Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында қаржылық пирамидалар, сәулет, агроөнеркәсіп кешен, атқарушылық іс жүргізу, мемлекеттік органдар қызметі мәселелеріне қатысты заң жобалары қаралды.
Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында қаржылық пирамидалар, сәулет, агроөнеркәсіп кешен, атқарушылық іс жүргізу, мемлекеттік органдар қызметі мәселелеріне қатысты заң жобалары қаралды.
Жалпы отырыста бірінші кезекте «2005 жылғы 26 қазандағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсету кезінде өзара іс-қимыл жасау туралы келісімге хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралып, қабылданды. Келісім хаттамасына 2012 жылғы 5 желтоқсанда Бішкекте қол қойылған. Ол бойынша төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсету кезінде өзара іс-қимыл жасау үшін қолданылатын құжаттардың үлгі нысандары белгіленеді. Ал осы үлгі нысандар Ұйымға мүше мемлекеттер шекараларын кесіп өту барысын жеңілдетуді көздейді.
Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың айтуынша, Хаттама ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтері арасындағы төтенше жағдайларды жою барысындағы өзара іс-қимылдарды нақты жүзеге асыруды қарастырады.
Сонымен бірге, отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қолдау тапты. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай әзірленген заң жобасы Қазақстан аумағында қаржылық пирамидалардың қызметіне заңнамалық деңгейде тыйым салуды қарастырады. Қаржылық пирамидаларды құрғаны, қызметін ұйымдастырғаны мен басқарғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделеді. Ал олардың қызметін жарнамалағаны үшін әкімшілік жауапкершілік те қарастырылады.
Бұдан басқа, заң жобасында қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың ұғымын нақтылау қарастырылып, олардың қызметтерін жарнамалауға заңнамалық тыйым салынады.
Бас прокурордың орынбасары Иоган Меркель әлемде қаржы пирамидаларының қызметіне қатысушылар саны шамамен 10-15 миллион адамды құрайтынын, соның ішінде Қазақстанның өзінде «МММ» аталатын қаржы пирамидаларының 8 кеңсесі қызмет еткенін ескерте кетті. Үш жыл ішінде еліміздің құқық қорғау органдары мұндай ұйымдардың заңсыз қызметіне қатысты 61 іс қозғаса, 4 мың адам зардап шеккен. Олардың осындай пирамидаларда жоғалтқан қаржысы 707 миллион теңгеге жетеді екен.
Сондай-ақ, кешегі отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасымен елді мекендердің, инженерлік құрылыстардың және желілердің, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымның жай-күйі туралы ақпараттың жеделдігін қамтамасыз ету шаралары көзделеді. Ең бастысы – мемлекеттік қала құрылысы кадастрының бірыңғай жүйесін құру қарастырылады. Мұнымен қоса, авторлық қадағалауды жүзеге асыру ресімдерін реттеу және нысандар құрылысына арналған алдын ала жобалау құжаттамасының мерзімін белгілеу көзделеді. Сонымен қатар, заң жобасында қала құрылысының жаңа жүйесі озық технологияларды пайдалана отырып, жекелей кәсіпкерлер мен халықты қолжетімді деңгеймен қамтамасыз ету қарастырылады.
Депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіп кешені мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да бірінші оқылымда мақұлдады. Мәжілістің бір топ депутаты бастамашы болған заң жобасымен агроөнеркәсіп кешені мен ветеринария саласын жетілдіруге бағытталған өзгерістер енгізу көзделеді.
Баяндамашы – Мәжіліс депутаты Роман Кимнің сөзіне қарағанда, заң жобасымен инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіп кешені субъектілері шығыстарының бір бөлігін өтеу қарастырылады екен. Сондай-ақ, мемлекеттік қолдаудың осы бағыты аграрлық секторға инвестицияны арттыруға, агроөнеркәсіп кешенінің басым бағыттарын дамытуға оң ықпал ететін көрінеді. Тағы бір белгілі болғаны, заң жобасымен қайта өңдеуші кәсіпорындардың ауыл шаруашылығы шикізатын сатып алуға арналған шығындарын субсидиялау қарастырылады. Бұл ретте сатып алынатын шикізаттың кейбір түрлерін ғана субсидиялау қарастырылатындығын айта кету керек. Әсіресе, қант қызылшасы мен сүтті сатып алуға басымдық берілмек.
«Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша ойын білдірген сенатор Қуаныш Айтаханов қазіргі таңда шаруаларға қолжетімді несие берудің тетіктері әлі де болса толық шешілмегендігімен бөлісті. «Ал екінші деңгейлі банктердің несие портфелінің небәрі 3,5 пайызы ғана ауыл шаруашылығына жұмсалған. Осы ретте ауыл шаруашылығы банкін ашу мәселесінің айтылғанына он жылдай уақыт болып қалды. Бәрі осыны дұрыс деп қолдайды, алайда, бұл шешімін таппайды», деді сенатор осы орайда.
Бұдан кейін депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік органдардың құзыретін заңнамалық және (немесе) заңға тәуелді деңгейде бекіту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да екінші оқылымда талқыланды. Құжатқа бірқатар өзгерістер енгізілгендіктен, ол Мәжіліске қайтарылды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».