Қоғам • 05 Ақпан, 2021

Есірткі саудасы етек алып тұр

923 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қай кезде де неге болса да тәуелділік жақсылыққа әкелмейді. Ал жасөспірімнің есіл-дерті есіртікеге ауып, оған тәуелді болса, балаусаның көктемей жатып солғанымен тең.

Есірткі саудасы етек алып тұр

Жеткіншек көзімен

Ой-санасы қалыптасып, бағыт-бағдарын әлі анықтап үлгермеген жеткіншек жас шыбық тәрізді, қисық өсіп бара жатқанын көріп тұрып жөндемесең, сол қалпында дамып, діңі қатайып кетеді. Мәселе жасөспірімдерге қатысты болғандықтан, олардың да пікірін сұрауды жөн санадым. 14-15 жастағы немеремнің бір топ достарына «Балалардың есірткімен әуестенуіне не себеп дейсіздер?» деп сауал тастадым.

«Қазір интернеттен біздің қатарымыздан «Netflix», «HBO» сияқты платформаларды көрмейтін жан табу қиын. Осылардағы сериалдарда көрсетілетін фильмдердің түгелге жуығында есірткіні қолданғаннан кейінгі адамда болатын өзгерістер ғажап етіліп көрсетіледі. Сондай бір эйфория, рахат сезім, ұшып кетерліктей жеп-жеңіл қауырсынға айналу суреттеліп, әлем сан түрлі реңкке боялады. Оған қарасаң, есірткі пайдаланудың еш қорқынышы жоқ, қайта өзгеше күйге түсіретін ғажайып нәрсе. Сондықтан да алғашында сондай сәтті бір рет болса да кешу үшін, қызығушылық жеңіп көреді. Кейбіреуіне сол бір татқаны жеткілікті, ал енді біреулер тағы да сол рахатты кешкісі келіп, ақырында байланып қалады. Сосын қатарластар ішінде де бір рет көру дегенді батылдық санайтындар да бар. Біреуді қызығушылық итермелесе, енді біреуге достары арасында өзінің ешкімнен қалып қоймағанын дәлелдеу үшін керек», дейді.

Жарайды, қазіргі ақпараттар ағыны толассыз жүріп жатқан заманда интернетсіз отыра алмайтынымыз анық. Ендеше, интернеттің сол ықпалын есірткіге қарсы жұмысқа пайдаланып, оның зиянын, қалай тәуелді болып қалатынын, басқа да келеңсіздіктерін көрсететін фильмдер мен бала жүрегіне жол табатын роликтер түсіруге неге пайдаланбаймыз? Үзіп-жұлып түсірген бірді-екілі дүние емес, жоғарыда жасөспірімдер айтқан платформалардағыдай жүйелі жұмыс қажет екен. Әзірге бұл – аса бір ақсап жатқан дүние.

 

Құпия сөзді білсең болды...

Баян Ахатаева – қоғам белсендісі. 10 жылдан астам қиын жағдайға ұшыраған жеткіншектермен жұмыс істеген Баянның жасөспірімдер мен жастар арасында таныстары өте мол. Сондай алдынан өткен бойжеткеннің бірі Баяннан жиі қаржылай көмек сұрайды. Бірнеше рет қолұшын берген Баян бірде ортақ таныс балаларды көріп: «Н. көп қарыз сұрайды, қолайлы жұмыс таба алмай жүр-ау», дейді. Сонда олар оның есірткі пайдаланатынын айтады. Мазасы қашқан кейіпкеріміз достарына Н.-ның есірткіні қалай, кімнен алып жүргенін біліп беруді өтінеді. Бірнеше күннен соң елордадағы дәріханадан құпия сөзді айтып, сатып алатыны анықталады.

Сол тәсілмен тест жүргізбекші болған Баян Ахатаева жанына жасөспірімді ертіп, дәріханаға барып, алғашында дәрінің атын айтып сатып алуға бола ма екен деп сынақ жасайды. Дәрі сатылмайды. Ендігі тәжірибе құпия сөзді айтумен жүреді. Құпия сөзді айтқан жеткіншекке сұраған дәрі сол заматта беріледі. Әлеуметтік желідегі жазбасында Ахатаева: «Менен қымсынған фармацевт жоқ, суырып алып бере салды. Жасөспірім келіскеніміздей артында тұрған менің қолыма ұстата салды, чек берілген жоқ. Фармацевтке «Рецепсіз неге сатасыз?» десем, «Енді өздері емес пе?» деп шапылдай жөнелді. Шабуылмен жауап қатып үйренгені көрініп тұр. Дереу «102» шақыртып, хаттама толтыртып, осы дәріхана үстінен шағым түсірдім. Бір жұмыс бітті деп, енді жоғарыда сынақ үшін сатып алынған дәріні дәлел ретінде өткізейін деп полиция бөліміне келдік. Сондағы бір қызметкердің айтқаны (айна-қатесіз): «Бұнымен іс бітпейді. Мен де жақын маңайдағы дәріханалардың алдында тұрып, сатып алғандардың құтыларын алып қойып, төгіп, арнайы сатып алушымен құжат толтырып, материал өткізгеніме біраз уақыт өтті, әлі жауап жоқ. Сізге де болмайды-ау, бірақ жаза беріңіз. Бұл – кәдімгі бизнес. 99 пайыз шара қолданылмайды», деді. Десе де арыз жазылды.

