21 Желтоқсан, 2013

Теміртаулық полицейлер тепкісі астарында қандай сыр бар?

280 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының Теміртау қаласында полицейлер ешбір себепсіз жергілікті телеарнада қызмет ететін журналист жас келіншекті соққыға жыққан.

 

Қарағанды облысының Теміртау қаласында полицейлер ешбір себепсіз жергілікті телеарнада қызмет ететін журналист жас келіншекті соққыға жыққан.

Зардап шегуші Жанбота Сағидол­даның айтуынша, ол үй жанындағы дүкеннен сүт алмақшы болып шығып бара жатқанында, мас полиция қыз­меткерлері қарсы кездесіп, өзін тепкінің астына алған. «Олар мені күртемнен тартқылап, кіреберіске сүйреп кіргізген кезде есімді жинап, бір рет күйеуімді шақыруға мүмкіндік алдым. Сол сәтте олар пышақтарын тақап, тағы бір рет айқайлайтын болсам, мені өлтіріп кететіндерін айтты», – деді ол.

Әлгіндегі айқайды естігеннен кейін үйден журналистің күйеуі атып шығады. Оны көріп, полицейлер пәтерге басып кірмекші болғанда, жігіт есікті жауып үлгеріп, ішкі істер басқармасына қоңырау шала бастайды.

Ал оқиға болған жерге келген полиция жасағы бүлікшіл әріптестеріне түк те істемеген. «Олардың басшылары қазірге дейін маған қайта-қайта хабарласып, кешірім беруді өтініп жүр. Бізге мұның керегі жоқ. Егер пәтерде мен болмай қалсам, олар әйелім мен үш айлық баламды өлтіріп кете ме, кім білсін! Мен сондықтан олардың заң жүзінде жаза алуларын қалаймын», – дейді зардап шеккен журналистің жұбайы Қайратбек Зухалжаев.

Өз кезегінде облыстық ішкі істер департаментіндегілер аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеп отыр. «Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінде полиция қызметкерлері тарапынан қызметтік лауазымдарын асыра пайдалану дерегі тіркелді. Ол өз тізбегімен Қылмыстық процессуалды кодекстің 192-бабына сәйкес, экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне жөнелтілді», – деді облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің басшысы Жаңатай Сембеков.

Мұрат АЙТҚОЖА.

Соңғы жаңалықтар