Аймақтар • 02 Ақпан, 2021

Өрттің алдын алу – маңызды міндет

419 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Петропавл қаласында өрттің алдын алу, сондай-ақ газбен улану мәселелері жөнінде төтенше жағдайларды болдырмау мамандарының брифингі болып өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Өрттің алдын алу – маңызды міндет

- Онда мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Айдар Мұсатаев жаңа басталған жылда ғана облыста 73 өрттің (2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есе көп) орын алғанын, онда 8 адам қаза тауып, 10 адам зардап шеккенін атап өтті. «Көбінесе бұл әлеуметтік бейімделмеген азаматтар, зейнеткерлер, сондай - ақ бейәлеуметтік өмір салтын жүргізетін, спірттік ішімдіктерге әуес және өрт қауіпсіздігі қағидаларын елемейтін адамдар, - деп атап өтті Айдар Қобланұлы.

Өрттің ең көбі Петропавл қаласы мен Тайынша ауданында болған. Оның басым бөлігі пешпен жылытуды орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзу, электр жабдығын монтаждау және техникалық пайдалану қағидаларын бұзу, халықтың отпен абайсыз жұмыс істеуі себебінен болыпты. Сол себепті барлық өрттің 73%-ы жекеменшік тұрғын үй секторына тиесілі екен.

Газбен улану қаупі де жоғары. «Өткен аптада Петропавл қаласындағы жекеменшік тұрғын үйде өрт болмаса да газбен уланудың бір жағдайы тіркелді, онда 2 адам зардап шеккен. Ерлі-зайыптылар уланып, екеуі де ауруханаға жатқызылды. 1960 жылы туған ер адам реанимацияда, ал 1961 жылы туған әйел терапевтикалық бөлімшеге түскен. Уланудың себебі өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу (мұржа құбырының күйемен бекітілуі) болды», - деп түсіндірді азаматтық қорғау подполковнигі.

Өрт сөндіру қызметі өрттің алдын алу жұмыстарына ерекше назар аударады. Халықты өртке қарсы қауіпсіздік талаптарына оқыту жүргізіледі. Жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдармен, еріктілермен бірлесіп, шамамен 18 мың адамды қамти отырып, 7 мыңнан астам үй аралап, 9 мыңға жуық парақшалар таратылған. Өрттен эвакуациялау бойынша 3 практикалық жаттығу, 300-ден астам оқушыны қамти отырып, 2 интерактивті сабақ өткізілген екен.

Тақырыпты Есіл ауданының ТЖ бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Жұлдыз Есенғазин жалғастырып, пештер мен газ жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігіне назар аударды. «2021 жылдың басынан бері Есіл ауданының аумағында 4 өрт болды, материалдық залал 1 млн 350 мың теңге. Өртсөндірушілердің қатысуымен 5 млн 650 мың теңгенің материалдық құндылықтары құтқарылды, бұл 2020 жылғы деректермен салыстырғанда 39%-ға артық», деді ол.

Өрттің жиі орын алатын бір себебі  - электр сымдарының қысқа тұйықталуы. Заманауи электр сымдарының көп жағдайда сапасы төмен болады, сондықтан кабель немесе сымның бүлінуін көзбен анықтау мүмкін емес. Электр қондырғылардың беріктігі мен үздіксіз жұмысының апатты жағдайларға жетуі, бірқатар міндетті шарттарды орындалмауына тікелей байланысты.

Кейде кабельдердің өнім өндірушіден тұтынушыға, одан қоймаға, жеткізушіден делдалға, сатушыдан сатып алушыға тасымалдауының салдарынан механикалық және физикалық әсерлерге жиі ұшырайды. Көп жағдайда кабельдің зақымдалуы істен шығу мен қысқа тұйықталу сияқты салдарларға әкеледі.

Сондықтан электрмен жабдықтау бойынша оқиғалар мен апаттарға жол бермеу үшін кабельдік желілерді мезгіл-мезгіл тексеру қажет. Осындай іс-шаралардың уақтылы жүргізуінен зақымдалған кабель желісін анықтап, адамдардың токпен зардап шегуіне және адамдардың қаза болуымен өрттің пайда болуын алдын алуға болады деді мамандар.

Солтүстік Қазақстан облысы