Саясат • 04 Ақпан, 2021

Онлайн несиені қайтару «оңай емес»!

2376 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сотта ең көп қаралатын істердің бірі – онлайн займ алып, опық жеп жүргендерге қатысты. Қазіргі таңда еліміз бойынша 7 миллионнан астам онлайн несие рәсімделген екен. Бұл – әрбір екінші қазақстандықтың мойнында қарыз бар деген сөз.

Онлайн несиені қайтару «оңай емес»!

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

 

«Тез әрі ыңғайлы!». Кез келген ми­кро­­қар­жы ұйымының басты ұраны осындай. Ақшадан тарыққан адам бар-жоғы жарты сағаттың ішінде артық құжатсыз, үйден шықпай-ақ қалтасын қалыңдата алады. Алайда, «қарыздың күліп келіп, жылап қайтатынын» естен шығармаған жөн. Себебі, әрбір «тез бен оңайдың» артында ұзақ әрі қиын іс тұруы мүмкін.

Онлайн займның банктен алатын несиеден айырмашылығы неде? Қарапайым жұрт қарыз алудың осы тәсілін неліктен көп таңдайды? Онлайн несие алудың артында қандай қитұрқылық тұр? Ақшадан қысылып, қаржыдан қиналған жұрт астарына үңіле бермейтін осы сұрақтарға мамандардың мәліметіне сүйеніп жауап беріп көрейік.

Біріншіден, онлайн несие алу – аты дардай банктен офлайн ақша алумен бірдей. Тек банк қажетті құжаттарды, ке­піл­ге кемінде бір танысыңызды белгі­леу­ді талап етеді. Мәселен, айлық табы­сы­ңызды рас­тауыңыз қажет. Ал онлайн займ беру­шілер ешқандай кепілсіз, бір ғана құжат – жеке куәлікпен-ақ аптаның кез ­келген күні, тәулік бойы шарт жасаса береді. Бұл – несие алушы үшін өте ың­ғайлы.

Екіншіден, микроқаржы ұйым­дарының займы 100 мыңнан басталып, бір жылдан үш жылға дейінгі мерзімге беріледі. Тіпті 140 мыңға дейінгі қарызды бір айға да беретіндер бар. «Миллионға қарызға кіріп жатқан жоқпын ғой», деп алаңсыз ақша алатындар дәл осы тұста оңбай қателеседі. Себебі, онлайн займның мерзімі қысқа болған сайын, үстемақысы көп болады. Яғни сіз 200 мың теңге қарыз алып, оны шартта көрсетілген 2 жылдың ішінде уақтылы әрі толық қайтармасаңыз, бастапқыда алған ақшаңызды бірнеше еселеп төлеуге мәжбүр боласыз.

Онлайн несие алу кезінде ескеретін тағы бір жайт – жекелеген қаржы ұйым­дары сіздің жеке мәліметтеріңіздің құ­пия сақталуына кепілдік бермейді. Мұндай шағын ұйымдар хакерлік шабуылдан толық қорғалмағандықтан, қарыз алушының жеке мәліметтері (жеке куәлігінің нөмірі, ЖСН, банк карточкасы туралы ақпараттар, т.с.с) алаяқтардың қолына ілігуі әбден мүмкін.

Үшіншіден, микроқаржы ұйымда­рының қарыз алушыға қоятын талабы өте жеңіл. Ол – Қазақстанның 18 жастан 75 жасқа дейінгі тұрғыны, кез келген банк­те шоты мен байланыстағы телефон нөмірінің болуы. Ал қарыз алушының несие тарихы оларды қызықтырмайды. Сондықтан да басқа банкте несиесін жаба алмай жүргендер қарызының үстіне қарыз жамай беруі әбден мүмкін. Несие алу шарттарында көзден тасалау жерде шағын шрифпен жазылатын ақпарат бар. Ол – «Жылдам несиелер үшін жылдық пайыздық мөлшерлеме 0,03%-дан 730%-ға дейін болуы мүмкін» деген сөйлем. Оның үстіне несие сомасы көрсетілген мерзімде төленбесе, кредитор мерзімі өткен әрбір күн үшін айыппұл төлемін талап ете алады. Осы ақпараттарды сал­мақтап көргеннен кейін алған 100 мың қарызыңызды қарапайым көбейту формуласымен есептей беріңіз...

