Оңтүстік Суданда елдің бұрынғы вице-президенті Риек Машарды жақтаушылар Бор қаласын басып алды. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Жергілікті БАҚ өкілдерінің ақпары бойынша, мемлекет астанасынан 200 шақырым қашықтықта орналасқан Бор қаласында қаруланған ереуілшілер мен үкімет әскері арасында қақтығыс орын алған.
Риек Машар шілде айында мемлекет басшысы Сальваторе Киирдің бұйрығымен отставкаға жіберілген болатын. Оңтүстік Судан билігінің мәліметі бойынша, бұрынғы вице-президентті жақтаушылар 16 желтоқсан күні Джуба қаласында мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болған.
Сәрсенбі күні мемлекет басшысы Сальваторе Киир Риек Машармен келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлім етті. Ал экс-вице-президент жақында орын алған оқиғаның мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыруға бағытталған әрекет еместігін алға тартты. «Бұл төңкеріс емес. Джубада болған оқиға әскери бөлімшелердің арасындағы түсініспеушіліктен туындаған. Сальваторе Киир мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырылмақ болды деген жала жабу арқылы менен құтылғысы келеді», – деді ол.
Айдар Өрісбаев.
Дереккөз: Itar-tass.com
Фото: Itar-tass.com