21 Сәуір, 2010

АШУ — ДҰШПАН, АҚЫЛ — ДОС

1075 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақ елі кезінде бастарына күн туып, жер ауып келген кімдерге пана болмады?!. Қазір солардың бәрі қасиетті Қазақстанның босаға­сын­да емес, төрінде отыр. Тұрмыс­тары да ешкімдікінен кем емес. Қырғыз бауырлар да қазақпен төскейде малы, төсекте басы қо­сы­лып, құда-жекжаттығы жарасқан жұрт. Сондықтан таяқ тастам жер­дегі ашынған ағайындардың би­лік­ке деген талап-тілектерін түсініп және Бішкектегі орын алған қан­төгіс пен тәртіпсіздікке қабырғамыз қайыса отырып, “ашу — дұшпан, ақыл — дос” деген ата-бабалар өсие­тін еске алдым. “Сабыр түбі — сары алтын”. Бас­сыз­дықтан гөрі басалқалы іспен ай­налысқан кісі ұтады. Ел билігін қол­ға алған тарап енді бауыр­ла­ры­ның жағдайын түзеуге тезірек кі­ріс­се екен деген де ниетімді жасыр­май­мын. Неге? Себебі, іргедегі ел ішінен бүлініп жатқанда ешкім бейжай қарап отыра алмайды екен. Оның үстіне “Көршінің ақысы — құдайдың хақысы” деген де сөз бар. Менің разы болғаным, осы азаматтық мә­селеде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев білікті саясаткер, адамгершілігі зор тұлға және ағайынды екі елдің ел­гезек перзенті ретінде тамаша қы­ры­нан танылды. АҚШ Президенті Барак Обама, Ресей Президенті Дмитрий Медведев “үштігі” ши шық­қан шетін саясаттың шыр­мауы­нан жол тауып, Бакиевті елден кетуге көндірді. Ал қарсы тарапты қарсылық жасамауға шақырды. Сөйтіп, ушыққан мәселенің ар-жақ, бер-жағын тереңнен ойлап, кеңінен пішетін сарабдал саясат­кер­лер ашу-ызаға булыққан тарап­тардың тілін тапты. Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тағы беделді жиында жүргеніне қа­ра­мастан, Қырғызстандағы уақыт­ша үкімет басында отырғандармен және олардың бұрынғы басшы­сы­мен жиі сөйлесіп, бауырлас ха­лықтың әлемдік қоғамдастық алдында беделі түспеуін ойлады. Қырғыз ағайындардың да ел болып, етек жауып кететініне сенді. Дана халқымыз “қолың көтере алмайтын шоқпарды білегіңе қыстырма” деген. Ал Қазақстан осы араағайындық іс-әрекетімен-ақ ЕҚЫҰ төрағасы деген құрметті атқа лайық екенін дүние жүзіне дәлелдеді. Елбасымыздың әбжіл іс-қимылының нәтижесінде қыр­ғыз халқы азаматтық соғыстың лап ете жаздап тұрған өртінен аман қалды. Басына іс түсіп жатса да бас­асаулық таны­тып, мінез көрсеткен басшыны да сабасына түсірді. Ол Қазақстанға келген соң ел би­лігінен кететінін ресми түрде мәлімдеді. Туысқан елдердің ара­сындағы жанашырлық, араағайын­дық, міне, осындай жанашыр­лықтан көрінеді. Бұл – ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырған Қазақстан Республикасы мен оның Елбасын мақтаныш тұтатын алты алаш үшін үлкен мәртебе. “Бір аштықтың бір тоқтығы бар”. Алатоодағы айыр қалпақты ағайын­ның ауылында да той болса екен деп тілейік. Балтабай БАЙДІЛДАЕВ, Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Жамбыл облысы.