Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ
Экономиканы сауықтырудың «вакцинасын» ұсынды
Демек, халықаралық қаржы ұйымының жоғарыдағы болжамын есепке алсақ, олардың қатары 500 мыңға көбеюі ғажап емес. Дүниежүзілік банк сарапшыларының бағалауына сәйкес 2020 жыл Қазақстан экономикасы үшін соңғы жиырма жылдағы ең күрделі кезең болды. Халықаралық сарапшылар пандемия кезінде еліміздің басты экспорттық тауарының бағасы құлдырап, 2008-2015 жылдардағы дағдарыспен салыстырғанда едәуір қиындықтарға алып келді деген пайымға тоқтады. Ұлттық экономика министрлігінің дерегі бойынша 2000 жылдардың басынан бері ІЖӨ серпіні алғаш рет бұрыс динамиканы көрсетті. Айталық, жылдың соңында оның көлемі минус 2,6% межесінде тұрақтады.
Халықаралық банктің есебінде еліміздің экономикасын дамытудың 2021-2022 жылдарға арналған базалық нұсқасы ұсынылған. Алайда бұл пандемия толығымен бақылауға алынған жағдайда ғана жүзеге асырылуы ықтимал.
Мәселен, құжатта биыл ІЖӨ қарқыны теріс көрсеткіштен +2,5%-ға дейін оң бағытқа өзгеретіні айтылған. Мұндай нәтижеге шектеу шараларын біртіндеп азайтып, әлем елдеріндегі секілді вакциналауды жүргізу арқылы ғана қол жеткізілуі мүмкін. Осы сценарийдің негізінде 2022 жыл экономика баяу қалпына келетін кезеңге айналып, оның динамикасы 3,5%-ға дейін жетеді деп болжанса керек.
649 мың адам «Еңбекке» тартылды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша, былтыр қаңтар-желтоқсан аралығында 649 мың адам Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысты. Атап айтқанда, 210 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылып, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына 19,3 мың адам, жастар тәжірибесіне 34,4 мың адам, сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға 156,3 мың адам тартылды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру мақсатында 1,8 мың отбасы (5,8 мың адам) жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударды. Қысқа мерзімді оқыту курстарына 18,7 мың адам жіберіліп, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқытумен 18,4 мың адам қамтылды. «Еңбек» бағдарламасы арқылы жаппай кәсіпкерлікті дамытуға 12,7 мың шағын несие беріліп, оның ішінде 11,2 мың микрокредит ауыл тұрғындарына берілді. Осылайша, шағын несие алғандар қосымша 13,7 мың жұмыс орнын ашты. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаға қатысушыларға жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 44,9 мың мемлекеттік қайтарымсыз грант берілді. Бұдан басқа 33,2 мың адам «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытудан өтті.
100 мыңға жуық адам төлем алды
Жауапты ведомствоның дерегіне сәйкес, Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы аясында 6,7 мың әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдық жоба іске асырылып, 239 мың адам жұмыспен қамтылды. Бағдарламаға қатысушылардың жартысы ауыл тұрғындары, нақты айтқанда 39%-ы жастар болса, 7%-ы табысы аз азаматтар. Министрлік бұл шаралар еліміздегі жұмыссыздықты 5%-ға, сол секілді жастар жұмыссыздығын 3,9% деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік бергенін жеткізді. Жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі Түркістан (25,3 мың), Шығыс Қазақстан (21 мың), Жамбыл (20 мың) облыстарына, сондай-ақ Алматы қаласына (21,4 мың) тиесілі. Былтырғы қаңтар-желтоқсан аралығында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылған 99,1 мың адамға әлеуметтік төлем берілді. Бұл орайда 6 629 азаматқа төлем 2020 жылдың желтоқсанында тағайындалғанын айта кеткен орынды. Қолданыстағы заңға сәйкес, жұмыстан босатылған тұлғалар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты әлеуметтік төлемді 1 айдан 6 айға дейінгі аралықта ала алады. Төлем жоғалған кірістің 40%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Жұмыссыздықты 4,9%-ға төмендету көзделген
Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин биыл халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысын арттыру мақсатында міндеттер кешені айқындалғанын айтқан еді. Соған сәйкес, тұрақты жұмыс орындарын құрып, жұмыссыздықтың деңгейін төмендетуге баса мән берілмек.
