Қазақстанның әлемнің 100 елін қамтыған Интегралды қуат жөніндегі жаһандық рейтинг бойынша 34-ші орынға шығуы – қуанарлық жағдай. Халықаралық рейтингтегі бұл көрсеткішіміз біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды айғақтайды. Оның үстіне еліміздің жетістіктері бір күнде бола қалған жоқ, ол – үздіксіз ізденістер мен қарымды еңбектің нәтижесі.
БАҒЫТЫМЫЗДЫҢ ДҰРЫСТЫҒЫН АЙҚЫНДАҒАН РЕЙТИНГ
Қазақстанның әлемнің 100 елін қамтыған Интегралды қуат жөніндегі жаһандық рейтинг бойынша 34-ші орынға шығуы – қуанарлық жағдай. Халықаралық рейтингтегі бұл көрсеткішіміз біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды айғақтайды. Оның үстіне еліміздің жетістіктері бір күнде бола қалған жоқ, ол – үздіксіз ізденістер мен қарымды еңбектің нәтижесі.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев еліміз тәуелсіздігін алған күннен бастап Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы өз орнын табуы үшін тер төге жұмыс істеп келеді. Жүретін жолымыз қайсы, нендей мүмкіндіктеріміз бар немесе базамыз қандай болуы тиіс деген сауалдарға жауап беретін «Қазақстан-2030» Стратегиясының өмірге келуі еліміз дамуы бағытын айқындап берді. Бұрынғы кеңестік жүйеде «белгісіз ел» болып келген Қазақстан қазір әлемнің белді де белсенді ойыншысына айналды.
Өзінің бейбітсүйгіш ұстанымымен әлемдік қоғамдастыққа интеграцияланып келе жатқан еліміздің ең бір айшықты ісі ретінде «Семей» сынақ полигонын жауып, ядролық қарудан бас тартуын ерекше атап өту керек. Еліміз өзінің «Қазақстан-2030» Стратегиясын жариялаған кезде онымен жан-жақты танысып шыққан көптеген шетелдік сарапшылар басында сеніңкіремеген де еді. Бірақ араға біраз уақыт салып, алғашқы нәтижелер шыға бастаған кезде олар Қазақстанның келешегі жарқын, әлеуеті мол ел екеніне көздерін жеткізе бастады. Және де алдағыны жоспарлай алатын елдер санатына қосты.
Біріккен Ұлттар Ұйымының адамзаттық құндылықтарға құрылған саясат ұстанатыны белгілі. Соның ішінде «Қазақстан-2030» Стратегиясын мерзімінен бұрын жүзеге асырған еліміз енді 2050 жылға дейінгі даму жолын жоспарлап алды. Сондықтан түрлі көрсеткіштері бойынша Қазақстанның Интегралды қуат жөніндегі жаһандық рейтинг бойынша 34-ші орынға ие болуы заңды деп айтуға негіз бар. Халықаралық рейтингтік орталықтар еліміздің әдемі жазылған стратегиялық құжаттары негізінде емес, іс жүзінде орындалған міндеттері мен мақсаттарына қарап шешім шығаратыны белгілі.
Әрине, сонымен қатар, соңғы кездері көрініс бере бастаған әлемдегі қауіп-қатерлерге қарсы тұруда еліміздің ұстанған саясаты құптарлық әрі қолдауға лайық. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев жаһандық лидер ретінде Қазақстанның ұстанымын халықаралық мінберлерде ашық айтып келеді. Жалпы, өзімізде немесе шет елдерде жүзеге асып жатқан көптеген халықаралық іс-шаралар барысында Қазақстанның алдыңғы қатарлы ел екені көрініп тұрады.
Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу мүмкіндігі зор. Ол үшін, әрине, барлығымыз жұмыла осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Қазақта «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демеуші ме еді. Сондықтан 2050 жылға дейін үш негізгі мақсатымызды жүзеге асыра білуіміз шарт. Жаңа инновациялық экономика құру, мол жерасты қазба байлықтарымызды сарқымай, келесі ұрпаққа қалдыру, дүние жүзіндегі озық жаңалықтарды әкеліп, пайдалану басты ұстанымымыз болуы қажет. Халықтың әл-ауқатын арттыру үшін жаңа жоғары стандарттар енгізу де басты мақсатымыздың бірі. Егер осыларды жүзеге асыра алсақ, онда отыздықтан ойып тұрып орын алуымызға мүмкіндігіміз жеткілікті.
Қорыта айтқанда, Қазақстан – болашағы зор ел.
Бірғаным ӘЙТІМОВА,
Сенат депутаты.
