Оңтүстік Қазақстан • 01 Ақпан, 2021

Шымкентте қоғамдық көлік саласы реформаланды

421 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен Еңбекші ауданы әкімінің 2020 жылда атқарылған жұмыстар жөнінде халыққа есеп беру кездесуі өтті. Карантин жағдайына байланысты есепті жиын онлайн форматта ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz

Шымкентте қоғамдық көлік саласы реформаланды

Тұрғындар аудан әкіміне өз сауалдарын байланыс телефоны мен «Facebook», «Instagram» әлеуметтік желілері арқылы жолдады. Тұрғындар мен БАҚ өкілдері тарапынан 30-ға жуық сұрақ қойылды. Сұрақтардың дені қоғамдық көлік, инфрақұрылым, қауіпсіздік, мектеп пен жол құрылысы мәселелері болды.

Келіп түскен сұрақтарға қала әкімі де бірлесе жауап беріп, аудандағы өзекті мәселелер мен алдағы уақытта атқарылар жұмыстар жөнінде айтып өтті.

– Қалада жолаушыларға қызмет көрсетудің сапасын жақсарту мақсатында қоғамдық көліктерге реформа жасадық. Қазір шалғай елді мекен тұрғындары қоғамдық көлікке қосымша көлік жүргізуді сұрап отыр. Сәуір айына дейін автобустарға арналған газ құю бекетінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгеннен кейін 440 жаңа автобус түрлі бағытта қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, қоғамдық көліктің қайда келе жатқаны туралы ақпарат беретін мобилді қосымшаны іске қосуды жоспарлап отырмыз, – деді қала әкімі.

Қазіргі таңда Еңбекші ауданында қоғамдық көліктің 21 бағыты бар. Соның 13-і субсидияланған. Қалада қоғамдық көлікті дамытудың кешенді схемасына сәйкес газ құю бекеті іске қосылғаннан кейін 15 бағытта 78 автобус қосылады.