Аймақтар • 04 Ақпан, 2021

Еліміздегі ең үлкен ауыл

6875 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Облыс орталығынан – 175, аудан орталығынан – 18, үшінші мегаполис Шымкенттен 36 шақырым қашықтықта орналасқан ауылда көлік кептелісі өзекті мәселенің біріне айналғанына кейбіреулердің сенбеуі мүмкін. Солтүстік өңірлерде қалаға көшушілердің көптігінен кей ауыл округтері оңтайландырылып, бірқатары жабылып жатса, мұндағылар жастарды солтүстікте өмір сүруге үгіттеуде. Оған табиғи өсімнің, кез келген мамандықта бәсекелестіктің жоғары екені басты себептердің бірі болып отыр.

Еліміздегі ең үлкен ауыл

 

Иә, еліміздегі ең үлкен елді мекен – Түркістан облысының Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылы туралы айтып отырмыз. Бүгінде ауыл тұрғындарының саны – 52 105, оның 23 495-і әлеуметтік белсенді. Деректерге жүгінсек, Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауылында 53 мың­нан астам халық тұрады екен. Бірақ Бей­не­уіңіз аудан орталығы болып саналады. Қарабұлақты еліміздегі ең үлкен ауылға балап отырғанымыз да сондықтан. Одан бөлек бұл ауыл атшаптырым жерді алып жат­қан мал базарымен, ерте пісетін және еліміздің барлық дерлік өңіріне жет­кі­зі­ле­тін картобымен, көкөнісімен танымал. Қарабұлақ мал базарын көпшілік Орталық Азиядағы ең үлкен сауда орны ретінде біледі. Оған Қарабұлақтан Алматы мен Шымкенттен және көрші облыс, аудандардан арнайы келіп ірі қара малдың етін алып кететіндерді қосыңыз. Көліктерін осы ауылға әкеліп жөндететіндер және көп. Ауыл шаруашылығына қажетті ма­ман­дар Қарабұлақта даярланады, темір­ден түйін түйетін шеберлер де аз емес. Ауыл азық-түлікпен өзін-өзі қамта­масыз ететін жағдайда, яғни 1 657 шаруа қожа­л­ығы, 5 ЖШС, 4 өндірістік кооператив, 3 СТК және 5 өңдеу цехы бар. Ауыл бойынша 438 кәсіпкерлік нысанда 1 720 тұрғын жұмыспен қамтылған. Кәсіпкерлер тарапынан былтыр 890 млн теңге инвестиция тарту жоспарланса, орындалғаны 2 млрд 968 млн теңге болып, 322%-ға жеткен. Былтыр 32 200 тонна картоп, 32 500 тонна көкөніс, 14 260 тонна бидай, 12 995 тонна бір және көпжылдық мал азықтық дақылдары, 95 тонна арпа жиналған. Кәсіпкерліктің дамуын, мол өнімнің жиналуын жұрт елді мекеннің халқын толықтай дерлік этностық өзбектер құрайтынымен де байланыстыруда. Дегенмен бұл ауыл­дың халқы өте еңбекқор екеніне беріден айтқанда көршілес аудан, облыс елді мекендерінің тұрғындары әлдеқашан көз жеткізген. «Әрбiр ауыл тұрғыны өз ауы­лын атақонысым, кiндiк қаным тамған қа­сиет­тi туған далам, мәңгiлiк құтты да кие­лi мекенiм деп қанына да, санасына да ана сүтiмен сiңiрген. Біздің ауылда табиғи өсім жоғары. Тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдары ауыл тұрғындарының саны 28-29 мың болса, қазір 52 мыңнан асты. Былтыр 1 600-ге жуық нәресте дүниеге келді. Демографиялық өсім жылына 1 200-1 300 адамды құрайды. Ауыл 5 100 гектарға тығыз орналасқан. Негізінен картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат, жүзім, бау-бақша дақылдарын өндіреміз. Облыс әкімі Ө.Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес үйіргелік жерлерге тамшылатып суару әдісін қолдануға 30 тұрғынның құжаты мақұлданып, тиісті қаржы бөлінді. Тәуелсіздік жылдары ауылда көптеген игі іс атқарылды. Рас, алғашқы жылдардағы қиындықты көппен бірге көрдік. Ауылдан көрші мемлекеттерге көшіп кетушілер де болды. Бірақ олардың көбісі 2012 жылдары қайта оралды. Тәуелсіздік жетістіктерін бір ғана мысалмен айқындауға болады. Қарабұлақта 1974 жылы 600 орындық мектеп пайдалануға берілді. Қалған бі­лім ошақтары асарлатып салынды. Екі үйді біріктіріп мектеп еттік те. Ал 1984 жылы Қарабұлақ жалпы орта мектебі ашылды. Содан кейін құрылыс тоқтады. Тәуелсіздік жылдары, яғни 2010 жылы 1 200 орындық Фурхат жалпы орта мектебі пайдалануға берілді. Сол 2010 жылдан күні кешеге дейін 11 жаңа мектеп салынды. Мектептердің сыйымдылығы – 7 900, жалпы оқушылар саны – 13 800. 15 мектеп, бір колледж, 11 балабақша бар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылы бір ғана балабақша болса, кейіннен «Балапан» бағдарламасы аясында мектепке дейінгі мекеме саны 11-ге жетті. Жылына шамамен 700 бала мектеп бітіреді, орта есеппен жылына 1 200 бала өмірге келеді делік. Яғни үш жылда бір мектеп салынуы тиіс», дейді Қарабұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Бахтияр Шамұратов.