Өмір және өлең
БІРЛІК ЖЫРЫ
Бұтағы жоқ қонатын, шалдыққанда талып кеп,
Үміті жоқ алдында, шақыратын жарық боп.
Тауға соғып маңдайын, тасқа тіліп табанын,
Отан деген бір сөзге, зар боп жүрген халық көп.
Тәубе қылам Тәңірге, мен соларды көрем де,
Ел бақытын бүгінгі арқау етем өлеңге.
Президенті елімнің, жол басшысы Алаштың,
Жиырма жылда паш еткен қазағымды әлемге!
Қыранға ұқсап аспанда қалықтаған халықпыз,
Болашағын бағамдап, парықтаған халықпыз.
Береке мен бірлігін, мынау байтақ даланың,
Аманат қып бүгінге алып қалған халықпыз!
Айналаға қарап-ақ, болып жатқан сұмдықтың,
Не екенін ұққанбыз, бірлігі жоқ тірліктің.
Жүз, руға бөлінбей, ұлт пен ұлыс барлығы,
Ел болатын күн туды, туы астында бірліктің.
Бақытбек СМАҒҰЛ,
Мәжіліс депутаты.
Фотокүнделік



Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.
ТЕРГЕУ САЛАСЫ ҚАМҚОРЛЫҚ КҮТЕДІ
Мемлекет басшысы 2012 жылғы 14 желтоқсанда «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында жария еткен негізгі міндеттердің бірі ұлттық құқықтық жүйені жаңғыртудың кезекті кезеңін қылмыстық және қылмыстық-іс жүргізу заңнамасын алдағы реформасы шеңберінде бастау қажеттілігі болды. Аталған тапсырма шегінде Үкімет жақында Парламентке Қылмыстық және Қылмыстық-іс жүргізу кодекстерін енгізді.
Өз кезегінде, кодекстерді жан-жақты талқылау үшін іле-шала Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті «Қылмыстық құқық пен процестің конституциялық-құқықтық проблемалары» атты конференция өткізген болатын. Конференция жұмысына Парламент палаталарының депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғалымдар қатысты.
Қылмыстық және қылмыстық-іс жүргізу заңнамаларын талқылай отырып, конференцияға қатысушылар олардың шешімінсіз жаңа кодекстердің негізгі мақсаттары толық мөлшерде жүзеге асырыла алмайтын тәжірибелік мәселелерді де көтерді. Кодекстердің жобаларында іске асырылатын жұмыстарды қаржыландыру, сондай-ақ, әзірлік-ұйымдастыру шараларының кешенін өткізу үшін қажет болатын материалдық шығындардың нормалары көзделген.
Мәселен, тәжірибеде жеткіліксіз материалдық-техникалық қамсыздандыруға байланысты ішкі істер органдарының қызметкерлері тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде жеке ұялы телефондарын, кәсіби емес бейнекамераларды пайдалануға мәжбүр, ал олар осы мақсатқа бейімделмеген. Сонымен бірге, ІІМ ақпараты бойынша жергілікті бюджет қаражаты есебінен барлығы 1097 бейнекамера сатып алыныпты.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру және қылмыстық процестегі заңдылықтың кепілдіктерін күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң 2,5 жылдан астам уақыт бұрын қабылданса да, қаржыландырудың жоқтығына байланысты сотталғандарға да, тергеуде жүрген адамдарға да қатысты «электронды білезікті» қолдану туралы норма әлі де «жұмыс істемейді».
1997 жылғы 16 шілдедегі қолданыстағы Қылмыстық кодексті енгізген кезде қамауға алу түріндегі жазаны «қамауға алу үйлерінің» құрылуына қарай, бірақ 2008 жылдан кешіктірмей орындау жоспарланды, яғни оларды 10 жыл ішінде салу мүмкіндігі берілді. Кейін жазаның бұл түрі толығымен жойылды, себебі, осы уақыт ішінде бірде-бір тиісті мекеме салынған жоқ. Жаңа ҚК жобасымен жазаның бұл түрі қайтадан енгізіледі. Бұдан басқа, ол қазір әкімшілік қамау шеңберінде көзделген 45 тәулік емес, 6 айға дейін қолданылатын болады. Болжауға сәйкес ІІМ жыл сайын 125 мыңнан астам адамды қамауға алып отырады. Бұл аталған адамдарды орналастыруға байланысты өте үлкен проблема туғызады. ІІМ мәліметтеріне сәйкес жалпы республика бойынша 7850 төсек-орын үшін 95 қамауға алу үйлерін салу қажет, оларды салуға жұмсалатын жалпы қаржылық қажеттілік 104 млрд.-тан астам теңгені құрайды. Бұл мәселенің оң шешімінсіз жазаның бұл түрін жүзеге асыру мүмкін болмайды.
