Қазақ елі кезінде бастарына күн туып, жер ауып келген кімдерге пана болмады?!. Қазір солардың бәрі қасиетті Қазақстанның босағасында емес, төрінде отыр. Тұрмыстары да ешкімдікінен кем емес.
Қырғыз бауырлар да қазақпен төскейде малы, төсекте басы қосылып, құда-жекжаттығы жарасқан жұрт. Сондықтан таяқ тастам жердегі ашынған ағайындардың билікке деген талап-тілектерін түсініп және Бішкектегі орын алған қантөгіс пен тәртіпсіздікке қабырғамыз қайыса отырып, “ашу — дұшпан, ақыл — дос” деген ата-бабалар өсиетін еске алдым.
“Сабыр түбі — сары алтын”. Бассыздықтан гөрі басалқалы іспен айналысқан кісі ұтады. Ел билігін қолға алған тарап енді бауырларының жағдайын түзеуге тезірек кіріссе екен деген де ниетімді жасырмаймын.
Неге? Себебі, іргедегі ел ішінен бүлініп жатқанда ешкім бейжай қарап отыра алмайды екен. Оның үстіне “Көршінің ақысы — құдайдың хақысы” деген де сөз бар. Менің разы болғаным, осы азаматтық мәселеде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев білікті саясаткер, адамгершілігі зор тұлға және ағайынды екі елдің елгезек перзенті ретінде тамаша қырынан танылды. АҚШ Президенті Барак Обама, Ресей Президенті Дмитрий Медведев “үштігі” ши шыққан шетін саясаттың шырмауынан жол тауып, Бакиевті елден кетуге көндірді. Ал қарсы тарапты қарсылық жасамауға шақырды. Сөйтіп, ушыққан мәселенің ар-жақ, бер-жағын тереңнен ойлап, кеңінен пішетін сарабдал саясаткерлер ашу-ызаға булыққан тараптардың тілін тапты.
Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тағы беделді жиында жүргеніне қарамастан, Қырғызстандағы уақытша үкімет басында отырғандармен және олардың бұрынғы басшысымен жиі сөйлесіп, бауырлас халықтың әлемдік қоғамдастық алдында беделі түспеуін ойлады. Қырғыз ағайындардың да ел болып, етек жауып кететініне сенді.
Дана халқымыз “қолың көтере алмайтын шоқпарды білегіңе қыстырма” деген. Ал Қазақстан осы араағайындық іс-әрекетімен-ақ ЕҚЫҰ төрағасы деген құрметті атқа лайық екенін дүние жүзіне дәлелдеді. Елбасымыздың әбжіл іс-қимылының нәтижесінде қырғыз халқы азаматтық соғыстың лап ете жаздап тұрған өртінен аман қалды. Басына іс түсіп жатса да басасаулық танытып, мінез көрсеткен басшыны да сабасына түсірді. Ол Қазақстанға келген соң ел билігінен кететінін ресми түрде мәлімдеді. Туысқан елдердің арасындағы жанашырлық, араағайындық, міне, осындай жанашырлықтан көрінеді. Бұл – ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырған Қазақстан Республикасы мен оның Елбасын мақтаныш тұтатын алты алаш үшін үлкен мәртебе.
“Бір аштықтың бір тоқтығы бар”. Алатоодағы айыр қалпақты ағайынның ауылында да той болса екен деп тілейік.
Балтабай БАЙДІЛДАЕВ, Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Жамбыл облысы.