Жол апаты жөнінде полиция департаментінің кезекші бөліміне қоңырау 10.39.-да түсіпті. Оқиға орнына кезекші экипаждардан бөлек, жедел тергеу тобы да жеткен.
Жол-көлік оқиғасында Lada granta, Volkswagen Passat, Toyota Camry, ВАЗ -2114 және Chevrolet Aveo жеңіл көліктері зардап шеккен. Lada granta-да отырған жолаушы, 1962 жылы туған ер адам оқиға орнында қаза тапқаны белгілі болды. Жарақат алған тағы үш адам Ақжайық аудандық ауруханасына жеткізілген. Жолаушылар бүгін күннің тұман, жолдың тайғақ екенін айтуда. Қазір апат себебі анықталуда. Алдын ала зерттеулерге қарағанда, Chevrolet Aveo автокөлігі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, Lada granta-мен соқтығысқан. Осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 345 бабы бойынша іс қозғалды.
Орал-Атырау күре жолы республикалық маңызы бар жол саналғанымен, екі-ақ жолағы бар. Жол апаты жиі болады. Жергілікті билік орындары бұл жолдың Орал-Чапаев елдімекендерінің арасы кеңейтіліп, 4 жолаққа айналатынын хабарлаған болатын.
Полиция департаментінің хабарлауынша, жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында 12 жол-көлік оқиғасы болып, 5 адам қаза тапқан.