21 Сәуір, 2010

Қазақстан Магниткасына – 50 жыл

1034 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ТЕМІРТАУ МЕРЕКЕ АЛДЫНДА Бұл күнде металлургтер қаласы өз өміріндегі үлкен оқиға алдын­дағы дайындық құшағында. 3 шіл­де­де №1 домна пешінде тұңғыш шойын қорытылғанына 50 жыл тола­ды. Қазіргі металлургия комби­натының алғашқы іргетасы соғыс жылд­арында қаланғанымен алып­қа лайық тыныс бірден біте қоймаған еді. 1957 жылдың аяғында құры­лысы шындап қолға алынған аталған домна пешінің үш жылдан соң жұмысқа кірісуге дайын болып, шойын қорытуға әбден жарамды­лы­ғы дәлелденген сәтінен Қазақ­стан Магниткасы атана бастады. Содан атақ-даңқы алысқа жаң­ғырып, Шығыстағы металлургия­лық алыпқа айналды. Елбасы еңбек жолы осында басталды. Бүгінде көпке танымал біраз азаматтарға шыңдалу мектебі болды. Осынау елеулі оқиға Теміртауға қала мәртебесі берілгеніне 65 жыл толуымен орайлас келуі де мереке мәнін арттыра түсіп отыр. Сон­дықтан оны лайықты қарсы алып, ұмытылмастай атап өтуге байла­нысты іс-шаралар шаһар тұрғын­дарының бүгіндегі мерейлі қарекеті. Әлбетте, әуелі бейнесінің одан сайын әдеміленуіне көңіл бөлінген. Бізге қала әкімдігінен хабарлан­ған­дай, дайындық жұмыстары сәулет­тік маңызы бар ғимараттарды сән­дендіру, көшелер мен аулаларды ажар­­ландыру, жолдарды жаңарту қызу жүргізіліп жатыр. Металлург­тер­дің мәдениет сарайы, “Жастар” жүзу бассейні жөнделу үстінде. Шойын қорытушыларға, болат бал­қытушы­ларға қойылған ескерткіш қайтадан жарқырап тұратын болады. Мерекеге тарту ретінде ұсыны­лар жаңа нысандар да баршылық. Жергілікті мұсылман қауым сол күні жаңа мешіт есігін ашады. Жас жұбайларды неке сарайы қарсы алады. 200 бүлдіршін балабақшада бас қосады. Халықаралық инвестициялық фо­румға қатысушыларды биыл Темір­таумен арнайы таныстыру об­лыс­та осымен үшінші рет өтпек бұл алқалы кеңестің негізгі бағдар­лама­сы. Ме­таллургия мен құрылыс ин­дустрия­сының жетекші буындары шоғыр­лан­ған өндірістік орталықта шетелдік инвесторларды қызықты­рар­лық жағ­дайлар аз емес. Сондай-ақ “Кен-металлургия және көмір өндіру сала­сын дамыту” көрмесі танысушыларға тартымды болары талассыз. Сонымен кезінде Нұра даласын дүбірге бөлеген болашақ өндіріс алыбы жарты ғасырлық белесте. Алғаш шойын қорытылған №1 домна пеші 50 жылдан кейін осын­дай істің мерекелік рәсіміне қатысатындарды күтуде. Айқын НЕСІПБАЙ. ТЕМІРТАУ.