21 Желтоқсан, 2013

Тәуелсіз Қазақстанның Жеті қазынасы: Төл мәдениет пен туған тіл

790 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Азаттық алған ұлттың алғашқы міндетінің бірі және бірегейі – ерік-жігерден айырып, түпкі мұратынан жаңылдырған дойыр ғасырлардың рухани зардабынан аршылу. Елің мен жеріңді өзімдікі деп сезініп, ғаламда әлімсақтан бар екеніңе, көптің елеусіз бірі емес, дара екеніңе қуану үшін де осылай жасауың керек. Ал рухани аршылу дегеніміз – ұлттық сана мен зерде қалыптастыратын, бүкіл жан жылуың мен сезіміңе суарылатын, әнің болып әуелейтін, күйің болып төгілетін, жырың болып өрілетін, туған тіліңде ғана түлейтін төл мәдениетіңді қай­та жаңғырту. Ұлт пен адам­заттың имандылығына демеу болып келе жатқан, жалпылама айтқанда, өркениет делінетін сол мәдениет жайлы Елбасы тәу­ел­сіздік жылдарында тұтас фило­софиялық рухани байлам қалыптастырды.

38-iiiiiiiiiiiiii

 

«Үшінші қазынамыз: тәуелсіздікпен бірге түлеген төл мәдениетіміз бен туған тіліміз».

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ,

Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты

жиында сөйлеген сөзден.

38-iiiiiiiiiiiiii

Азаттық алған ұлттың алғашқы міндетінің бірі және бірегейі – ерік-жігерден айырып, түпкі мұратынан жаңылдырған дойыр ғасырлардың рухани зардабынан аршылу. Елің мен жеріңді өзімдікі деп сезініп, ғаламда әлімсақтан бар екеніңе, көптің елеусіз бірі емес, дара екеніңе қуану үшін де осылай жасауың керек. Ал рухани аршылу дегеніміз – ұлттық сана мен зерде қалыптастыратын, бүкіл жан жылуың мен сезіміңе суарылатын, әнің болып әуелейтін, күйің болып төгілетін, жырың болып өрілетін, туған тіліңде ғана түлейтін төл мәдениетіңді қай­та жаңғырту. Ұлт пен адам­заттың имандылығына демеу болып келе жатқан, жалпылама айтқанда, өркениет делінетін сол мәдениет жайлы Елбасы тәу­ел­сіздік жылдарында тұтас фило­софиялық рухани байлам қалыптастырды.

«Елбасы тәу­ел­сізның ең бір бай да бірегей мәдениеті – қазақ мәде­ниеті», – деп асқақтатты. «Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты», – деп түпкі мәнін айқындап бер­ді. «Мәдениеті жоғары, тарихи та­нымы орнықты, ойы сергек елдің рухы да биік. Рухы биік халық­тың іргесі де биік, әлеуеті де қуатты, ынтымағы да жарасты болмақ», – деп қадір-қасиетін ашып берді. «ХХІ ғасыр – мәдениеттің, ғылым мен ақыл-ой бәсекесінің ғасыры болмақ», – деп сергек заманға сай ширығу қажет екенін ескертті. Ал бүгін, тәуелсіздігіміз нығайған, мемлекеттігіміз біржола қалыптасқан шырайлы шақта: «Азаттықпен бірге ұлттық рухы­мыз асқақтап, мәдениетіміз мәңгі­лік құндылыққа айналғанын», «Мә­де­ни мұра» бағдарламасын жүзе­ге асырып, ғасырлармен сыр­ласқа­ны­мызды, дәуірлермен тілдес­кенімізді, тарихымызды түген­дегенімізді, қа­зақ­тың асқақ өнері мен бай мәдени мұ­расы әлем хал­қының рухани бай­лығына қосыл­ғанын салтанатпен паш етіп отыр.

