Руханият • 05 Ақпан, 2021

Ұлылық сыры: Жамбыл мен Сәбит

869 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақтың ұлттық әдебиеті мен мәдениетінің тарихында Жамбыл Жабаевты жан-жақты білген, тығыз қарым-қатынаста болғандардың бірі – Сәбит Мұқанов. Ол Жамбыл шығармаларын жариялау және зерттеу ісіне үлкен үлес қосты. Ақын шығармаларының қашан, қалай хатқа түскені, жинақтарының құрастырылуы, өмірбаяндық материалдары қалай жиналғанынан бастап, ақындық жолының басталуы, ортасы (ұстазы, замандастары), шығармаларының жанры, тақырыбы, көркемдігі хақында бағалы еңбектер жазды. Жамбылдың салт жүріп, табиғат пен оның құбылыстарын, далада жайылған мал, жайқалған егінмен байланысты сәттерді көруге құмар болғандығын айтып, сезімін қозғаған көріністерді көркем сөзге айналдырған жырларының жазылып алынбағанына өкініш білдірген. 1946 жылы жарияланған Жамбыл шығармаларының толық жинағының жалпы редакциясын басқарып, алғысөзін жазған Сәбең ақынмен бірге жүрген кездерінде байқаған, ойға түйген жайларын естелік қылып айтып, оның шығармалары туралы ғылыми негізделген тұжырымдар жасаған. Жазушының Жамбыл туралы қазақша, орысша 15-тен астам ғылыми мақаласы республикалық газет-журналдарда басылды.

Ұлылық сыры: Жамбыл мен Сәбит

1978 жылы жарияланған «Өсу жол­дары­мыз» деген еңбегінде Жамбылдың суы­рыпсалмалық өнеріне жоғары баға берген. Ал оның портретінде өзіне-өзі таңғалып тамсанудан гөрі тарихи дерек, ғылыми тұжырым басым. Сәбит Мұ­қанов Жамбылға ғана емес оның тың­­даушысына да ерекше мән береді. «Жәкеңнің тыңдаушысы» деген сөздің де ерек­ше мағынасы бар. Оны «Бірнеше аудан­ болып отырған Шапырашты және оған көрші Дулат руларында Жамбылмен қатар жасаған бірде-бір адам жоқ екен. Осы екі руда Жәкеңнен кейінгі қарт ақындар дейтін Кенен мен Үмбетәлінің екеуі де Жәкеңнің алғашқы ұлдары – Қожамберді мен Қожаштан кіші екен. Сондықтан да Жәкеңнің шәкірттері саналатын, Жәкеңнің жырларын көп біледі дейтін Кенен, Үмбетәлі, тағы басқалар ұстаздарының айтыстарын ғана есте сақ­тап, өзге өлеңдерін өте аз біледі», деге­нін­дегі ақынның айналасы мен жақын ортасына мән бере зер салғанын аңғартады.

 Ақынға үкіметтік деңгейде көңіл бөліне бастауы 1936 жылдан басталады. Сол жылы апрель айында Алматы қаласында болатын қазақстандық бірін­ші ақындар слетінде Жәкең ерекше көзге түсті де, сол слеттен бастап, бұрын кең Қа­зақ­станның Алатау өлкесіне ғана мәлім Жә­кеңнің аты бүкіл Қазақстанға тарады» дегені сол шараның басы-қасында жүрген ұйымдастырушы қата­рының сөзі сияқты. Осы слет тек үкіметті ғана емес, әдеби ортаны да елең еткізгені аң­ғарылады.

Жамбыл Жабаевтың шығармашы­лығынан жақсы хабардар Сәбит төкпе ақын болғанмен, қағаз бен қаламға есе­сін жіберіп алған Жамбыл атамыздың хат­шылары қай жылдан қай жылға дейін кім болған дегенді де тасқа таң­ба басқандай етіп айтады. «1936-1938 жылдары ақынның қасында болып, жыр­ларын жазып алып отырған ақы­нымыз – Қалмақан Әбдіқадыров. 1938-1942 жылдардың арасында ақын Тайыр Жароков, 1942 жылдан бастап, Жәкең дүниеден көзін жұмғанша үнемі қасында болып, барлық жырларын жазып отырған ақынымыз – Ғали Орманов» дегені – тарих үшін таптырмас құжат. 1936-1941 жылдардың арасында Жамбылдың бар­лық жырларын орыс тіліне аударған – Павел Николаевич Кузнецов. Осы ең­бегі үшін 1940 жылы П.Н.Кузнецовқа «Құрмет белгісі» ордені берілді. Кейін П.Н.Кузнецов өзі сұранып майданға кет­кеннен соң, ақынның Отан соғысына арналған өлеңдерінің көбін орыс тіліне Марк Аркадьевич Тарловский аударды.