«1,3 млн адам жұмыспен қамтудың әртүрлі шараларымен қамтылады, бұл жұмыссыздық деңгейін 4,9%-ға дейін төмендетеді. Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру жалғасып, бұл ретте тұрақты жұмыс орындарын құруға баса мән беріледі. Еңбек нарығын жаңа жағдайға бейімдеу үшін жұмыспен қамтудың жаңа түрлері енгізіледі. Экономикада құрылатын жұмыс орындарының есебін толық жүргізу үшін жұмыспен қамтудың өңірлік жол карталары жасалады. Еңбек нарығын дамытудың 2022-2027 жылдарға арналған ұлттық жоспары әзірленеді. Осы жылы бюджет саласындағы 1 млн-нан астам жұмыскердің жалақысы өседі», деген болатын А.Мамин.
Вакциналау сәтті іске асырылса, экономика қалпына келеді
Сарапшылар ақпанда қолға алынатын вакциналау сәтті жүзеге асырылса, сәйкесінше отандық экономиканы да жылдам сауықтыруға жол ашылатынын айтты.
«2020 жылы ІЖӨ 2,8%-ға төмендеді. Бұл кедейлікке қалай әсер етеді дегенге тоқталсақ, бізде халық саны жыл сайын 1,5-2%-ға өсіп келеді. Бұл – экстенсивті өсім. 2019-2020 жылдағы өсімді 4-5%-ға жоғары көтеріледі деп болжаған едік. Бірақ ол жүзеге аспады. Экономикамызды еуропалықтар 10-12%-ға төмендеді дегенде, біз де сол өсімді қосып, яғни 4-5%-ды және былтырғы 2,8%-ды есепке ала отырып, біздегі көрсеткішті 7-8%-ға төменге түсті деуіміз керек еді. Осы кедейлікке әсер етті. Егер де 2020 жылы ІЖӨ 4-5%-ға өскенде бізде кедейліктің деңгейі бұрынғы 5-6%-да қалуы мүмкін еді. Ал енді Дүниежүзілік банк осы есептерді алып, оны 12%-ға көтеріп тұр. Енді бұдан да жоғары көтеріле ме дегенге келсек, менің ойымша, Қазақстанның оған жол бермеуге мүмкіндіктері бар. Неге десеңіз, әр жылы инфляция белең алғанда, азық-түлік себетін, сол секілді зейнетақыны көтеріп, еліміздегі ахуалды тұрақтандыруға күш салынды. Бұл жолы да тиісті шаралар дер кезінде қабылданса, Дүниежүзілік банк келтірген болжам 8-9%-ға түсуі мүмкін», деді экономист Сапарбай Жобаев.
Жұмыссыздар ресми статистикадан әлдеқайда көп
GSB UIB директоры, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, құзырлы органдар еліміздегі шынайы статистиканы бұрмалап көрсетеді. Сондықтан халықаралық қаржы ұйымы келтірген дерек шындыққа жанасады деуге негіз бар.
«Қазақстанда статистикаға жауапты орган кедейлік шегіне байланысты ресми сандарды төмен көрсетуге тырысады. Сол себепті Дүниежүзілік банк келтіріп отырған мәліметтер шындыққа жанасады. Бізде кедейлік шегі келесідей тәртіппен есептелінеді. Мәселен, ең төменгі күнкөріс деңгейі бар. Оны тұтынушылық себет құрайды. Сол тұтынушылық себеттің негізінде ең төменгі күнкөріс шегі шамамен 32 мың теңгенің көлемінде болған. Оның 70%-на жетер-жетпес табыс тапқан азаматтар кедейлер қатарына қосылады. Айталық, отбасы бес адамнан тұратынын есептесек, оның бір мүшесі ғана жұмыс істеп, табысы айына 100 мың теңгені құраса, бұл отбасы әлеуметтік осал топ деп қарастырылады. Шындығын айтқанда, бұл Дүниежүзілік банк пен БҰҰ бағдарламаларындағы кедейшілікті анықтауға байланысты өлшеммен сәйкес келмейді. Өйткені ондағы мәлімет бойынша табысы күніне 5,5 доллардан аспайтын азаматтар кедей деп саналады. Егер де осы соманы есептеп шығарсақ, бұл шамамен 60 мың теңгеден асып жығылады. Яғни әлемдік талапқа сәйкес, айлық табысы 60 мың теңгеден аз кез келген адамды кедейлер қатарына қосу керек. Алайда біздегі өлшем жүйесі мүлдем бөлек. Халықаралық талаптың негізінде санасақ біздегі кедейшіліктің деңгейі тіптен аспандап кетер еді», деді М.Халық.