Айта кететіні, фармацевтің жүзінде еш ұялу, қымсыну, өкіну жоқ, өзіне сенімді. «Әркім өз баласын тәрбиелесін, сосын сатпаймыз», дейді. Сонда ол дәрілерді Денсаулық сақтау министрлігі «строго по рецепту» деп неге айтады? Ол бұйрық неге орындалмайды?

Бұл дәрілердің «аптечный наркотик» екенін барлығы біледі, оның зардабын балалар тартып жүр. Әрине, олардың ісі ақымақтық, арамза дәріханалардың қалтасын толтырып, өзіне өзі зиян жасап жүр. Десе де олар – сіз бен біздің балаларымыз, біз ел ертеңі деп жүрген жастар.

Осы жүйелі түрде, ашық жүріп жатқан, өміршең, бейбастақ бизнеспен қалай күресеміз? Өзім танитын жетім балалардың біразы пайдаланатынын естіп-біліп отырмын. Назарға алыңыздар, құзырлы органдар! Дәлел жоқ па?! Нашақордың кейпіне еніп «один маленький, один большой» деп көріңіздер. 1000-1500 теңге тұрады. Арам ақша желкесінен шыққырлардың балалары жоқ па, білмедім... Балаңыздың сыртта не істеп жүргенін білесіз бе? Сенімдісіз бе? Сіздің балаңыз болмаса, қасындағылары ше?! Немқұрайды болмаңыздар!

 

«Дәріханаларды тексере алмаймыз»

Еліміздегі Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментіне хабарласып, «Құрамында есірткі және психикаға әсері бар препараттар неге құпия сөз арқылы сатылады? Сіздер қадағалай алмайсыздар ма?» деген сұрақ қойғанбыз. Ондағы жауапты адамдар қоғамды алаңдатып отырған бұл мәселенің орынды көтерілгенін мақұлдай келе, қазіргі кезде заң жүзінде жеке кәсіпкерлер мен микрокәсіпкерлерді профилактика үшін және жоспардан тыс тексеруге рұқсат жоқтығын алға тартты.

Президенттің 2019 жылы шыққан №229 «Тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» Жарлығына және оған 2020 жылы енгізілген өзгеріске сәйкес 2020 жылдың 1 қаңтарынан 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін кәсіпкерлік субъектілерді, оның ішінде микрокәсіпкерлерді тексеруге рұқсат жоқ. Тек бір жағдайда, жалпы халықтың өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға ауқымды зиян келетін болса және ұлттың қауіпсіздігіне тура немесе жанама қатер төнетіндей болса ғана өздерінен жоғары отырған комитеттің рұқсатымен тексеріс жүргізілетін көрінеді. Бұл үшін жоғарыдағыдай қатерді дәйекті түрде көрсететін дәлелдемелер жіберіліп, жоғарыда тұрған органнан тексеруге рұқсат беру сұралады. Рұқсат алынып, арнайы бұйрық шыққанда, оны прокуратураға тіркеп барып қана тексеріс жүргізіледі.

«Біз заңға сәйкес жұмыс атқарамыз, оны бұзып, заң шеңберінен шығып, өзге қадамдар жасай алмаймыз. Егер бізге Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті дәріхананың жедел-оперативті жұмыстары нәтижесінде құрамында есірткі және психикаға әсер ететін препараттарды рецепсіз сатып жатқаны жайында дәлелдемелер түсірсе, оларды зерттеп, дәріхана иесінің шынымен осындай іс жасағаны анықталғанда барып, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес хаттамалар толтырылып, айыппұл салынады. Біздің құзыретіміз осы хаттама толтырумен ғана шектеледі», дейді департаменттің Фармацевтикалық бақылау және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды мониторингтеу бөлімінің басшысы Әсия Молдиманова.

 

Ата-ана кеш байқап, бармақ тістейді

Жасөспірімдердің түрлі проблемаларымен жылдар бойы айналысып жүрген Нұр-Сұлтан қаласындағы «Право» қоғамдық қорының басшысы Ольга Рыльді әңгімеге тартқанда ол есірткі таратудың жолы өте көп екенін айтты.

