Қазақ әдебиетінің классигі, заманымыздың заңғар жазушысы, академик Мұхтар Әуезов: “Айтыс өлеңдер” атты көлемді зерттеу мақаласында: “Айтыс өлеңдері қазақ ауыз әдебиетіндегі ең мол жанрдың бірі. “Айтыс” деген атау – айтысу, тартысу, дауласу, немесе жарысу, сынасу мағынасында қолданылады. Бұрын үлкенді-кішілі даулар, кезінде шешендер айтысы болған. Ақындар айтысы өлеңмен айтыс. Анығында өлең жарысы, өнер жарысы есебінде қолданылады”, – деп айтыс жанрына жоғары баға бергені бар. Өз заманының жыр дүлдүлі атанған Ерімбет шайырдың кейінгі ұрпағына ұлағат етіп қалдырған асыл мұрасының қомақты бір бөлігін – айтыс өлеңдері және жұмбақ айтысы құрайды. Енді ақынның бізге жеткен айтыс жырларына азды-көпті тоқталайық.
Ақынның айтысы туралы сөз ететін болсақ, ең алдымен, аузымызға оның Жекей қызбен сөз жарысына түсуі оралды.
Бұл туралы этнограф, қаламгер Ә.Оспанов зерттеп, құрастырып шығарған “Ұлағат сезім – ұрпаққа” жыр жинағы кіріспесінде мынадай анықтама берілді. Ерекеңнің жоғары Алашаның Көзденбайында Жекей атты ақын қыздың даңқына қаныққан соң онымен айтысуға құмартады. “Жоғалған жылқымды іздеп жүрмін” деген сылтаумен барып. Онымен айтысар алдында жолшыбай жолыққан түйешіден Жекей қыздың шыққан тегі өнері мен бойындағы міні туралы сыр тартып, бар жайға қанығады. Түйеші “Тең жорға төрт аяғы қыздың, бірақ”, – деп сақтандырады. Арнайы іздеп келген соң “Шешінген судан тайынбас” дегендей, Жекей қыздың отауын дәл тапқан шайыр айтысын бастап кетеді.
“Өнер алды қызыл тіл” – деп баға берген, сөз сайысы дегенде білекті түрініп шабытын шақырып шыға келетін Ерімбет шайыр 1907- 1909 жылдары хат арқылы жұмбақ өлең түріндегі айтысқа Тілеубайұлы Ыбырайым ақынмен, сәл кейінірек Перовск уезінің (бұрынғы Ақмешіт, қазіргі Қызылорда қаласы) халық судьясы Жарасбайұлы Аппазбен түскен. Әлімнің Шөмекей руынан шыққан ділмәр тілді Ырыстының Сырдың танымал он алты ақынының ортасында тастаған шешуі күрделі, күрмеуі қиын жұмбақ айтысына қатысқан. Оқырманды жалықтырып алмас үшін біз шайырдың шоқтығы биік, ел-жұртқа кеңінен мәлім Шораяқтың Омарымен білдей алты жылға ұласқан айтысына тоқтала кетуді құп көрдік.
Бірі ұстаз, бірі шәкірт Ерімбет пен Шораяқтың Омары арасындағы жұмбақ айтыстың әу басындағы басталуы, өрбуі, ширығуы турасында ел арасында кең тараған мынадай сөз бар. Бұл ретте де жүз жасаған, шайыр өмірінен кеңінен хабардар болған Рыстығұл атамның лебізіне жүгінуді жөн санадым: “Алты ата әлімнің шөмекей атаның кетесінен тарайтын, Қармақшы бойын жайлаған Шораяқтың Омары кіндіктен төрт ағайынды екен. Омардың ағасы бірде оған: “Ерімбет шайыр ұстазың ғой. Ақындық шеберлігінің қаншалықты дәрежеде өскендігін байқатып хатпен жұмбақ жазып, жолдасаң қайтеді?” – деп қолқа салады. Омар ағасының бұл өтінішін орындайды. Ерекеңнің ауылына жолы түскен жолаушы арқылы жолдаған хаты шайырдың қолына үш ай дегенде әрең тиеді. Білімі асқан, кемеліне келген Ерекең жұмбақтың шешуін қиналмай-ақ табады. Енді шәкіртіне өз жұмбағын жолдайды. Бұл турасында ел ішіндегі танымал Кәлмен бай хабардар болады. Шайырлардың біліммен сөз сайысын қолдаған ол алғашқы кезекте Ерекеңе жанашырлық танытып, бір тай атаса керек. Кереметті қараңызшы, Ерекең сол жолы малдың он екі мүшесін жұмбаққа арқау етеді. Оны тағы да бейнелеп жеткізеді.