Осы арада айта кетелік, өткен жылы қыр­күйек­те пайдалануға берілген Низам­хан Сулайманов атындағы жалпы орта мектеп мемлекет-жекеменшік әріп­тес­­тігі аясында салынған. Қазақстан­ның Құрметті құрылысшысы, «Құрмет» орденінің иегері Низамхан Сулаймановтың бастамасымен салынған мектепте 2 100 оқушы білім алуда. Мектеп директоры Татьяна Пономареваның мәлімдеуінше, барлық білім ошақтары секілді карантин талаптары толық сақталуда. Оқушыларға 140 мұғалім дәріс беруде. «Мұғалімдер конкурстық негізде қабылданады. Үш қабатты ғимараттың әр қабатында 40 кабинеттен бар. Барлық пәндік кабинеттер заманауи жабдықталған. Бүгінгі талаптар ескеріле, парталар оқушының жеке отыруына есептелген. Жабық фут­бол алаңы, стадион, 14 спорт­зал бар. Шахмат, күрес, грек-рим кү­ре­сі, таэквандо, баскетбол, волейбол үйір­ме­лерін ашу көзделіп отыр. Сондай-ақ хореографиялық зал жұмыс істеуге дайын. Балалардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Мектеп үш тілде, қазақ, орыс, өзбек тілінде білім беруге бейімделген. Кеңжолақты интернетке қосылған. Жеке­мен­шік болғанымен, мектепте оқу тегін. Балаларды мектепке алып келуге, үйіне жеткізуге арнайы көліктер қаралған және ол қызмет ақысыз. Сырттан келіп сабақ бере­тін мұғалімдер үшін жатақхана қа­ра­лған. Мектеп құрылысына 1 млрд 800 млн теңге инвестиция жұмсалды», дейді Татьяна Викторовна.

Сондай-ақ тұрғындар мектеп, ба­лабақ­ша­лардың саны арта түсуімен қатар ауылдың табиғи газбен қамтылуын тәуел­сіздік жетістігіне балайды. Ілгеріде Жоғарғы Кеңеске кандидаттар сайлауалды науқанда ауылды газбен қамтамасыз етеміз деп уәде беріп келгенімен ол орын­далмаған. Содан кейін ауыл әкімдігі бастама көтеріп, 2010 жылы газбен қамту бойынша жергілікті кәсіпкерлерге ұсыныс жасапты. «Демеушілер есебінен 2 млрд 80 млн теңгеге жобалық-сметалық құжат дайындалды. Ауылға деген Елбасы Н.Назарбаевтың қамқорлығының, Үкі­мет­­тің қолдауымен сол кездегі аудан әкімі Уәлихан Қайназаровтың, сол жыл­дар­дағы Мәжіліс депутаты, марқұм Сатыбалды Ибрагимовтың көмегінің нә­ти­жесінде 2013 жылы Қарабұлаққа газ келді. Бүгінде 6 мыңнан астам абонент, 500-ге жақын кіші кәсіпорын табиғи газбен қамтылған. Төтенше жағдайлардың алдын алу, құры­лыс инфрақұрылым саласы, ауылды көгалдандыру, көріктендіру бойынша да жоспарланған жұмыстар жүзеге асырылуда», дейді ауыл әкімінің орынбасары.

