Экономика • 05 Ақпан, 2021

Отандық компаниялардың ғұмыры неге қысқа?

820 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Күн сайын деп өтірікші болмайық, кемі аптасына екі-үш мәрте әлдебір жаңадан ашылған, тұсауы кесілген кәсіпорындар жайлы жаңалық оқимыз. Тұсаукесеріне әлдебір лауазым иесі барып қатысып жатады. Сосын компания басшысы «негізгі мақсатымыз – әлемдік нарық» дейді. Сөйткен уәденің көбі орындалмайды. Орындалса экономикамыз дәл бұлай шатқаяқтап тұрмас еді.

Отандық компаниялардың ғұмыры неге қысқа?

Finprom.kz жақында қызық дерек жариялады. Санайғақты зерттеумен айналысатын порталдың дерегінше, Қазақстанда ғұмыры 25 жылдан асқан кәсіпорындар елдегі бүкіл кәсіпорынның 1 пайызына әрең жетеді екен. Отандық компаниялардың тең жартысы 5 жылдан артық жұмыс істемейді. 2020 жылдың басында 462 мың кәсіпорын тіркелген. Соның 330 мыңы ғана жұмыс істеп тұр. Ондай қызметі тоқтамаған ұйымдар саны бір жылда 7,2 пайызға көбейген. Соның ішінде 168 мыңға жуық кәсіпорын белсенді жұмыс істейді, 36,3 пайызы (120 мың) жұмысын уақытша тоқтатқан, тағы 12,8 пайыз (42,4 мың) компания нарыққа жаңадан қосылған. Ал «Жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың көбі – 1-5 жыл аралығындағылар. Саны шамамен 130 мыңдай. Одан кейін 6-10 жыл мен 11-15 жыл аралығындағы кәсіпорындар тұр. Жұмыс істеп тұрғанына 25 жылдан асқан кәсіпорындар саны 4,2 мыңдай. Негізінен тұрақтылық танытқандар – көтерме және бөлшек сауда, құрылыс, білім саласы кәсіпорындары. Қызмет еткеніне 25 жылдан асқан кәсіпорындар көп жағдайда жылжымайтын мүлік, сауда және мемлекеттік басқару саласында» деп жазады портал.

«Даму Строй Group» компаниясының басқарушы директоры Елдар Тукушев көптеген мемлекеттік бағдарламалардың дұрыс жұмыс істемеуі де кәсіпке кедергі дейді.

– Үш жыл бұрын инженерлік сантехника мен құралды жеткізумен айналысатын ірі компания құрдым. Кәсіпкерлерді қолдауы тиіс «Даму» және басқа да бағдарламалар сол кезде жұмыс істеген жоқ. «Даму» сіздікі керемет бизнес-жоспар, бізге 100 пайыз сай келеді деп екінші деңгейлі банктерге жібереді. Банкке барғанымда олар мүліктік кепілдік қоюымды талап етті. Менде ондай мүмкіндік болған жоқ. Сол кезде нақты қолдау болса, бизнесімді аяққа тұрғызып алушы едім. Бір жағынан, осындай кедергінің де мен үшін пайдасы болған сияқты.

Компаниясы жабылып қала жаздаған сәттер, қызметкерлеріне ақы төлей алмаған кездер Елдардың да басынан өткен.

– Бір қызығы, бізде аға буын бизнесті үш жылдан артық ұстамау керек деген пікірде. Бизнес ашады, жүргізеді, жұмыс істейді, сосын үш жылдан соң жауып, активтерін басқа жаңа компанияға құйғанды жөн санайды. Мүмкін ол бір себептерге де байланысты шығар. Бірақ менде ондай мақсат болған жоқ. Наурыз айында компанияның жұмыс істеп жатқанына төрт жыл толады. Жабылудың басты себебі – сұраныстың жоқтығы. Бұл жерде шағын бизнесті қарастырып отырмын. Өйткені орта және ірі бизнесте жүргендер мүлде басқа деңгейдегі адамдар. Дегенмен дамыған елдерде шағын бизнес экономиканың басты драйвері саналады. Коронавирус та көп әсер етті. Шағын бизнес ашқан кейбір достарым әрі қарай тәуекел еткісі келмей, кәсіптерін жауып тастады. Ал біреулер кейбір болжамдарға сүйеніп, сұраныс болатын шығар деп күтті. Бірақ сұраныс сол күйі болған жоқ. Құрылыс нарығында да қиын жағдайлар жиі кездеседі. Құрылыс компаниясы немесе тапсырыс беруші сөзден тайқып кетіп жатады. Менің де қызметкерлерге ақша төлей алмаған кезім болды. Өйткені әйгілі құрылыс компанияларының бірі 2,5 млн теңге еңбекақыны төлемей кетті. Бұл мен үшін әжептәуір қаражат еді. Бәлкім, сөйтіп салықтан жалтарғысы келетін болар. Тізе берсек ондай мысалдар көп, – дейді кәсіпкер.