Ашығын айтайық, Қазақстан Рес­­публикасының Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың «Мәдени мұ­ра» бағдарламасы қазақ хал­қы­ның ру­хани өрлеу жолындағы теңдесі жоқ тарихи бастамаға ай­нал­ды. Біз бүкіл қалыптасу кезеңі­мізде ал­ғаш рет алыс-жақын ғаламнан ше­жірелі деректерімізді ыждаһатпен жинадық. Аз ғана уақыттың ішінде Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапония, Египет, Америка Құрама Штаттары мен Еуропадан аса құнды 5 мың мұрағат алынды. Солар арқылы ежелгі Сақ, Ғұн замандары мен Көк түріктері ғасырларына дейінгі тарихи деректердің сырына қандық. Дала халқы, ата-бабаларымыз әлемге жаужүректігімен ғана емес, ғаламат ауыз әдебиетімен, ақыл-парасатымен, өз кезеңі үшін кереметтей көрінген тұрмыстық мәдениетімен дараланғанын дәлелдейтін ұлан-ғайыр мәлімет таптық. Британия, Париж, Мадрид, Севилья, Флоренция мен Берлиннің ұлттық кітапханаларынан бір көру арман болып келген 77 көне қолжазбаның көшірмесі алынды. Мұны аз десеңіз, Ұлы Дала тарихы мен өркениеті жайлы баяндайтын екі жүзге жуық байырғы басылым табылды. Алтын Орда хандарының хаттарына көз қуанттық. Жалпы, түрік тарихын тарататын сирек қолжазбаға кезіктік. 1440 жылға қатысты бұл қолжазба қазақ ға­лым­­дарына белгісіз болып келген та­рихи оқиғалардың сырына қан­дырды. Бұларға Ватиканның талай­лар­дың қолы жетпей жүрген қорынан алынған сирек мұраларды қосыңыз.

Зерттеушілер осы қыруар тарихи деректерді жинақтап үлгергенше, мә­дени қазынамыз үсті-үстіне толы­ғумен болды. Африка, Азия мен Еуропа елдерінен түрік-қазақ тари­хына қатысты мәліметтері бар 209944 микрофильм жазылып әке­лінді. Аталған құрлықтардағы ірі шаһарлардың мұрағаттарынан сүзіліп алынған 17568 парақ кө­шірме мен 52 көлемді киноқұжат та біз үшін барынша бағалы.

Осынау мол рухани қазына қа­зақ ғалымдарының ұлт пен өңір тарихын әлемдік ауқымда қайта зерделеуіне мүмкіндік туғызды. Қазақ тарихы Қытай, Араб, Ресей, Түрік, Моңғол, Парсы мен Еуропа деректемелерінде деп аталатын ондаған томдық сериялар өткен дәуірлердің шежірелі баянына шөлдеген елдің қолына тиді. Осы дестенің әр кітабы киелі мұрадай қабылданғанына, қолы жеткендер марқайып, таба алмағандар қынжылғанына куәміз. Ауылдағы көкірегі ояу бір ағамыздың: «Ай­на­лайын, сол тарихи кітаптарды тү­­гел әкелсең, айғыр үйірлі жылқы берейін», – дегені есімізде. Асыра айт­қан да шығар, төл тарихыма емін-еркін бір қансам деген құш­тар­лығы болар.

Осы жерде реті келгенде айта ке­тейік, аталған серияны дүркін-дүркін қайта басып шығарып тұрсақ, дұрыс болар еді. Елбасының ерекше қамқорлығымен жинақталып, шартараптан жеткізілген бай қазына бүкіл халықтың игілігіне айналуға тиіс. Әр үйдің төрінде тұрғаны абзал. «Мәдени мұра» бағдарламасының мақсаты да осы.