Ең үлкен ауылдағы тағы бір ерекшелік – көлік логистикасы. Ауылда 568 жүк тасымалдайтын көлік бар. Оның 360-ы шетелдік көліктер. Дүниенің түкпір-түкпіріне жүк тасымалдауда. Осыншама көлікке техникалық қызмет көрсететін орындар да жеткілікті. Яғни көлігі бұ­зылған жүргізуші алысқа бармай-ақ осы ауылда толық жөндеуден өткізе алады. Ауыл тұрғындары Қарабұлақта көлікті шашып жіберіп қайта жинайтын, жаңадан көлік құрастыра алатын шебер көп екенін айтады. Оған ауылда болғанымызда біз де көз жеткіздік. Ілгеріде Манкент ауыл шаруашылығы машиналары зауытында ұзақ жыл жұмыс істеген Әбдурашид Умаров токарлық цех ашып, қызмет көр­сетуде. Темірден түйін түйетін балаларын да осы кәсіпке баулып, бүгінде арнайы жабдықтар орнатылған цехта резба­лы темір өнімдерін дайындайды, көлік жөндейді. «Ел өңірлеріне, шетелдерге жүк тасымалдаймын. Әрине ұзақ жолдан кейін көлік күтімді, кейде жөндеуді де қажет етеді. Умаровтарды көпшілік жақсы біледі, қажетті жұмысты сапалы және уақытында атқарады», дейді Volvo жүк көлігінің жүргізушісі, түлкібастық кәсіпкер Досхан Рахмет. Көлік жөндеу орындарының көптігін ауылдағы мемле­кет­тік колледжбен байланыстыруға да болар. Кеңестік дәуірде селолық кәсіп­тік-техникалық училище болған білім мекемесі 1996 жылдары қаржылық қиындықтарға байланысты жабылған. Содан кейінгі 15 жыл жалпы орта мектеп болды. Д.Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледж директоры Ирисмат Исмаиловтың айтуынша, 2011 жылы ауылшаруашылық мамандары қажет екенін айтып, аудан, облыс әкімдеріне орта мектепті кәсіптік лицейге айналдыру бойынша ұсыныс жасалды. «Облыс әкімі А.Мырзахметовтің, аудан әкімі У.Қайназаровтың қолдауымен 2011 жылы тамыз айында кәсіптік лицей болып ашылдық. Сол кезде оқу ғимараты, 120 орындық жатақхана, 2,7 гектар автодром бар еді. Бірақ шеберхана ғимараттары, 100 гектар жері жекеге сатылып кеткен болатын. Гаражы да, барлық техникалары да сатылған. Бірақ біз кәсіптік лицей болып ашылғанда үлкен шеберхана жұмыс істеді. Ал 2018 жылы облыстық бюджеттен 436 млн теңге қаржы бөлінді. Сөйтіп құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 2018 жылы қыркүйекте 200 орындық шеберхана ғимаратын қабылдап алдық. Қазір жастар ауыл шаруашылығы тракторист-машинисі, көліктерге қызмет көрсету шебері, дәнекерлеуші, тігінші, автоэлектрик сынды 8 мамандық бойынша білім алуда. Жалпы колледжде 624 оқушы бар. Барлығы осы ауылдан және жақын маңайдағы елді мекендерден. Оқушыларға 21 500 теңге шәкіртақы, 9 мың теңгенің үстінде тамақ ақысы және әр алты айда бір рет жолақысы беріледі. 44 оқытушы, 39 шебер бар. Пандемияға байланысты практикалық сабақтар ке­йін­ге қалдырылып отыр. Түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткіші әскерге шақырылғандарды, ЖОО-ға түскендерді, тұрмысқа шыққандарды қоспағанда – 69,9%. Шымкенттегі «Гауһар» тігін фабрикасымен 3 курс студенттерін практикадан өтуге келісім жасалған. Сондай-ақ «Жас маман» бағдарламасы бойынша 290 млн 300 мың теңге республикалық бюджеттен алдық. Ұтып алғанымыз үшін облыстық бюджеттен 14,5 млн теңге қар­жылай қолдау көрсетілді. Бұл қар­жыға комбайн, трактор, «КамАз» және басқа да ауылшаруашылық техникалары алынды», дейді И.Исмаилов.