Қош, содан өлеңмен жазылған жұмбақ хат Омардың қолына тиеді. Өрен жүйрік, тілі ұшқыр Омар қатпарлы жұмбақтың шешуін таба алмай, бір жарым жылдай қиналады. “Ұятты қойып, жауабын Ерекеңнің өзіне барып сұрайық”, – деген ұйғарыммен Омар жолға жиналғанымен, аяқасты сырқаттанып қалады. Орнына ағасын жебереді. Ерекең арнайы іздеп келген қонақтың бұйымтайын сұрайды. Ол: “Жолдаған жұмбағыңызды шеше алмай, дал болдық. Соның жауабын айтсаңыз қайтеді?” – деп қолқа салады. Шайыр мырс етіп күліп алып: “Оның жауабын сырттан емес, өзіңнен іздегейсің”, – деп бағыт-бағдарын меңзейді. Омардың ағасы ойға шомады. Жұмбақтың жауабын іздеп, әуре-сарсаңға түседі. “Ұялған тек тұрмас” дегендей, ол Ерекеңді арнайы қонаққа шақырады. Шайыр олардың бұл шақыруын құп алады. Омар жағы құтты мейманды құрметтеп күтеді. Мал сойылады. Дастарқанға тегеш-тегеш ет қойылады. Сыйлы асын жеп отырып, Ерекең жұмбақтың шешуін сыздықтата отырып жеткізеді. Сондағы қисындатып, тұспалмен, білгірлікпен жеткізген жұмбағы ел аузында әлі күнге дейін жаттаулы”, – деп сыр толғаған еді қасиетіңнен айналайын, Рыстығұл атам.
Өткен ғасырдың Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ әдебиетіндегі жазбаша күйдегі жұмбақ айтыстың шоқтығы биігі, көлемдісі (шамамен 1800 жолдай) саналатын аталған айтыс Ерімбет шайыр тарапынан былайша әспеттеледі:
Қысырақ саны он екі, кеткен ыдырап,
Есітіп жоқ хабарын шықтым қарап.
Сұрадым жылқышыдан буаздарын,
“Кетті, – деді төртеуі оның қысырап.
Екеуін төрт қысырақтың құда досым,
Келгенде көңіл риза сойсам ұстап.
Екеуін құр жекжатқа берсем-дағы,
Кетеді көңілі бітпей, мінбей тастап.
Екеуін сегіз буаздың әйел мінер,
“Болса да жасы қартаң, жолы жас”, – деп.
Жануардың үйірі бір, түсі әртүрлі,
Шешеді білімділер неге нұсқап?
Жаһанда жоқ нәрсені жұмбақ қылмас,
Шешерлік тап қойғандай қолмен ұстап, – деп жібектей есіле түседі.
Тығырыққа тіреген, әуреге салған, күрмеуі қиын жұмбақтың жауабын Ерекеңнің өз аузынан естіп, қапы жібергеніне санын соққан Омар енді оның жауабын өлең жолымен былайша жеткізеді:
Шешуін ойлап тұрсам бұл жұмбақтың,
Пәміне салыстырсам көңіл шаттың.
Келеді қиюласып сөз жүйесі,
Он екі жілігіне хайуанаттың, – дей келіп, малдың он екі жілігіне жамбас, тоқ жілік, кәрі жілік, жауырын, омыртқа, қабырға, төстік т.б. деп сипаттама береді. Бірі аға, ал екіншісі іні саналған Сырдың қос шайырының екеуара хат күйіндегі жұмбақ айтысы осылайша өрбіп, білім жарысына ұласады. Біртіндеп көтерер жүгі де салмақтанады. Ауқымын кеңейтеді.
Ерекеңнің екінші жұмбағы қысқа әрі нұсқа болып келеді. Ол былайша бейнеленеді:
Тағы бар екіншісі мұны тапсаң,
Мүшкіл іс әркімдерге оны таппақ.
Теңізден терең қайсы, желден жылдам,
Не болар балдан тәтті, жерден жалпақ, – деп зерделі адамды ойға қалдырады. Обалы не керек, ұстазының бұл жасырған жұмбағын Омар көп қиналмай шешіп, жауабын былайша жолдайды:
Нәрсе жоқ, тілден жүйрік, ойдан терең,
Қолына Мұстафаның беріп қалам.
Кидірген мәулек тәжін Қадір етем.
Кәлләмнің әрбір шариф лебізі бал,
Көңілден ашылғандай неше шемен, – дей келіп:
Бар екен үшбу ләхат жерден жалпақ,
Орынсыз бар ма нәрсе өлшенбеген? – деп білімдарлық танытады.