Тарих түгенделсе, қазіргі тол­қын қария ғасырлармен еркін тіл­де­седі ғой. Өткен кезеңдердегі ер­лік бүгінгі өрлікке ұласады. Қаһар­мандық та, даналық та тамыр­лас. Бағзыда базарлы болғанын білген ел бүгінде ажарлы болуға асығады. Бабасы зор болғанын сезген ұл заманында нар болуға ұм­ты­лады. Елбасы туған елінің шежі­ресін шертіп беріп, жігерді осылай ұштады. Тарихи тәлімін көркем кестелеген жыр-аңыздарын да қайта жаңғыртты. Қазақтың байырғы қисса-дастандары тұңғыш рет жүз том болып басылып шықты. Академик Сейіт Қасқабасов жетекшілік еткен «Бабалар сөзі» деп аталатын жүз томдық әдеби дес­те осылай дүниеге келді. Мұның қатарына қазақ әдебиеті тарихының көп томдығы қосылды. Арғы-бергі ғұламалар мен бертінгі ғалым-зерттеушілердің көз майын тауысқан еңбектері рет-ретімен сараланды. Ал ұлтымыздың көне замандардан қазіргі күнге дейінгі философиялық мұраларының жарық көруі ерекше рухани жетістік еді. Сол ар­қы­лы біз қазақта философиялық ой­лау машығы болған жоқ деген көр­генсіздіктің күлін көкке ұшырдық.

Шындығын айтайық, қазіргі ға­сырда көркем әдебиет пен көркем өнерге дәл Қазақстандағыдай қам­қорлық жасап отырған елді ТМД көлемінде кездестіре алмайсыз. Ресми мәліметтерге сүйенсек, рес­публикада 2 миллионнан астам таралыммен 600 аталымды кітап шығарыппыз. Бұл үрдіс «Отандық әлеуметтік-мәдени өнімдерді жаң­ғыртудың 2012-2016 жылдарға ар­налған жоспары» қабылдануына орай сәтті жалғасын табуда. Ел­басының тікелей тапсырмасымен бүгінде шығармашылық әлеует пен инновациялық қызметті ынталандыру және мәдениет саласындағы нормативтік-құқықтық базаны же­тілдіру аясындағы іс-шаралар жү­зеге асырылып жатыр. Соған сәйкес мәдениетті қаржыландыру көлемі жыл санап ұлғая түскен. Нәтижесі де толымды. Тәуелсіздік алған жыл­дардың ішінде еліміз бойынша 18 жаңа театр бой көтерді. Соңғы он жыл­да кітапханалар – 579-ға, мұра­жайлар – 58-ге, мәдениет үйлері – 1,5 мыңға көбейді. Ал Астанадағы опера және балет театры мен орталық концерт залы – Еуразияда теңдесі жоқ өнер ошақтары.

Нұрсұлтан Әбішұлы рухани өмір­­ді жаңғырту жөнінде үзбей ай­­тып келеді. Осы ыңғайдағы әр кез­дегі ойлары тұтас ұлттық бағ­дар­­ла­маларға өзек боларлықтай сал­мақты. «Рухани құндылық, биік адамгершілік жоқ жерде үлкен өркениет орнату мүмкін емес», дейді Президент. Рас қой. Жалпы алғанда да, нақты қайырғанда да, мәдениет, оның ішінде әдебиет пен өнер, рухани тазалықты, ар мен жан тазалығын айрықша қажет етеді ғой. Сұлу сезім ару жүректен өріледі. «Рухы еркін халық қана ұлы істерді атқара алады», – деп жігерлендірген тұлға өз заманындағы, одан бұрынғы рухани қайраткерлерін көкке көтерумен келеді. Елордадан бастап, қазақтың барлық қалаларында дана билер мен жезтаңдай жыраулардың, дарынды әнші-күйшілердің еңселі ескерткіштері асқақтайды. Бүгінгі көрнекті қаламгерлер мен өнер иелері Президенттің жеке қамқорлығына да, мемлекеттің жалпы қамқорлығына да бөленген. Сол ілтипатқа жауап ретінде талантты шығармалар беру парыз. Нұрсұлтан Әбішұлы атап көрсеткеніндей: «Талант – Жаратқанның сыйы ғана емес, сонымен бірге, өзіңнің ал­дыңдағы, қоғам мен Отан алдында­ғы жоғары жауапкершілік те».

