Қазақстан • 04 Ақпан, 2021

Жыл сайын 50 ғылыми қызметкерге 5,8 млн теңгеден сыйақы беріледі

588 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда «Үздік ғылыми қызметкер» атағымен қоса сыйақы беріледі, деп хабарлайды Egemen.kz

Жыл сайын 50 ғылыми қызметкерге 5,8 млн теңгеден сыйақы беріледі

«Заң жобасында бірнеше жаңалық қаралған. Солардың ішіндегі ең маңыздысының бірі – үздік ғалымдарға «Үздік ғылыми қызметкер» атағымен 2 мың АЕК көлемінде оларды ынталандыру көзделіп отыр. Заң жобасына қолдау көрсеткен Үкіметке алғыс айтамыз. Аталған сыйақының көлемі 5 млн 834 мың теңгені құрайды. Бұл дегеніміз ғылым саласына жастардың қызығушылығын арттырып, ол саладағы ізденісте жүрген ғылыми қызметкерлердің бәсекелестігін арттырары сөзсіз. Заң жобасына сәйкес, сыйақыны беру ережесін жүзеге асыру – уәкілетті органға жүктелген», деді бүгінгі Сенат отырысында депутат Әлімжан Құртаев.

Ал Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова сыйақыны беру мәселесіне тоқталды.

«Үздік ғылыми қызметкер» - ғылыми ортадағы көптен күткен жаңалық. Бұл сыйақы жылына 50 ғылыми қызметкерге беру қарастырылған. Елімізде бүгінгі таңда 20 мыңға жуық ғылыми қызметкер жұмыс істейді. Бұл сыйақы жас мамандарды ынталандырады деп күтілуде. Бүгінгі күні осы сыйақы бойынша ғалымдарға қойылатын нақты талаптарды айқындау жұмыстары басталды. Бірнеше ұсыныс келді. Бұл ретте ашықтықты қамтамасыз ету мәселесі бірінші орында тұр. Оны айқындайтын комиссия құрамына белгілі қоғам қайраткерлері, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, тәуелсіз бақылаушылар да кіреді», деді ол.