Есеп комитеті Спорт және дене шынықтыру агенттігінің 18,8 млрд.теңгені заңсыз жаратқанын анықтады. Бұл туралы Есеп комитетінің ресми сайты хабарлады.
Тексеру кезінде жаппай спортты дамыту жөніндегі нормативтердің әзірленбегені анықталған. Жалпы, елімізде балалар мен жасөспірімдерге арналған 477 клуб жұмыс iстейді.Оған келушілер саны – 64 мың адам. Сондай-ақ 139 ЖОО-ның тек 56-інде ғана спорттық клубтар бар, ал 83-інде спорт секциялары жұмыс істейді.
Республика бойынша спорт базаларының жетіспейтіндігі, олардың материалдық-техникалық тұрғыдан нашар жабдықталғаны анықталды. Мұнан өзге, жаңадан салынып жатқан спорт нысандарының пайдалануға беру мерзімін бұзу, инвестициялық жобалардың сметалық құнын ұлғайту және орындалмаған жұмыс көлемі үшін ақы төлеу фактілерін әшкереледі.Спорт саласындағы жоғары білікті мамандардың тапшылығы да өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Осы сала бойынша Есеп комитеті жалпы сомасы 18,8 млрд. теңгенің заң бұзушылығын анықтап, жауапты тұлғаларға олқылықтың орнын толтыруды міндеттеді.
Бақытбек Кенешұлы.
Дереккөз: Есеп комитеті
Фото: vita marg