Президент мәдениетті, ұлттық құн­дылықтар мен ұлттық сананы өзара бірлікте қарайды. «Қа­зақстан-2050» Стратегиясы – қа­лып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси ба­ғыты» Жолдауында осы орайдағы пайымдарын тереңдете түсті. «Рухани мәселелер экономикалық, ма­те­риалдық мәселелерден ешбір кем бағаланбайтын даму кезеңіне келгенімізді» ескерте отырып, ин­тел­лигенцияның мәдениетті дамы­тудағы жетекші күш екендігіне, сон­дықтан да прогрессивті идеал­дар қоғамын құруда алдыңғы қатардан көрінуге тиістігіне ерекше назар ау­дарды. Зиялы қауым енді жа­ңа жал­пы­ұлттық құндылықтар жа­­сауға көшуге тиіс. Нақтырақ айтсақ, шы­ғар­машылық талантқа ие тұлға бұдан былай, жиырма бірінші өркенді ғасыр алғашқы ширегіне таялған шақта туған ұлтын ғаламмен жарастыру үшін:

- елге, сондай-ақ, ғаламға ортақ саяси және көркем шығармашылық идеялар бере алатын;

- адамның, адамзаттың және әр ұлттың бейбіт өркендеуіне өз үл­гі­сімен үлес қоса алатын;

- барлық мәселелерде адамгер­шілік пен имандылыққа жүгінетін қо­ғам құруға ықпал ететін қайрат­керге айналуы керек.

Президент мәдениетті үшінші қазынаға теңестіргенде, оны жасау­шыларға осындай сындарлы да қасиетті талап қойып отыр. Әр өнер туын­дысы сол мұраттарға қызмет етуге тиіс.

Ал жаңа жалпыұлттық құн­ды­лықтар дегеніміз не? Ол – астам­шыл­дықтан ада ұлттық сүйіспен­шілік. Ұлттық кіршіксіз бірлік. Жақ­сы мағынасындағы ұлттық намыс. Бар­лық саладағы ұлттық жоғары талғам.

Біздің, қолға қалам ұстаған ақын-жазушылардың арқау етер көркемдік идеялары, міне осылар.

Нұрсұлтан Әбішұлы мәдениетті кең ауқымда қарай отырып, оның ұлттық тарихи сананы қалып­тас­тырудағы маңызына ерекше мән бе­реді. Өткен ғасырларды арқау ет­кен туындылар, ең алдымен, келе­­ше­­гімізді танып білуге, тарихи жеңіс­­терімізге шын жүректен мақ­тана алуға, кеткен қателіктерден ары­луға, тарих пен бүгінгі күнді сабақ­тастыруға арналғаны жөн.

Тағы да Елбасының сөзімен айтсақ: «Дәстүр мен мәдениет – ұлт­тың генетикалық коды». Ұлттың өр­кендегенін озық мәдениетінен білесің. Халықтың ішкі бірлігі мен біліктілігі, намысқойлығы мен іскерлігі, заманға бейімдігі мен жаңашылдығы ұлттық мәдениеттің толыққандығының белгісі. Осындай қасиетке ие мәдениет уақытпен бірге жаңарып отыруға тиіс. Сондықтан да Президент әлемдік өркениеттің кейінгі жетістіктеріне сәйкес ұлттық мәдениет те жаңа мазмұнда байытылуы қажет деп есептейді. Нұрсұлтан Әбішұлының: «Біз дәстүрлілікті ту еткен қоғамнан қазіргі заманғы қоғамға бет бұрдық. Сол себепті, біз үшін әртүрлі мәдениеттердің өзара қақтығысына жол бермей, ұлттық дәстүрлер мен модернизациялық қағи­далардың үйлесім табуын қам­та­масыз етудің маңызы зор», – де­ген пайымы нұсқау болып есеп­те­леді. Әлемге шығармашылық ерек­ше­лігімізбен ене отырып, өнер ғала­мындағы озық үлгілерді ұлттық та­нымға сәйкес сіңіру – рухани то­лы­судың құнарлы саласы.

