Аймақтар • 02 Ақпан, 2021

Күріш егісіне 22 мың 244 тонна тұқым дайындалды

468 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда облысы бойынша ауыл шаруашылық құрылымдарын жоғары репродукциялы күріш тұқымымен қамтамасыз ету мақсатында аттестатталған 11 тұқым шаруашылықтары және тұқым өткізуші статусы бар 2 шаруашылық жұмыс жасайды. Қазіргі таңда осы тұқым шаруашылықтары күріш өндірісімен айналысатын шаруашылықтарды 100 пайыз жоғары репродукциялы тұқыммен қамтамасыз етті, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Күріш егісіне 22 мың 244 тонна тұқым дайындалды

Өткен жылы 14 800 тонна жоғары репродукциялы күріш тұқымы өндіріліп, оның 7321 тоннасы сатылды.

Бүгінде "Мағжан и К" ЖШС және "Ы.Жахаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы" ЖШС-терінде жоңышқаның бірінші репродукциялы және элиталық тұқымдарын өндіріп сатумен айналысуға статустары бар. Дегенмен, әртүрлі себептерге байланысты аталған шаруашылықтар қажетті деңгейде жоңышқа тұқымын дайындай алмай келеді.

2019 жылы тамыз айында институт базасында әртараптандыру дақылдары - мақсары, арпа бидай, сұлының бірегей тұқымдарының тұқым шаруашылығы ашылды. "Мағжан и К" ЖШС базасында биыл осы дақылдардың элиталық және бірінші репродукциялы тұқымын өндіріп сатуға тұқым шаруашылығы ашылмақ.

Сонымен қатар 2018 жылы Шиелі ауданына қарасты "Төңкеріс К" ШҚ базасында мақсары дақылының элиталық тұқым шаруашылығы, 2019 жылы тамыз айында Жаңақорған ауданы "Сыр табиғаты" ЖШС базасында жеміс ағаштарының элиталық көшеттерін өндіріп сатумен айналысатын тұқым шаруашылығы ашылды.

Алдағы уақытта осы шаруашылықтар ауыл шаруашылық құрылымдарын әртараптандыру дақылдарының жоғары сапалы тұқымдармен қамтамасыз етуге жұмыс жасайтын болады.

Тұқым шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың арқасында жылма жыл себілген тұқымның сапасы артып келеді. Өткен жылы облыс бойынша 89 492 гектар егіс көлеміне 100% жоғары репродукциялы 23 131 тонна күріш тұқымы себілді. Себілген тұқым сорттардың ішінде отандық сорттардың үлесі 12%-ды құрады.

Соңғы жылдары «Ы. Жахаев атындағы қазақ күріш ҒЗИ» ЖШС ғалымдарының шығарған отандық күріш сорттарының қатары «АйКерім», «Сыр Сұлуы» сорттарымен толықтырылды. Аталған сорттар қазіргі кезде сорт сынағынан өтіп, Қазақстан Республикасында ұсынылған селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізбесіне енді. Бұл сорттар 2020 жылы 1 156 га жерге орналастырылды.

2021 жылдың күріш егісіне 22 244 тонна тұқым дайындалды. Бұл қажеттіліктен 1144 тоннаға артық.