Қарым-қатынасын ширықтырған екі жақты жолданған жұмбақтың күрделі немесе жеңілдігінде емес, ондағы шаптан түртіп, намысты оятатын, аңғармағанды араша шағып алатын түйткілді тіркестер еді. Ерекең жолдаған жұмбақ өлеңдегі “Мүшкіл іс әркімдерге мұны таппақ...” деген сөзге аптығы әлі басылмаған албырт Омар кәдімгідей шамданып, қолына дереу қалам алып, төмендегідей назын жолдайды. Алыстан орағыта келіп, түйіп айтқаны мынау еді:
“Ерге екі балалық,
Келеді” деген нақылда,
Болмашыны сөз қылған,
Ерекем де сол әші!
Аямаса аузын, айта берсін жұмбағын,
Жаратушы жар болсын,
Әркімнің қамқор панасы”, – деп төске шапқандай болады. Үміт артқан жиенінің (Ерекең мен Омардың нағашы-жиендігі бар екен) сырт айнала бере өзіне ауыз салғандай кейіп танытқанына ренжіген Ерімбет “Басты пәле тілде жатқанын”, “Аңдамай сөйлеген, ауырмай өлетінін” аңғартпақ ниетпен, жан жүрегін шымырлатып кеткен сол у сорғалайтын шумаққа толғаныс пен тебіреніске толы жауап-назын жазады.
Көпті көрген, жаман мен жақсының ара салмағын ажырата білетін шайыр ізіне ерген інісінің қызбалыққа салынып, артық кеткенін бетіне басады. Уәжі жеткенше ақылға шақырып бағады. “Үлкендердің жағасынан алып, алдын орағаның білместігің”, – деп кінәлайды. Жолдаған жұмбағына қайтарған жауабына разы болмай, мықты болсаң мына жұмбақты шешіп көрші деп, тағы да ой сайысына, білім жарысына шақырады. Сондағы ортаға тастағаны:
“Екі дәу, екі соқыр, екі зиян, екі момын,
Не екен бұл сегізін таластырмақ?
Байқап шеш, бәрін бірге есепке алмай,
Екінші бұл айтқаным тағы жұмбақ:
Сегізді берді екі адам, алтауы шеттен,
Он төрті жиналғанда бір домалақ.
Аты бар алтауының һәм сегіздің,
Жұмыртқа секілді емес, яки жаңғақ,
Бұл сөзді ойын көрме, ойланып шеш,
Көп қиын байқамасаң бәйге алмақ”, –
деген еріксіз ойға қалдыратын, тығырыққа тірейтін, күрмеуі қиын жұмбақтар еді. Ұққан адамға шайырдың осы жауап назымында аға толқынның кейінгі ізбасарына айтқан, үлкенді сыйлап, қастерлеуге қатысты өсиеті мен ғибратнамасы мол-ақ.
“Басқа пәле – тілден”, “Тіл дегенің тас жарады, тас жармаса бас жарады” дегендей, Ерімбет пен Омардың жаймашуақтанып басталған айтысының аяғы насырға шапқалы тұрғанын аңғарған ел жақсысы Балқы Оразымбет Есентайлақұлы қос шайырға басалқы айтады. Алғашқы лебізін Омарға арнайды: “Жасың кіші бала екенің рас. Ерекең болса киелі, сойдан шыққан әулет. Теңізге шөккен қара бұлт еді, қозғалса құйып нөсер құр кетпеген. Сен түгіл патша ағзамға бәйіт айтқан. Айтысса Базардан да тайынбайды. Жанына айтқан сөзің батқан шығар. Бір оқты Омар бастан асырмадың. Ағаңа өзің біл деп бас ұрмадың. Бала едің сабыр ойлап басылмадыңға” саяды. Ал Ерекеңе: “Ереке, сіз қойыңыз, Омар бала. Жетпеген жасы ояға, ақылы шала. Білместің жайы сондай, қаза берсе, қағазға сөз таусылмас жаза берсе”, дейді де, Омарды тағы да ақылға шақырады: “Ей, Омар, “білемін” деп шалма аяқ, жығылған тақыр жерден қалмайды сақ. Байқалды аяқ алыс Омар шырақ, жатуың дұрыс еді тәпсір шешіп”, дей келе, Ерекеңе: “Болмайды тілде тетік, сөзде буын, көтерме әзәзілдің дүрлер туын. Дегенге “Көтеріліп көрмегендер”, бірінің бірі қалам оздыруын”, – деп түйіндейді.
Көп ұзамай Омар осы басалқы сөзге қысқаша жауап жазады. Бұл жолы да өзінікі жөн деуден танбайды. “Білгендерде дүрдің сөзі. Бесе- неден беп-белгілі”, – деп шалқая түседі. Араға аз уақыт салып, Ерекеңе кете Шегебай Бектасұлының сабырға, бітімге шақырған хаты да жетеді. Онда: “Мойнына “жығылдым” деп ешкім алмас, не пайда жатпаған бүгіліп тез”, дей келіп, “Жұлысып баламен болма тауық, мұқтасар тартып енді кідіріңіз”, – деген оймен түйінделеді.