«Жәкеңнің 1936 жылы жазылып алын­ған жырдың саны – 16, өлең жолы – 1350 шамалы; 1937 жылы жазылып алынған жырының саны – 40, өлең жолы – 4500 шамалы; солардың ішінде «Клим батыр», «Өтеген батыр» сияқты ұзақ екі поэма бар», дейді. Бұл цифрлардан аңға­ратынымыз, егер жазып алушы кісі бол­са, Жәкеңнің жырды қалай өндіріп айта­тындығы еді. 92 жасында, бір жылда 4500 жолдай жыр айтқан Жәкең, 25, 30 жастарында бір жылда қанша жыр айта алғанын шамалауға болады. Кез келген дарынның қабілет-қарымы сатылап дамитыны сияқты, Жамбыл Жа­баевтың да бүкіл Жетісу еліне асқан даңқы жайылған тұсы Құлмамбетпен ай­тысып, оны жеңгеннен кейін екеніне де шығар­машылық портреттен қанықпыз. Бұл 1881 жыл. С.Мұқановтың айтуынша, айтыстың көлемі 600 жолдай. Осы айтыста Мұқанов екі жағдайға арнайы тоқтала кетуді жөн санаған. Оның бірі – «бұрынғы кездескен ақындармен сөз қағысудан әрі бармайтын, өзін ілгері ақындардың шәкірті көретін Жәкеңнің Құлмамбетпен айтысы – оның өзіндік ақын­дық бет ала білгендігін, есейген ақын болғандығын дәлелдейді» деге­нінде Жабаевтың айтыста шәкірттік қа­лыптан кәнігі шираған, мінезді ақын қал­пын қуана қуаттағанына куә боламыз. Ал «екіншіден, ол кездегі және одан бұрынғы қазақ ақындарының айтыс­тарынан ерекше орын алатын сарын – екі жақтың да өз руларының байларын мақтау болушы еді. Мына айтыста Құлмамбет сол ескі даңғылмен тарта жөнелгенде, Жамбыл тыңнан салған сүрлеудей бір жол тауып:

Адамдықты айт, ерлікті,

батырлықты айт,

Ел бірлігін сақтаған

татулықты айт,

деген бір шумақты мысалға келтіреді.

 Бұл себептердің біріншісінен Жам­был Жабаевтың шығармашылығына ака­демик жазушының зерделей, ой қорытып қарайтынын аңғару қиын емес. Ал екінші себебін жастайынан бай-манаптарды жек көріп өскен жетім Сәбитке ақын байларда кеткен есесін алып бергендей әсер етеді.

Алып ақынның күнделікті тіршілікте аяқасты шығарылған ұсақ өлеңдерінен бастап, айтулы айтыстары да назардан тыс қалмаған. Мұқанов Жамбыл туралы зерттеуінде ақынның жатқа айтатын үлкен жырлардың оқиғасын, уақытын тарихпен байланысты баяндайды.

Біздің айтпағымыз, Жәкеңнің қай жылы қанша жыр айтқанын есептеу емес, оның революциядан бұрын, тіпті 1936 жылға дейін айтқан жырларының көбі ұмытылғанын оқырман есіне салу. 1936 жылдан бастап, қазақ газеттері мен орыс және басқа бауырлас елдер тілінде ақынның жыр жинақтары кітап болып шыға бастады. 1936 жылдан бас­тап, Жәкеңнің революциядан бұрын һәм кейін шығарған жырларын құрастыру міндеті Жазушылар Одағына жүктеледі. Жамбыл Жабаевтың жырларын жазып алуға Жазушылар Одағынан Әбділда, Қалмақан, Тайыр, Ғали сияқты қазақ жазба поэзиясының көрнекті ақындарын бөлуі де осыдан.

I том жарияланғаннан кейін, онда­ғы олқылықтарды көрген одақ ақын­ның өмір­баяндық материалдарын жинай тү­су­ге, революциядан бұрынғы жыр­ла­ры­нан Жәкеңнің есінде қалғанын жа­зып алуға кірісті. Осы игілікті жұ­мыс бастала бергенде, Ұлы Отан соғысы­ның өрті лаулады. Отаншыл ақын Жә­кең жастың қайратын бойына жинап, Отан қорғау тақырыбына жыр арты­нан жыр шығарады. Ал ескі жырларын еске түсіруге ақында уақыт болмады. Сондықтан соғыс жылдарын­да Жәкең­нің қасында болған Ғали Орманов көп уақы­тын ақын өлеңдерін жазып алуға жұмсады. Және Ғалидың табысы да аз болған жоқ. Ол Жәкеңнің революциядан бұрын айтқан ұсақ жырларынан 40 шақтысын жазып алып, Айкүміспен айтысын, Нұриламен ақын­дардың айтысын және Жамбылдың берген төрелігін тапты. Бұлардың бәрі – Жәкеңнің ақындық бейнесін айқындай түсуге аса қажетті материалдар еді.

Жәкең ақындығының үстіне шебер әңгімешіл кісі еді. Қазақ елінің, көр­ші­­лес шығыс елдерінің басынан өткен кей­бір қызғылықты оқиғаларды айтқанда, тыңдаушылар көркем повесть, я роман оқығандай күй кешетін. Бірақ өкініштісі, сол әңгімелердің ешқайсысы жазып алынбады.

Ұлы ақын Жамбыл Жабаев еліне рухани сарқылмас қазына, асыл мұра қалдырды. Ол, міне, өз халқымен 175 жыл бірге өмір сүріп, дүлдүл ата қалпымен поэзия көшін бастап келеді. Уақыт өткен сайын ол мұраның бағасы шексіз арта түсетіні сөзсіз.

 

Салтанат ЖАМБЫЛОВА,

Жамбыл Жабаев әдеби мемориалды музейінің меңгерушісі