Осы тұста атап өтейік, мә­де­ниет­тер алмасуында, нақтылай түссек, көркем әдебиет пен кино өнерінде аударма қызметінің халықаралық деңгейге лайық бо­луы талап етіледі. Бұл сала­да біз қамсыз жүрміз. Қазақ әде­бие­тінің інжу-маржандары жаһан­ға беделді тілдерге сапалы аударылмай отыр. Соны ойлап, Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ұлттық университет немесе Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде көркем аударма факультетін ашу туралы жасаған ұсынысымыз әзірге жүзеге аспай келеді. Ал мұнсыз әлемге өнерден олжа салу мүмкін емес.

Тиісті билік орындары Пре­зи­денттің: «Қазақтар орыс мәдениетін жете меңгерген. Ендеше, қазақ мәдениеті де Қазақстанда тұратын барлық ұлт адамдары үшін жеті қат жердің астындағы нәрседей алыс құбылыс болмаса керек. Қазақ әдебиеті, тілі, ауыз әдебиеті, музыкасы әрқайсымыздың да рухани дүниемізді байыта алады» деген байламы дәйекті жүзеге асырылуға тиіс. Оқу бағдарламаларын толықтыру кезінде орыс және басқа тілдердегі мектептердің шәкірттері үшін қазақ тарихы мен әдебиетін уақыт озған сайын кеңірек енгізіп отырған дұрыс. Ал ұлттың, оның зиялы, шығармашылық өкілдерінің парызы – өзінің рухын қадірлеуі, тарих пен дәстүрін, төл мәдениетін құрметтеуі. Әйтпесе, өзгелерге өзіңді қалай сыйлатасың.

Елбасы мұны да қайта-қайта ескертумен келеді. «Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс», – деген еді. Биліктегіміз бар, басқамыз бар түгел орындап жүрміз бе?

«Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керек». Жақсы-жайсаңымыз бар, қатардағымыз бар, солай жасай алдық па? Солай жасасақ, Президентше айтсақ: «Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық болар еді».

Кейбір лауазымды қазақ аза­мат­тарының арасында тілге салғырттық әлі де байқалады, әйтсе де қуанарлық жетістік, құдайға шүкір, жеткілікті. Нұрсұлтан Әбішұлы Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында «Қазақ тілі еліміздің мемлекеттік тілі ғана емес, түркі әлемінің же­текші тілдерінің біріне айналып келе жатқанын, Әзербайжан мен Армения, Беларусь, Польша, Ма­жарстан, Оңтүстік Корея, Гер­мания, Ұлыбритания, АҚШ мем­ле­кеттерінің белді оқу орындарында оқытылатынын ризалықпен атап өтті. Ана тіліміз осылай бірте-бірте халықаралық сипат алуда.

Әрине, тілдің сыртқы елдердегі беделі оның оралымдылығына немесе бай екендігіне тікелей байланысты емес, сол тілде жасалған өнер туындыларының көркемдік-идеялық деңгейіне және ұлттың экономикалық-техникалық өрке­ниетке қосқан үлесіне тәуелді. Біз Гейне мен Пушкинді, Байрон мен Шекспирді, Бальзак пен Гюгоны қалай оқитын болсақ, қазақтың ақын-жазушыларын өзге елдер де дәл солай құмартып оқуы керек. Бүгінде біздің ұлтымыздың алдында ғаламға сөз өнерімен танылу міндеті тұр.