Жаңа ҚІЖК жобасына сәйкес тергеудің басы өтінішті немесе қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабарламаны тіркеу не бірінші өткізілген жедел тергеу әрекеті болады. Демек, бүгінгі барлық бас тарту материалдары автоматты түрде толық және объективті тергеуді талап ететін қылмыстық істерге айналады. Бұдан басқа, ҚК жобасына бұған дейін көзделмеген жаңа 25 бап қосымша енгізіліп отыр.
ІІМ болжап отырғандай, ішкі істер органдары жыл сайын 1 млн.-нан астам қылмыстық істі тергейтін болады. Салыстыру үшін айтсақ, 2012 жылы ІІМ өндірісінде 250 мың іс болды және бұл ретте тергеушілер мен анықтаушыларға түскен жүктеме республика бойынша белгіленгеннен үш есе, ірі өңірлерде одан да көп, ал Астанада сегіз есе көп.
Сонымен бірге, егер жаңа ҚІЖК-ге сәйкес ІІМ өндірісінде 1 млн.-нан астам қылмыстық іс болса, онда әрбір тергеуші мен анықтаушыға жылына 223 іс, айына 20-дан астам іс келеді екен.
Сондықтан бүгінгі күні тергеушілер мен анықтаушылардың саны – 4469 (тергеу – 3319, анықтау – 1150), қылмыстық істердің жаңа ауқымын тергеу үшін штаттық санды ұлғайту туралы мәселені тағы бір рет зейін салып қарау қажет.
Қазіргі кезде ішкі істер органдары тап болып жүрген келесі бір басы ашық проблема – сараптамалық мекемелердің материалдық-техникалық жағынан әлсіз жарақтандырылуы, сот сарапшылары мен ғимараттардың жетіспеушілігі. Әсіресе, сот-медициналық сараптама тағайындалған кезде бұл проблема өткірлене түседі. Республикада мұндай зерттеулерді өткізуге уәкілетті жалғыз орган – Денсаулық сақтау министрлігінің «Сот медицинасы орталығы» республикалық мемлекеттік қазынашылық кәсіпорны 18 аумақтық бөлімшелері арқылы (филиалдары) қызмет етеді, олардың өзі жеткіліксіз. Жаңа Қылмыстық кодексті қабылдаумен сот-медициналық сараптама жүргізудегі қажеттілік бірнеше есеге өседі, себебі, «Медициналық құқық бұзушылықтар» жаңа тарауы енгізіледі, оларды дәлелдеу үшін көптеген күрделі сараптамалар өткізу қажет болады. Әзірге бұл проблема өз шешімін таппай тұр.
Осыған байланысты, яғни тергеу аппаратының шектен тыс жүктемесі кезінде заңдардың нақты орындалуын, қылмыстық қол сұғушылықтардан зардап шеккен азаматтардың конституциялық құқықтары мен мүдделерінің мүлтіксіз сақталуын кепілдендіру оңайға соқпайды.
Мемлекет басшысы қылмыстық заң мен қылмыстық сот ісін жүргізудің жаңа үлгілеріне көшудің мерзімін нақты белгіледі. Ол – 2015 жылдың қаңтары. Сондықтан аталған проблемалар көп созбай, шұғыл шешуді талап етеді.
Серік АҚЫЛБАЙ,
Сенат депутаты.
МАҚСАТТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Парламент Сенатында заңнамаға мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы таныстырылды. Сенаторлар алдында заң жобасы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндама жасады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Оның айтуынша, заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасын және Біртұтас экономикалық кеңістік аясындағы Мемлекеттік сатып алу туралы келісім бойынша халықаралық міндеттемені орындау үшін және құқық қолдану тәжірибесінің қорытындыларына сәйкес әзірленген болатын. Құжат бәсекелестікті, сатып алулардың тиімділігін арттыруға және сыбайлас жемқорлықты төмендетуді қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұл түзетулерде Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушысын құру көзделіп отыр. Бірыңғай ұйымдастырушы республикалық деңгейде 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап және жергілікті деңгейде 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істейтін болады.
Жоғарыда аталған келісімді орындау мақсатында жобамен 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап ұлттық режім енгізіледі. Ол мемлекеттік сатып алуға отандық өнім берушілермен тең жағдайларда шетелдік өндірушілердің де қатысуын көздейді.