жас жігіттер мен мың бұрала билеп жүрген арулардың қимылы тәнті етеді. Қыз ұзату мен келін түсіру көріністері әдемі шықты. Әсіресе, адалдық пен әділдік жолында бәсекеге түскен тыңдаушылар өнері көрерменді разы қылды.
Александр ТАСБОЛАТОВ.