Екінші жағынан тіл өз ішімізде ардақталсын десек, мемлекет құ­рушы ұлт ретінде барлық жағынан, экономикада, мәдениетте, іскерлікте үлгі бола білу шарт. Қазақ халқы өзінің осы мұратын орындау үстінде табыссыз емес. Ғылым мен білімде, өзге де салаларда толысып келеміз. Соған орай тіліміз де экономикалық және рухани өмірдің қажет тіліне айнала бастады. Осыдан да болар, мемлекеттік тілге деген ілтипат өзге ұлт өкілдерінің арасында күн өткен сайын айқын байқалуда. 2009 жылғы санақтың деректері бойынша, елімізде тұратын орыстардың 808169-ы қазақ тілінде ауызша түсінісе алатынын, 200 мыңнан астамы сол тілде әрі оқып, әрі жазатынын білдірсе, бүгінде олардың қатары едәуір толыққан. Осы күні украин, корей, неміс жастарының телеарналарда қазақша хабар жүргізгеніне таңдануды қойғанбыз. Олардың домбырада күй тартып, ән шырқауы да әдетке айналып келеді. Бұл Нұр­сұлтан Әбішұлының 2017 жылы мем­лекеттік тілді білетіндердің қата­ры 80, 2020 жылы 95 пайызға жетіп, мектеп түлектері түгел қазақ тілін игеруі керек деген тапсырмасы сәтті орындалуда деген сөз.

«Ұлттық сана ұлттық тілмен қа­лып­та­сатынын» әуелден айтып келе жат­қан Президенттің туған тілі­не де­ген ықыласы баршамызға өнеге бол­са жарасар еді. Елбасынша тол­ға­сақ: «Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені, ол – ұлтымыздың анасы». Бұдан артық қалай айтарсың. «То­лық­қан­ды тілсіз – толыққанды ұлт болуы мүм­кін емес». Ана тіліңнің маңы­зын осыдан асып қалай ұқты­рарсың.

Президент бізді, әр қазақ баласын туған тілді перзенттік жүрекпен де, азаматтық сезіммен де ұдайы қадірлеуге шақыра отырып, оны бүгінгі ғасырға бейімдеу қажет екендігін де ескертеді. «Қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз. Басты міндеттердің бірі – тілді за­манға сай үйлестіру», – деген нұс­қауы қазіргі таңда өткір тұр. Ана тілі­міз баршаға қажет тілге, электрон­ды ақпарат құралдарының ора­лымды тіліне айналуы үшін ға­ламторға молынан енгізуіміз керек.

Барлық дамыған мемлекеттер интернетке әлемді өзгертудің қуатты құралы ретінде қарайды және солай жасап отыр. Интернетке жаңалықты барынша жедел енгізіп, жаһанды елең еткізетін тың идеялар ұсыну арқылы өздерінің тілі мен дәстүрін жаһандандыруға көшкен елдер де бар. Бұлардың алғы сапында Англия мен Қытай тұр. Бүгінде әлемдік интернет тұтынушылардың 500 миллионнан астамы ағылшын тілін, тағы бір 500 миллионы қытай тілін пайдаланады. Соңғы тіл интернет арқылы аясын кеңейткен үстіне кеңейтуде.

Ал бізде ше? Қазақстандағы интернет кеңістікті тілдік жағынан жіліктесек, 80%-ы орыс тілінің, 11%-ы ағылшын тілінің, 7,5%-ы қазақ тілінің үлесіне тиеді.

Қазақ тілінің осы қоңыртөбел ахуалын ескере отырып, оның ая­сын ғаламтор арқылы ұдайы кеңей­туді мемлекеттік міндетке айнал­дыратын кез жетті. Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті қойып отыр­ған талап та осы. Елбасы өткен жылғы Жолдауында: «Мемлекет ақпараттық технологиялар саласында транзиттік әлеуетті дамытуды ын­таландыруы қажет. 2030 жылға қарай Қазақстан арқылы біз әлем­дік ақпараттық ағындардың кем дегенде 2-3 пайызын өткізуге тиіспіз. 2050 жылға қарай бұл цифр екі еселенуі керек», – деп атап көрсеткен болатын.

