Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында әзірленіп жатқан «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын іске асыру ауаның ластану деңгейі жоғары 10 қаладағы жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.
«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы 7 негізгі бөлімнен тұрады: су нысандарын сауықтыру, ауаның ластану деңгейін төмендету, қалдықтарды басқару, биоалуантүрлілікті сақтау, елді көгалдандыру, энергия тиімділігі, экоқұрылым және экологиялық мәдениетті арттыру. Бұл Теміртау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған және Шымкент қалаларында экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді», деп хабарлады министр.
Ведомство басшысы атап өткендей, 2025 жылға қарай ағын суларды төгу көлемін төмендетуге қол жеткізу, қалдықтарды өңдеу үлесін ағымдағы 18% - дан 35%-ға дейін арттыру, сондай-ақ елдің ЖІӨ энергия сыйымдылығын төмендету жоспарлануда.
«Орман қорында 2 млрд ағаш отырғызу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігіне қоғамдық мониторинг жүргізу үшін Экология министрлігінің қолданыстағы геопорталының базасында интерактивті картаны құру ұсынылады. Қазір осы геопорталда орман өрттері мен заңсыз ағаш кесу мониторингі онлайн режимде жүргізілуде», деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.
Ұлттық жобаны әзірлеу бойынша жұмысты биылғы жылдың 1 шілдесінде аяқтау жоспарланып отыр.