«Қаладағы көп қабатты үйлердің кіреберістеріне, баспалдақ басқыштарының бойына, дәліздегі қабырғаға электронды пошта жазылған хабарландырулар іліп кетеді. Оған көпшілік онша мән де бермейді, ал жеткіншектер соларға хабарласса, қай жерден есірткі алуға болатынын біледі. Кәдімгі интернет дүкенге айналдырып жіберген. Ал дәріханалардың ондай препараттарды сатуы оның иесінің ақша үшін ар-иманын сататын пасықтығына тәуелді. Фармацевтерге де айына сатқан тауарының көлеміне байланысты, бонус ретінде айлығына үстеме қосылатындықтан, олар да құнығады. Әңгімелессең, жұрт алдымен балаларын тәрбиелесін деп бетіңнен алады. Және дәріхана иелеріне ұсталған күнде де заң бойынша әкімшілік жаза ретінде өте аз мөлшерде айыппұл ғана белгіленген. Оны төлеп, қайтадан сол арам табысын жалғастыра береді. Қылмыстық жауапқа тартылатын немесе табысынан айрылып, лицензиясы тартып алынатын болса, ондай жасар ма еді, жасамас па еді?!», деген О.Рыль.

«Право» қоғамдық қорының басшысы көп ата-ана баласының теріс жолға түскенін кеш байқап, опық жеп қалатынын айтты.

«Көбіне ата-ана баласы тәуелділікке ұрынғанда барып біліп жатады. Кейбір аналар әкесінен жасырады. Бірде мынадай жағдай болды. Жасөспірімнің үйден алдымен аздап ақша, одан ұсақ-түйек заттар ұрлап жүргенін анасы мен әпкесі біліп, әкесіне айтпағанын пайдаланған бала ақырында екеуін қорқытып тұрып, тартып алатын дәрежеге жеткен. Мынандай да оқиға бар. Екі баласы бірден есірткіге тәуелді отбасы пәтердегі бар мүлкінен айырылып, ұлдары сатып жіберетін болғандықтан, азық-түлікке дейін әкеле алмай, тамақты сырттан ішіп, үйге тек қонуға ғана келетін болған. Оның үстіне ондай жандардың психикасында үлкен ауытқу жүреді, жасаған істеріне еш есеп бермейтіндіктен, маңайындағы адамдардың өз өмірлері үшін қауіптенетін жағдайына жеткізеді», дейді ол.

 

Психолог маман не дейді?

«Жас жеткіншектер арасында өмірде бәрін көру керек деген түсінік бар. Ал неге соны жаман жаққа емес, жақсы дүниелерді көруге, игеруге, меңгеруге болмайды деп сұрақ қоямын. Бұл ретте көбіне баланың табиғатындағы мінезі, теріс жолға түспейтін табанды болуы, жоқ деп айта алуы сынды жайттармен қатар, ата-анаға дос бола білу, көбірек көңіл бөліп әңгімелесуді өз парызына қосқаны абзал. Есірткі баланың мінез-құлқына қатты әсер етеді. Бұрын сөйлемейтін, жабық, тұйық бала, сөйлегіш, көпшіл болып кетеді. Немесе керісінше. Көбірек оңашаланып, жасырынып, телефонға байланып, сыртқа шығып кетуге асығады. Үйге оралғанда мүлде басқаша көңіл күйде қайтады. Тіпті есірткіге тәуелдінің тамаққа деген тәбеті мүлде өзгеріп кетеді. Әке-шеше мен басқа да жақындары жеткіншектің бойындағы өзгерістерге жіті мән беруі керек. Ал есірткіге баулитын адамдар психолог келеді. Олар балаға үйде не жетіспейді, соны бірден табады да сол арқылы оның жан айырмас досына айналады. Көпшілігінде ата-ана жұмысбасты болып, баласына уақыт таппайтын отбасылар мұндайға жиі ұшырайды», дейді психолог Марина Ахметжанова. Ол синтетикалық жолмен алынатын есірткіге тәуелділіктің тез қалыптасатынын алға тартты.

Мәселені зерттей жүріп, тілдескен мамандардың, қоғамдағы белсенді адамдардың бір нәрсеге барлығының бірдей келісетінін аңдадық. Ол – бұл дертке қарсы бірге қимылдау. Үкімет өз тарапынан қадағалауды күшейту мақсатында заңдық тұрғыдан есірткі тасымалымен, оны таратумен, сатумен айналысатындардың барлығының адымын аштырмай, заңды қатаңдатса, интернеттің орасан ықпалын пайдаланып, жеткіншектерді қызықтыратын пайдалы жобаларды кешенді түрде жүзеге асырса, қоғам мүшелері өз балам аман болса болды деген ойдан арылып, онымен күресте бірізділік танытса, мектеп, оқу орындары мен ата-ананың, баланың тығыз қарым-қатынасы орнаса дейміз. Баланың бүгін немен айналысып жүргенін білмей қалып, ертең бармақ тістегенше, әр баланың болашағы үшін біріге қимылдаса, есірткінің өрісі тарылады. Өйткені әр бала – өз әке-шешесінің ғана жалғасы емес, елдің болашағы. Ал ел болашағына қатысты істе бірікпесек болмайды.