Әлем • 05 Ақпан, 2021

Басшылар үлгісі сұранысты көбейтті

279 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Адамзат баласының даму тарихында жұқпалы ауруларға қарсы екпе салуды көне қытай, үнді, грек емшілері қолданған көрінеді. Жалпы 1796 жылы ағылшын дәрігері Эдвард Дженнердің екпе еге бастауынан бүгінге дейін дәл қазіргі COVID-19 індетіне қарсы вакцинадай жылдам табылған препарат болған емес.

Басшылар үлгісі сұранысты көбейтті

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Жер жүзіне жаман індет тар­ағалы бүкіл әлем ғалымдарында тыным бол­ған жоқ. Түрлі деректерге қарағанда, жаһанда 209 вакцина белсенді зерттелу үстінде. Оның ішінде біздің отандық 2 вакцина да бар. ДДҰ сайтында 169 үміткер вакцина әзірленіп, оның 26-сы адамдарға қолданумен жүретін клиникалық зерттеу сатысында екен.

Жалпы вакцинаның ағзаға әсері қалай жүреді? Қарапайым тілмен айтқанда, жаттығу тренажері тәрізді вакцина егілген соң ағзаны вируспен күреске жаттықтырады. Mededsupportkz қоғамдық қоры­ның басшысы, биофизика ғылым­дарының PhD докторы, Назарбаев университетінің профессоры Дана Ақылбекованың айтуынша, вакцинаны зерттеу бір ғана елдің емес, түрлі климаттық ерекшелігі бар мемлекеттер азаматтарының қатысуымен, түрлі нәсілде және түрлі ортада жүргізілуінің маңызы өте зор. Себебі сол арқылы вакцинаның барлық адамға тиімділігі қаншалықты екені бел­гілі болады. Сондықтан тәжі­рибе­лерге көптеген мемлекеттен ерік­тілердің қатысуы – вакцина әсерін анықтаудың тиімді жолының бірі.

ДДҰ сарапшыларының мақұл­дауы­мен қолданысқа жолдама алып, бүгінде егіліп жатқан вакцинаның бірі – Оксфордтық AstraZeneca вакцинасы. Әлсіретілген вирустан алынған вакцина егілген жандардың бойында жақсы иммундық қабілетті туғызады делінген өнімнің жеткізілуі мен сақталуында онша қиындық жоқ. Бұл 4 градус төмен қалыпта тоңазытқышта бүлінбейді, қасиетін жоғалтпайды.

Екіншісі – BioNTech биотех­ноло­гиялық компаниясы жасаған америка-неміс бірлескен вакцинасы. Бұл – ғылымдағы жаңа жоба. Себебі ол РНҚ-лық. Мұнда вирустың өзі емес, өте кіш­кен­тай РНҚ-ның бір фрагменті алынып, ағзаға түскенде ауруға қарсы иммундық күштер­ді қозғайды. 43 мың ерікті қаты­­сып жасалынған бұл вакцинаның тиім­ділігі жоғары – 90 пайыз. Бірақ оны сақ­таудың жолы күрделі. Суықтығы 20 градус тоңазытқышты талап ететін көрі­неді. Жалпы мұндай РНҚ-лық вакцина бұрын-соңды қолданылып көрген емес.

Үшіншісі – ресейлік ғалымдар жасаған «Спутник-V». Тәжірибелік жұ­мыс­тары Беларусь, Венесуэла, Үнді­стан елінен 40 мыңнан аса еріктінің қа­ты­суымен жүрген, тиімділігі 90 пайыз шамасында делінетін вакцина ақпан айының басынан біздің елімізде егіле бастады. Сақталуы қолайлы, қарапайым тоңазытқышта тұра береді.

Сонымен алғашқы вакциналар­мен егу басталғалы өздері үлгі бол­ғысы келген бірқатар мемлекет басшы­ларының екпе салдыруы әсер етті ме, бүгінде препараттарға сұраныс молай­ған көрінеді. Атап айтқанда, осыған дейін 2021 жылы 1 млрд доза вакцина шығаруды көздеген BioNTech 1 ақпан күні оның мөлшерін тағы да 1 млрд-қа арттыратынын хабарлады. BioNTech өз сайтында Бельгияда орналасқан вакцина шығаратын зауыттың толық жаңартудан өткізіліп болғанын да сол күні жария етті.

Германия канцлері Ангела Меркель федералды аймақтардың басшы­лары қатысқан кеңестен соң биыл жаздың соңында барлық аза­мат вакцина алып болатынын мәлім­деп, өз жұртының Pfizer, Moderna және AstraZeneca вакциналарымен егі­летінін жеткізді. «Егер аталған ком­па­ниялардың бірі вакцина жет­кізу­ді уақытында орындай алмаса, вак­циналауға қажетті дозалар жетіспей қалуы мүмкін» деді канцлер.

Ал Италияда халықтың 1 пайызы – 648 640 адам екі кезеңнен тұратын вакцина салдырудан өтіп болыпты.

Ресейдің Гамалея атындағы орта­лығында дүниеге келген «Спутник V» клини­калық зерттеулер барысында жоғары дәрежеде антидене және ағзаның иммундық қорғанысын қалыптастырып, ешқандай теріс жағдайлар байқалмаған. Бүгінде әлемнің 50 мемлекетінен 1,2 млрд дозасына сұраныс түскен. Ал отан­дық вакцина болса, әлі зерттеудің үшінші сатысын аяқтаған жоқ.