Экономистердің пікіріне жүгінсек, еліміздегі кедейшілікті реттеу үшін алдымен ресми статистиканы жөнге келтіріп, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендердің санатын анықтау қажет. Себебі мұны анықтамаса, таяу келешекте әлеуметтік шиеленіс орын алуы мүмкін.
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне қарасақ, жылдың соңына дейін республикадағы жұмыссыздық 6,1% деңгейінде болады деп айтқан еді. Ұлттық экономика министрлігінің статистикалық мәліметінде 5,8%-ға өсті деп келтірілген. Алайда шын мәнінде жұмыссыз азаматтардың саны әлдеқайда көп. Бұл орайда ең үлкен мәселе өзін-өзі жұмыспен қамтығандарда болып тұр. Мұндай санаттағы азаматтардың саны шамамен 2 млн-нан асады. Олардың тең жартысы өзін нәтижелі жұмыспен қамтып жүрсе, қалған жартысы үйінде отыр. Сондықтан да өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтып отырған азаматтарды жұмыссыздар қатарына қосып, толық есептеу керек. Өйткені олар үйіне табыс әкелмей жатқандықтан кедейлердің қатарын көбейтіп отыр. Жағдайға шын мәнінде қарамасақ, ертең үлкен әлеуметтік шиеленістер орын алуы мүмкін. Мемлекет осыған үңіліп, нақты жағдайды сипаттай білуі тиіс. Ол үшін сандар дұрыс болуы керек. Ертең тиісті бағдарламалар қабылданғанда осы статистика оның тиімді жүзеге асырылуына септігін тигізеді», деді GSB UIB директоры.
Халықаралық валюта қорының бағалауынша, пандемияның кесірінен дамушы елдердегі орташа Джини коэффициенті 39-дан 42-ге дейін ұлғаюы мүмкін. Ал табыс деңгейі төмен мемлекеттерде 40-тан 43-ке дейін артпақ. Демек, бақуатты жандар мен кедейлер арасындағы әлеуметтік жіктелу деңгейінің өсуі байқалмақ. Мұндай үрдістің қазірдің өзінде байқалып отырғанын экономистер де жасырмайды. Жабайы капитализмнің осындай жағымсыз құбылысының алдын алу үшін тиімді мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеп, ықтимал тәуекелдердің алдын алуға бағытталған әлеуметтік «көпшікті» қарастырған абзал дейді сарапшылар.
Жоғарыдағы мамандардың сөзін жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы да қуаттап, жұмыссыздықпен қағаз жүзінде күресуді доғару керек деп министрлерге ескерткен еді.
«Біз жұмыспен қамтудың жол картасын қабылдап, оған 1 трлн теңге бөлдік. Бұл қаражаттың 98,2%-ы игерілді. Бағдарлама халықты еңбекпен қамтып, іскерлік белсенділікті қолдау үшін маңызды рөл атқарды. Алайда ондаған және жүздеген мың жұмыс орны ашылғаны туралы ақпаратты тексергенде, ол зейнетақы және салық төлемдерімен сәйкес келе бермейді. Азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыру белең алып отыр. Бірыңғай ақпараттық жүйеге бір адам туралы мәлімет қайта-қайта енгізіледі. Дәл осындай 15 мың жағдай тіркелген. Жұмысқа орналасты деген адамдардың үштен бірі зейнетақы қорына қаржы аудармаған болып шықты. Мұндай жағдай, әсіресе Түркістан (79%), Қызылорда (43%) және Жамбыл облыстарында (36%) анықталып отыр. Жалпы, еңбекпен қамтылғандардың 40%-ға жуығы «көлеңкеде» қалып қойған. Мен бұған дейін осындай есептерді автоматты түрде қайта тексеру тәсілдерін енгізу туралы тапсырма бердім. Алайда, Мемлекеттік кірістер комитеті мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бұл тапсырманы әлі орындаған жоқ», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Саладағы олқылыққа баса мән берген Президент мемлекеттік кіріске жауапты органдарға мәселені қатаң бақылауға алуы керегін, қажет жағдайда бұл жұмысқа құқық қорғау органдары да тартылатынын жеткізді.