Қоғам • 01 Ақпан, 2021

Бүгін елімізде вакциналау басталады

157 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бүгіннен бастап Қазақстанда «Спутник V» екпесімен ерікті түрде вакциналау науқаны басталады. Бұған дейін жасалған келісім негізінде Қарағанды фармацевтикалық кешені елге «Спутник V» вакцинасының алғашқы партиясын жеткізді.

Бүгін елімізде вакциналау басталады

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Жалпы, ақпан айында Қарағанды фармацевтикалық кешені вакцинаның 112 мың дозасын, наурызда – 150 мың, сәуірден маусымға дейін ай сайын 600 мың дозаны жеткізеді. Сондай-ақ сәуір айынан бастап 75 мың доза көлемінде QazCovid-in отандық вакцинасы салынады деп жоспарлануда,  ай сайын оның көлемі 500 мың дозаға көбейеді. Бірінші кезекте халықтың жекелеген топтары – медицина қызметкерлері, полицейлер, әскери қызметкерлер және т. б. вакциналанады.

Вакциналауға профилакти­калық егуге қарсы көрсеткіштері жоқ адамдар жіберіледі. Вак­циналау алдында дәрігер па­циентті міндетті түрде тек­середі. Ел бойынша егу пункт­терінің дайындығы тексерілді, профилактикалық егу жүргізу мәселелері бойынша стандартты операциялық рәсімдер бекітілді, 2 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды. Айта кету керек, тек вакциналау коронавирустың одан әрі таралуына жол бермейді. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы Са­нитарлық-эпидемиологиялық са­­раптама және мониторинг ғы­лыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Манар Смағұл айтып берді.

«Вакциналау – ең тиімді шаралардың бірі. Тек вакцина өлім-жітім мен инфекцияның таралуын азайта алады. Вакцина арқылы еркіндікке қол жеткіземіз. Бұған дейін де айтқанымдай, шектеулерді азайтуға болады. Бәлкім күзде масканы шешетін шығармыз. Оның үстіне күзде балаларды мектепке қайтару мүмкіндігі талқыланып жатыр. Онлайн емес, офлайн кездесулер өткізерімізге үміттенемін», деді М.Смағұл.

Оның айтуынша, халықты ашық хабардар ету қажет. Барлық дерек пен ақпаратты сенімді көздерден және құзыретті мамандардан алу керек.

«Себебі қазір әлеуметтік же­ліде вакциналауға қатысы жоқ екі-үш жыл бұрынғы бейнелерді, фотоларды байқаймыз. Тек сенімді ақпаратқа сүйену керек. Ресейлік «Спутник V» вакцинасына келсек, ресейлік әріптестер қызару, температураның жоғарылауы түрінде асқынулар болады дейді, олар бірнеше күннен кейін кетеді. Қорытындылай айтқанда, вакцинаның пайдасы көп, өйткені ол бізді аурудан қорғайды», деді М.Смағұл.

Сонымен қатар Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық ор­талығының ғылыми кеңесшісі Әлім Әкімбаев қазақстандық QazCovid-in вакцинасының артықшылықтарын айтып берді.

«Біз қазір үлкен жолды еңсердік. Ендігі маңызды кезең – вакциналауды қолдану. Вакцина алынды, енді вакциналауды дұрыс ұйымдастыру керек. Маска режімі мен қашықтық талабы әлі де сақталады. Әсіресе жұқпалы аурулар ауруханаларының дә­рігерлерін, эпидемиялық қыз­метті, науқастармен ең көп байланыста болатын адамдарды иммундау қажет. Ресей бірінші кезеңде бізге өте жоғары әлемдік рейтингке ие «Спутник V» вакцинасын ұсынды. Жақын арада біздің отандық вакцина да шығарылуы тиіс», деп атап өтті Ә.Әкімбаев.

Сарапшының өзі қазақстандық вакцинаға басымдық беріп отырғанын айтты.

«Патриот ретінде емес, вакциналаумен айналысқан маман ретінде қазақстандық вакцинаға көбірек мән беремін деп айта аламын. Неге? Жасалуы жағынан бұл – өлтірілген, белсенді емес вакцина. Ол сақтау және тасымалдаудың ар­найы температурасын қажет етпейді. Мұндағы режім екіден сегіз градусқа дейін. Яғни вакцинаны сақтау үшін қарапайым тұрмыстық тоңазытқышты да қолдануға болады. Мұндай тізбек Қазақстанда орталықтан шалғай өңірге дейін қолға алынған. Сондықтан 20 градус температурада сақтауды талап ететін ресейлік вакцинадан тиімді болып тұр. Өйткені мұндай температурада үнемі сақтау қолдан келмеуі мүмкін. Ал температура талабын бұзу сапаның төмендеуіне ықпал етеді», деп түсіндірді маман.

Сонымен бірге Ә.Әкімбаев қазақстандық вакцинаның ан­тигендік жиынтық спектрі шек­телмегенін жеткізді. Өйткені тұтас жасуша алынып, қандай да бір әдіспен өлтіріледі және антигендердің толық жиынтығы сақталады.

«Қазір бұл өте өзекті, себебі коронавирус инфекциясы туралы жаңа стереотиптер шығып жатыр. Бұл вакцина коронавирустың барлық мутантты түрлеріне иммунитетті қалыптастыруы керек. Міне, осы тұрғыда қа­зақстандық вакцинаның перспективасы бар», деп түйіндеді сарапшы.