Осындай қиындықтар мен кедергілер оны біршама шыңдаған сияқты. Жаңа клиенттер тауып, төрт жылда айналым көлемі 8 есе өскен.

Экономист Жарас Ахметов кәсіпорындардың аз уақыт жұмыс істеп, нарықтан кетіп қалуын қалыпты жағдай деп түсіндіреді.

– Шағын бизнеспен айналысатын жаңа компаниялар ұзақ өмір сүрмейді. Бұл – әлемдік практика. Ондай кезде мемлекет қаржы бөлу арқылы сұранысты ұстап қалуға тырысып жатады. Президент былтырғы Жолдауында елде бәсекелестіктің шектелуі туралы айтты. Кәсіпорындардың жабылу себебін осыдан да іздеу керек сияқты. Содан соң кәсіпкерлік тәуекел деген де бар. Кәсіпкер ешқандай сәтсіздікке қарамастан, өз мақсатына жетуге ұмтылуы тиіс, – деді экономист.

Қазақстан франчайзинг қауымдастығының президенті Бекнұр Қисықов кәсіпорындардың жабылып қалуының негізгі үш себебін айтады: ертеңге деген сенімсіздік, бизнесті жүргізу қиындығы және уақытша психологиясы.

– Көп адамның елден кеткісі келетіні өтірік емес. Бұл – тек экономикалық қана емес, әлеуметтік әрі психологиялық мәселе. Білім мен медициналық қызметті алудың қиындығы адамдарды елден қашыра бастады. Оның ішінде бизнес жүргізу қиындығы да бар. Сондықтан толыққанды реформалар пакеті керек. Қазір ешкім ұзақ жылға созылатын бизнеске қызықпайды. Тендер алады, бизнес жасайды. Сосын басқасына ауысады. Бизнес алаңсыз, тоқтаусыз жұмыс істеу үшін оған кедергі жасалмауы керек. Кәсіпкер өзін қауіпсіз, жайлы сезінгенде ғана кәсіп алға басады. Дағдарыс барлық жерде бар. Түркияда да солай. Бірақ ол жерде бизнес өзін аса жайлы, ыңғайлы сезінеді. Мәселе экономикалық тенденцияда емес. Мәселе бизнеске барынша жағдай жасай алуда, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, әлемдік мұнай бағасы да, валютаның құбылуы да отандық бизнеске әсер етеді. Алайда бұл басты себеп емес. «Мұнайы жоқ, бірақ шағын және орта бизнесі гүлденіп отырған елдер де бар. Ал елдегі франчайзингтік орта да ұзақ мерзімді кәсіптің пайдасын түсініп жатыр», Б.Қисықов деді.

– Нарықтағы үрдістер жылдам өзгеріп жатыр. Әрине, бізде басынан талай қиындықты өткерген «Макдональдс» секілді бренд жоқ. Сонымен қатар уақытша психологиясы франчайзинг әлемінде де толып жатыр. Дегенмен жыл сайын кәсіпкерлер абырой бәрінен де маңызды екенін, ал ұзақ мерзімді бедел әлеуетті инвестиция екенін түсініп келеді. Сондықтан жедел маржа үшін емес, перспектива үшін жұмыс істеп жатыр. Сондай брендтерден франшиза да пайда болады. Соған қарап бізде де ұзақ әрі өнімді жұмыс істеу мәдениеті, бизнесмендерде тұрақтылық қалыптасады деп үміттенемін, – дейді Б.Қисықов.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап кіші және шағын бизнесті тексеруге үш жылға дейін тыйым салынып, салықтан босатылған еді. Осылайша, 1 млн 236 мың кіші және шағын бизнес субъектісі 3 жыл бойы табыс салығын төлеуден босатылды. Сонымен қатар еліміздің барша бизнес-компанияларына жұмыс беруші есебінен 5 пайыз көлемінде қосымша салық аударымдарын енгізу бастамасы 2023 жылға дейін шегерілді. Одан бөлек, 2020 жылдың наурыз-маусым аралығында несие төлемін кейінге шегеру мүмкіндігі беріліп, оны 12 мың шағын және орта бизнес нысаны пайдаланған. Мемлекет жеңілдетілген несие де ұсынып отыр. Қазір кез келген кәсіпкер 6 пайызбен несие алуға құқылы.

Жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы аз-маз қарызы үшін жеке кәсіпкерлердің жолын кеспеуді тапсырғаны белгілі. «Аз қарызы үшін шоттарды бұғаттап, деректерді тоқтатып тастайды. Бұл тәжірибені доғару керек», деді. Сонымен қатар мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласып отырғанын, сол себепті мемлекеттік және жеке операторлар құруға тыйым салатынын да жеткізді. Осы айтылған жеңілдіктердің барлығы отандық бизнес мүддесіне жұмыс істейді, кәсіпкерлер үшін жаңа кеңістіктер аша түседі деген сенім басым.