Сөзімнің басында айтып өткенімдей, есімдері Сыр мен қырға, Ырғыз, Шалқар, Түркістан Хорезм, Үргеніш, Тақтакөпір жағына кеңінен танымал қос шайырдың хат арқылы жазысқан жұмбақ айтысы елдің рухани өміріндегі елеулі оқиғаның бірінен саналады. Неге десеңіз, аталған екі рудың ақсақалдары келген әрбір хаттың мазмұнымен толықтай танысып отырса керек. Жолданған жауабынан да хабардар болады. Омар інісінің көпе-көрнеу тіл тигізгеніне Ерекең енді оның хатына жауап жазуға ықыласты болмайды. Арада екі жыл өтеді. Басқосу, жиындарда ақсақалдар Ерекеңе жауап жазбай, үндемей қалғаның жарамас деп қайрап, қолына қалам алдыртады.
Сонымен не керек, 1907 жылдың наурызында Ерекеңнің көпшілік оқырманға танымал тарихи жауап хаты жазылып, жолданады. Ол “Шайырға тағы жаздым Омар “тақ-тақ, сау жүрсе, сәлем дей гөр қайта-қайта-ақ”, деп басталады да, үміт артқан інісінің өзіне таққан төрт айыбының қисынсыздығын дәлелдеп бағады. “Жаусаң жау, жасыл тастап тас төбеме, аянбай бар күшіңді әбден шыны-ақ”, дей келіп, “аға пікірінің бағасын халық бере жатар, ал біз жұмбақ айтысымызды одан әрі жалғастырайық”, – дейді.
Әрі қарай Ерекең шайыр інісіне ағалық ақылын айтады. Аңдаусыз сөзден абай болғайсың. Одан да жақсы сөз жарастықты айт, ерегіс қумақ пен қашпақтан тұратынын ұмытпайық дегенді ұғындырады. Алайда, жылға жуық уақыт өтсе де Омардан ұшты-күйлі хабар болмайды. Діттеген мақсатына жетуді көздеген, басталған жұмбақ айтысты аяқсыз қалдырғысы келмеген Ерекең оған қысқаша назым жазады. Оны пір болып Бағдатты билеген Жөнейіт шайқының алдына келіп иршат (куәлік) сұраған әзәзілге (шайтанға) қайтарған жауабын хикаятымен жеткізеді. Бұл арқылы екеуміздің көп еңбегіміз босқа күйіп кетпесін дейді. Үндемей қалма, тасаланып бұқпаға салма дейді.
Амал нешік, өзінің бұған дейінгі екінші назымындағы жұмбағына, соңғы төртінші мысал назымына жауап болмайды. “Енді екеуміздің арамыздағы жағдайды өздері сарапқа салсын” деген ниетпен табаны күректей алты жылға созылған айтыстың соңғы нүктесін қою мақсатымен елдің игі жақсыларына арналған арнау сөзін жазады. Онда өзіне қатысты мынадай тіркестер бар: “Айтқыштың біреуі өзім солардан соң, талаймен теңестірген ат құлағын”, дей келе, “Тірлікте қолдан келсе күліп ойнап, шыттырмау жабырқатып дос қабағын орынсыз Омар сөзі ойды бөліп, қағаздың қараладым бұл парағын”, деп тұжырымдайды.
Бізге жеткен деректерге сүйенсек, Сырдың саңылақ қос шайырының әу бастағы сыйластықпен басталған жұмбақ айтысының соңы ушыға келе Қазалы мен Қармақшы өңірін жайлаған екі рулы елдің намыс жыртып ұстасуына, тіпті алакөз болып қақтығысуына ұрындыра жаздайды. Істің ендігі насырға шапқанын аңғарған, бар пәлені тілінен тапқанын сезген Омар әрі қарай сөз таластыруды кілт тыяды. Сабасына түседі. Ерекеңнің үшінші жұмбағына қайтарған жауабы да халыққа жарияланбайды. Сол жабулы күйінде қала береді. Ойыннан өрт шыға жаздады деген осы болса керек. Қалай десек те, болашақта Ерекеңнің қалтарыс күйінде қалған соңғы жұмбағының шешуі мынау еді деген зерек ойлылар жауабы жарияланып жатса, ешқандай артықтығы жоқ деп білеміз. Мәселенің бұл жағын оқырманның өз қарауына қалдыруды құп көрдік.
Қараша ҚАРАМАН, журналист.
Алматы облысы, Қаратал ауданы.