29 қаңтар күні сағат 18:00-де белгісіз біреу полицияға «Қостанай қаласындағы сауда үйінде жарылыс болады», деп хабарлаған. Кезекші бөлімге келіп түскен хабарламада жарылыстың нақты қай сауда үйінде болатыны жазылмаған соң, полиция дереу облыс орталығындағы ең ірі деген «Март», «Қостанай Плаза» сауда орталықтарында жүрген 2 мың 300-ден астам адамды эвакуациялады. Оқиға орнына полиция күштерінен бөлек, жедел медициналық жәрдем, өзге де төтенше қызметтер жеткен. Бірақ сауда орталықтарының ешқайсынан бомба табылмады.
Келесі күні лаңкес полицияға тағы бір хабарлама жібереді. Бұл жолы құрылыс материалдарын сататын ірі сауда орталығынан 87 адамды тысқа шығаруға тура келді. Бұл жолы да сауда ғимаратында ешқандай жарылғыш зат жоқ болып шықты.
Ақпанның бірінде полиция департаментіне электрондық пошта арқылы автовокзал аумағына жарылғыш зат қойылғаны туралы тағы бір хабарлама келіп түскен.
«Арнайы мамандар ғимаратты түгел тексеріп шықты. Ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ. Автовокзалдан 40 адам эвакуацияланды», деді облыстық полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Сембин.
Қазір осы оқиғаға қатысты тексеру-іздестіру шаралары жүріп жатыр. Полиция мәліметі бойынша, тұрғындарды 4 күн қатарынан дүрліктіріп қойған жалған ақпаратты бір-ақ адам таратып отыруы мүмкін.