Жақында сенатор Андрей Лукин микроқаржы ұйымдарының жұмысына қатысты кемшіліктерді тізіп шығып, Қаржы нарығын реттеу және дамы­ту агенттігіне депутаттық сауал жол­да­­ды. Қаржылық сауаты төмен қара­пайым халықты оп-оңай құрығына түсіріп, қан қақсатып жүрген мұндай ұйым­дарға мемлекеттік органдар тарапынан қадағалаудың жоқтығын ашық жеткізген депутат: «Жекелеген қаржы ұйымдарының салдарынан 17 мыңдай азамат зардап шегіп, келтірген шығын көлемі 21 млрд теңгеден асқан», деп мәлімдеді.

Рас, елімізде онлайн займ берушілер туралы нақты мәлімет, бірыңғай ақпа­раттық база жоқ. Әсіресе интернетте қаптап жүрген мұндай ұйымдар өз жұмыс­тары туралы мемлекеттік орган­дарға есеп бермейді. Займ берушілер комиссия көлемін де өз қалауынша құ­былта береді. Микроқаржы ұйымдар­ының қыз­метін ешбір құзырлы орган бақылап, тексермейтіндіктен, оларға қатысты қан­дай да бір шара қолдана алмайды. Бақылаусыз, бет-бетімен кеткен «қаржы қақпанынан» аузы күйгендер амалсыздан «қарызымды кешірсе» деп сотқа жүгінеді.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елімізде ресми тіркеліп, заңды түрде жұ­мыс істеп жатқан бар-жоғы оншақты ғана микроқаржы ұйымы бар екен. «Ал қазір көшенің кез келген бұрышы мен интернеттің бетін жаулап алған онлайн займдардың барлығын есепке алу мүмкін емес», дейді ІІМ Кибер қылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаев.

Құқық қорғаушы Айнұр Махметова «Онлайн займ рәсімдегенде нені ескеру керек?» деген сұрағымызға: «Ең бірінші халықтың қаржылық сауаттылығын арттырған жөн», деді. «Себебі, қарапайым адамдар несие алу мәдениетін білмейді. Тегін жатқан дүниедей жеңіл қарайды. Сол себепті де елімізде займның өсім­пұлын алып тастап, негізгі соманы өн­діруге қатысты сот істері өте көп», дейді заңгер. «Онлайн несие алудың жолы тез әрі ыңғайлы болғанымен, олардың жылдық пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары. Қарапайым тілмен айтсақ, 25 мың теңге алса, бұл сома жылдың соңында 700-800 мыңға дейін өседі. Егер қарызын уақтылы төлемесе, оның үстінен қосылатын үстеме ақысы тағы бар. Мұндай ұйымдар займ алушылардың төлем қабілеттерін тексермейді. Сосын қарыз уақтылы төленбесе, оларды не күтіп тұрғанын жете түсіндіріп те жатпайды. Соңғы мәліметтерге сенсек, соңғы 1-2 жылда елімізде 7,5 млн онлайн займ жасалған», деген құқық қорғаушы қазіргі таңда Ұлттық банкке, қаржы нарығын реттейтін құзырлы ор­ган­дарға бағынбайтын онлайн займ беретін ұйымдардан аузы күйгендердің тым көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдірді.

Ал Кибер қылмысқа қарсы күрес орталығының дерегіне сүйенсек, өткен жылы елімізде 14 мыңнан астам интернет алаяқтық тіркелген болса, оның жартысына жуығы заңсыз онлайн займ рәсімдеуге қатысты екен. Яғни соңғы жылдары елімізде бөтен адамның атынан несие рәсімдеу көбейген. Мәселен, өткен 2020 жылы 3 мыңға жуық адамның аты­нан заңсыз несие рәсімделсе, биыл­­ғы бір айда ғана осыған ұқсас 146 іс тіркелген. «Интернет алаяқтар ми­­кроқаржы ұйымдарының сайттары арқылы өзге адамға онлайн займ алу­дың қыр-сырын жақсы меңгеріп алған. Ал өз атына несие рәсімделгенін жәбірленушілер 2-3 ай өткен соң банк­тен, жеке қаржы ұйымынан немесе кол­лекторлар хабарласқанда бір-ақ біліп жатады. Бұған ең біріншіден адамдардың өздері кінәлі, – дейді орталық қызметкері Рүс­тем Смағанбетұлы, – Көпшілік жеке құжаттарына салғырт қарайды, кез келген интернет дүкен арқылы сауда жасаса, дербес деректерін ойланбастан жариялай береді. Кім көрінгенге мәліметтерін ұстата салады. Осындай қарапайым қа­уіп­сіздік ережелерін сақтамаудың соңы сан соқтырып жатады. Сол себепті жеке мәліметтеріңізге мұқият болыңыз!».

Иә, онлайн несие алуыңыз оңай бол­ғанымен, одан опық жеп қалуыңыз қиын емес.