Міне, осы ақпарат дариясына қазақ тілі тасыған өзендей сарқырап құйылуы керек. Ол үшін елдегі ғаламтор желілері арқылы тарайтын ақпараттың кем дегенде 50 пайызы қазақ тілінде берілуіне қол жеткізуге тиіспіз. Қазақстандағы әр он адамның алтауында интернет қызметін пайдаланатын мүмкіндік бар екен. Міне, осы алтаудың басым бөлігі ғаламтордан қазақ тілінде хабар алып, хабар таратуы қажет.

Қолданыстағы БАҚ туралы Заң бойынша интернет ақпарат құралы болып табылатындықтан біз бұл талапты ғаламтор блогерлеріне нақты қоя аламыз.

Екінші мәселе, ғаламтор үшін қазақ тілінде барлық тақырыпта арнайы мақалалар әзірлеу. Бү­гін­де қазақ ұлтының рухани құнды­лықтары, кешегі-бүгінгі мемле­кеттік, шығармашылық қайрат­кер­лері, салт-дәстүрі, табиғаты туралы ақпаратқа сұраныс көп. Біз бұл шаруаны ғылыми-шығармашылық ұйымдарына мемлекеттік тапсырыс түрінде жүктеу арқылы шеше алар едік.

Үшіншіден, интернеттің ерек­шеліктеріне қанық әрі оған қа­зақ тілін молынан енгізетін жур­налистерді даярлау мәселесі өткір тұр. «Электронды журналистика» мамандығы Алматыдағы ІТ университетінде оқытыла баста­ғаннан, оған қызығушылар көбейді. Біз енді «мультимедиялық» немесе «конвергентті журналистиканы», сондай-ақ, «азаматтық журналистиканы» игеруге тиіспіз. Жоғары оқу орындарында осы мамандықтарды даярлауды ойластырайық.

Асылында, интернетті жаһандық ең ықпалды әрі кеңінен таралған, уақыт өткен сайын кеңістігін кеңей­тіп жатқан ақпарат құралы ретінде жете бағалап, оны қазақ тілінің мерейін үстем ететін құрал ретінде пайдаланудың мемлекеттік арнайы іс-шараларын айқындау керек.

«Әлемде 30 жастағылардың 50 пайызы, ХХІ ғасырда туғандардың 96 пайызы әлеуметтік желілерді пайдаланады екен. Күні ертең осы желілерді еліміздегі барлық жастар игеретін болады. Олар ғаламтор ар­қылы қазақ тілінде желдей ессе, ана тілі ардақталды деген сол емес пе?!

Ана тіліміз – біздің бүгініміз үшін де, ертеңіміз үшін де мәңгіліктің тілі. Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстан-2050» Стратегиясын жариялаған Жол­дауында айқын атап көрсет­кеніндей: «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәр­тебесіне көтерілгенде, біз елі­мізді Қазақ Мемлекеті деп атайтын боламыз». Түпкі мұрат – тәуелсіз елімізді Мәңгілік Ел ету. Ал мәңгілікке ұлттық рух­қа суарылған, адамзаттық өрке­ниет дариясына тау суындай тасып құйылған, ғаламдық ізгі идеалдармен өзектес са­ра мәдениет бас­тайды. Ма­те­риал­дық игіліктер сол да­ра мәдениеттің гүл жаруына қыз­мет еткен қоғамда рухани өмір көркейген үстіне көркеймек. Тарихи даму жолын қайта тапқан, әлемге барлық жағынан тұлғалы ұлт екендігін танытып үлгерген, тілін түлеткен, бүгіні мен болашағын қатар түгендеген қазақ халқы осылай толысуда. Елбасы нық сеніммен атап көрсеткеніндей: «Жиырма бірінші ғасыр – қазақ халқының ғасыры болмақ».

Алдан СМАЙЫЛ,

Парламент Мәжілісінің депутаты,

«Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі.

Соңғы жаңалықтар