1

Мал шаруашылығы бойынша облыста ең көп бордақылау алаңы осы Қарабұлақта. Нақтырақ айтсақ, 76 мал бордақылау алаңы бар. Солардың бірі жеке кәсіпкер Абдуваид Абдурахманов 50 бұқаны бордақылауда. Отбасымен осы шаруаны қолға алған кәсіпкердің айтуынша, еттің килосын 1 700-1 800 теңгеден Алматыдан келіп алып кетушілер көп. Етке сұраныс бар, алушы іздеп әуре болмайтын Абдуваид жазда 50 малдың азығын, яғни шөп дайындауға 700-800 мың теңге жұмсайды екен. Дегенмен жем қымбаттаған. Өткен жылы ауылдағы мүйізді ірі қара саны 130 мыңнан асса, жылқы саны 57 мыңға жуықтады. Ұсақ мал басы 86 552 болып, 43 500 тонна ет және 16 410 тонна сүт өндірілген.

Қарабұлақта шешімін күткен өзекті мәселе де баршылық. Соның бірі – тұр­ғын үй салуға қажетті жер мәселесі. Жер телі­мін алу үшін бүгінде 5 290 адам кезекте тұр. Көп жылдар бойы тұр­ғын үй салуға жер берілмеу себепті 1 273 тұрғын заңсыз құрылыс жүргізген. Бүгінде облыс прокуратурасы және облыстық жер инспек­циясының алгоритмі негізінде ауыл әкімдігі заңсыз нысандарды құжат­тандыру бойынша жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ ауылда ауыз су мәселесі өзекті, тәулік бойы берілмейді. Бұл орайда мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасына сәйкес таза ауыз су ұңғылары орналасқан жер телімдерін мемлекетке қайтару мақса­тында жұмыс атқарылуда. Сөзіміздің басында айтып өткен, ауыл орталығы Рүстемов көшесіндегі көлік кептелісін азайту бағытында аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жобалық-сметалық құжаттама дайындауға ұсыныс хат берілген. Жаз айларында ауылда ағын су да тапшы. Бұл орайда жерасты сулары, тамшылатып суару сынды жаңа технологиялар пайдаланылуда. Жерасты суын пайдаланып бір жерден екі өнім алушылар баршылық. Сондай-ақ ауыл ішіндегі жолдар жөндеуді қажет етеді. «Ауылдағы өзекті мәселелерден аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков жақсы хабардар. Өйткені аудан әкімінің бастамасымен құрылған «Парасат» клубында барлық мәселе ашық айтылады. Ұласбек Сәдібекұлы пікірталас алаңында айтылған мәселелердің мүмкіндігінше дер кезінде шешімін табуына ықпал етуде», дейді ауыл әкімінің орынбасары Б.Шамұратов.

Статистикаға сүйенсек, қазақстан­дық­тар­дың 41 пайызы (7,7 млн) әлі де ауылдық жерлерде тұрып жатыр. Жастар тарапы қалаға ұмтылғанымен, туған ауылын қимайтын қариялардың қарасы жетерлік. Ал Қарабұлақта атакәсіпті жалғастырып, ауылын көркейткісі келетін жастар көп.

 

Түркістан облысы